Жүкті әйелдерге кеңес беретін орталық ашылды
Жаратқанның әйел затына берген ерекше бақыты – дүниеге ұрпақ әкелу. Өмірге дені сау бала әкелу үшін анасына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Оның әрбір іс-әрекеті, ішкен ас-суы, тіпті көңіл-күйі де құрсақтағы шарананың болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан, дәрігерлер құрсақ көтерген әйелдерге бірден дәрігердің есебіне тұрып, маманнан кеңес алып, жиі қаралып тұруды ескертеді. Кейде қым-қуыт тірліктің ізінде жүріп, уақытында дәрігерге қарала алмайтын келіншектер де бар. Осы жағдайды ескере келе тараздық ақ халаттылар жүкті әйелдерге кеңес беретін орталық ашты.
Тараз қаласындағы «Almaz Medical Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің емханасында жаңадан ашылған бөлімше заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Мұнда жоғары білікті мамандар қызмет көрсетеді.
Салтанатты ашылу рәсіміне облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек қатысып, жаңа орталықтың маңыздылығын атап айтты.
Жаңа бөлімшеде аяғы ауыр келіншектердің игілігі үшін акушер - гинекологтар , ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) мамандары, отбасын жоспарлау жөніндегі кеңесшілер қызмет атқарады. Сонымен қатар мұнда болашақ аналар үшін арнайы мектеп, психологиялық және заңгерлік көмек те қарастырылған.
Қамар ҚАРАСАЕВА