Жаңалықтар

Өрт сөндіру көлігін жүргізу де өнер

Көшеде дабылы жер жарып тұсымыздан өтіп бара жататын алып қызыл көлік – көз үйренген көрініс. Бірден бір жерде өрт болып жатыр деп ойлайсыз. Бұл өрт сөндірушілердің көлігі басқаруы ең қиын көліктердің бірі. Олай болатыны – оның тым үлкендігі ғана емес, оның арқасындағы алып автоцистернада су бар.

Әдетте цистерналы көліктер баяу қозғалады. Мен өрт көлігін жүргізушімін. Осы қызметте жүргеніме он жылдан асты. Бензин, май, цемент тасушылар қауіпсіздік сақтау үшін және бір жағына ауып кетпеу үшін барынша абайлап, ақырын қозғалуға мәжбүр. Және оларда осы арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкіндігі бар. Ал, өрт сөндірушілерде ондай мүмкіндік болмайды. Цистернаның ішінде ең кем дегенде 5 тонна су болатынын ескерсек, одан бөлек қаншама құрал-сайман мен өрт сөндіру бригадасының бірнеше мүшесі отыратынын есепке алсақ, бұл дегеніңіз нағыз қауіпті сапар, қатерлі жүріс. Көлік маневр жасаған сайын көлік шайқалады, көлік шайқалған сайын су шайқалады, бұл өз кезегінде өрт сөндіру көлігінің тепе-теңдігін бұзып алуына әкелуі мүмкін. Ал, жазым болып, өрт сөндіру көлігі аударылып қалса, одан тек өрт сөндіру бригадасы ғана зардап шекпейді, оларды екі көзі төрт болып, асыға күтіп отырған өрт болып жатқан аймақ та зардап шегеді. Өйткені, өрт күшейіп барады, ал көмекке келе жатқан топ орта жолда өздері көмекке зәру күйге түскен. Ал, өрт сөндірушілердің басты міндеті – оқиға орнына тез жетіп, жағдайды тұрақтандыру. Олар келмесе тек өрт болып жатқан ғимарат қана емес, оның айналасы зардап шегуі мүмкін. Өрт тарайды немесе өздігінен өрт сөндірем деп жүрген қарапайым азаматтар жазым болуы да ғажап емес. Сол себепті, өрт сөндірушілер мен өртке ұшырағандардың тағдыры көп жағдайда негізінен осы алып қызыл көліктің жүргізушісіне байланысты. Оның шеберлігі көп нәрсені шешеді.

Жалпы, өрт сөндіру көлігінің аударылып қалуы сирек кездесетін жағдай. Себебі, оның жүргізушілерін іріктеу арқылы қабылдайды және олар ылғи да жаттығу жасап отырады. Себебі, қай кезде де сақадай сай, жорыққа дайын болуы керек. Өрт туралы хабарлама келіп түскен сәттен бастап, минут ішінде жол үстінде кетіп бара жататын көлік жүргізушісі бір сәтке де қырағылығын жоғалтпауға тиіс. Оған қауіпті маневр жасауға рұқсат етілмейді, ол бар болғаны жол сұрауы мүмкін, абайлап айналып өтуі мүмкін, бірақ, жолсызға түсіп, қауіпті жол бөліктерімен жүру қауіпті. Не істемек керек, арбаны сындырмай, өгізді өлтірмей, жүріп отырып, діттеген жерге жетуге тырысады. Ал, сәл ғана қателік үлкен трагедияға ұрындыруы мүмкін. Оның себебін жоғарыда айттық.

Бұрыннан қалыптасқан дәстүр, өрт сөндірушілер арасында сайыс, жарыс өтіп тұрады. Олардың да өз араларында чемпиондар бар. Олардың арасында әлем чемпионы бар. Бұл тура өрттің ішіне кіретін жауынгерлердің арасындағы жарыс. Көлік жүргізушілері арасында да арнайы жарыстар өтіп тұрады. Осының өзі-ақ көлік жүргізушісі мамандығының қаншалықты маңызға ие екенін көрсетсе керек. Өрт сөндіруші көлігінің жүргізушілері өрт аймағына барған соң, суы 5-ақ минутта таусылады. Соншалық қысыммен үрлегенде 5-10-25 тонна су қас қағым сәтте таусылады. Көлік жүргізушісі енді сол маңдағы ең жақын су көздеріне қарай асығады. Ол жаққа барған соң, кері қайту керек, әр аттаған қадам қауіпті. Ол осылай бір сапарда бірнеше мәрте барып-келуге мәжбүр болуы мүмкін. Одан бөлек, өрттің бәрі тек тегіс жерде бола бермейді және өрт аймағына ең жақын, ең оңтайлы қашықтықты табу да оңай болмайтын жағдайлар ұшырасады.

Ерекше қиын өрттерде іске қосылатын ең үлкен көліктердің салмағы 40 тоннаға дейін жетеді, ол бір орында тұрса асфальтталған жолдың өзін отырғызып жібереді. Ал, ондай салмақтағы көлікті жүргізудің өзі қандай қиын болатыны айтпаса да түсінікті. Сондай кездерде де көлік жүргізушілерінің шеберлігі сынға түседі. Өрт оқиғасы орын алғанда жылдамдықпен оқиға орнына лезде жету – бізге парыз. Мен өз парызымды адал атқарудамын.

Заңғар ҚЫЗҒЫЗБАЕВ,

№1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің көлік жүргізушісі.