Жамбылда не жаңалық?

Аида Балаева Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында тараздықтармен кездесті, деп хабарлайды aqjolgazet.kz

Жиында баяндама жасаған ведомство басшысы салада атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Алдымен ақпарат саласындағы өзгерістерді атап өткен Аида Балаева елімізде 4900-ден аса бұқаралық ақпарат құралдары бар екенін айтты.

Сонымен қатар «Масс-медиа» заңындағы ерекшеліктер мен әлеуметтік желідегі жарнамалар бойынша блогерлердің қызметі заңмен реттелгенін түсіндірді. Осы ретте министр ғаламторда жалған ақпарат тарататындар көбейгенін, соның салдарынан 200 мыңға жуық дерек анықталғанын жеткізіп, сенімді дереккөздерге иек артуға шақырды.

Бұдан соң Аида Ғалымқызы мәдениет саласында қолға алынған жұмыстар мен жаңашылдықтарды атап өтті. Министрлік ұстанған басым бағыт – қызметтерді цифрландыру. Бұл бойынша E-muzeum веб-порталы іске қосылып, мемлекеттік музей қорының 65 мыңнан астам экспонаты мен 275 жәдігері туралы ақпарат көпшілікке қолжетімді болып отыр. Сонымен қатар «Е-архив» жүйесі арқылы 2 миллионнан астам құжат цифрлық форматқа көшірілген.

Мұнан кейін Аида Балаева Айша бибі, Қарахан кесенелерінде көрсетілетін қызметтерді толық цифрландыру жұмыстары басталғанын айтты. Өйткені, мұнда келушілер саны жылдан жылға артып жатыр. Тиісінше түсетін табыс көлемі де еселенген. Соңғы уақытта киелі орынға зиярат етушілерден түсетін қаржы үш есе көбейген.

Басқосуда А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрына академиялық статус беру мәселесі де қозғалды. Ведомство басшысы бұл бойынша нақты шешімді республикалық комиссия қабылдайтынын айтты.

Айта кетейік, еліміз бойынша ҮЕҰ саны 2,5 есе артса, волонтерлік ұйымдардың саны 3 есе өскен.

Жиын барысында жергілікті тұрғындар министрге мәдениет ошағын салу, әдеби кітаптар шығару, қолөнершілерді қолдау сынды көкейде жүрген сауалдарын жолдап, ұсыныстарын жеткізді.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әр сауалға толық жауап беріп, ұсыныстар заң аясында қарастырылатынын атап өтті.