Әдебиет

«Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар»

Ұшқыр ойлылығымен, кемеңгер өсиетімен ел ішінде Халық педагогы атанып кеткен Абай Құнанбайұлының аты аталғанда алдымен есімізге ақын ретінде оралады. Оны тұлғалық тұрғысынан, өнерпаздық қырынан және шығармаларын зерттегенде жан-жақтылығына куә боламыз. Қазақтың біртуар перзентінің кешкен ғұмырының ғибратын, шығармаларының тәлімін жас ұрпаққа толыққанды жеткізу үшін оның сазгерлігіне ғылыми зерттеу жасап, ізденіс нәтижесінде неге қол жеткізгенімді айтқым келді. Абайды тек ақын ғана емес, жанға жайлы тиер әуендеріменде танып, білгеніміз жөн.

Алаштың Ұлы ақыны Абайдың нағыз өнер адамы болғанын бірнеше әндері мен күйлері дәлелдейді. Қазақтың ірі феодал тобынан шықса да халық сөзін сөйлеген, «соқтықпалы соқпақсыз жерде» өскен, кейбір надан адамдардың пасықтық іс-әрекеттеріне налыған, жүдеген көңілін әнмен, күймен тербеткен Абай «Айттым сәлем, қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Татьянаның әні» (Пушкиннен), «Қараңғы түнде тау қалғып» (Гетеден), «Желсіз түнде жарық ай», «Бойы бұлғаң», «Сегіз аяқ», «Қор болды жаным» атты әндер шығарды.

Абайдың жүректі елжірететін, көңілге түрлі ой салатын әндерін тыңдап, эстетикалық ләззатқа батқанда оның қазақ музыкасына қосқан салмақты үлесі туралы ойланбай тұра алмайсың. Ұлы даланың төсінде надандармен жалғыз алысқан ақын-сазгер қандай кедергілерге қарамастан дауылға қарсы тұрып, қазақтың көгінде еркін қанат қағып, өз өлеңіне өзі ән шығарушы өнер адамы ретінде де қазақ музыка тарихында ғажайып таңбасын қалдырып, сазгерлік талантымен қазақ өнеріне жанашырлық танытып кетті.

Отырарлық Әбу-Насыр әлФараби «Адам музыканың осы әртүрлі жанрларын меңгергеннен кейін ол солардың ішінен қилы-қилы жағдайларына сай келетіндей етіп, мәселен, қуанышқа, қайғыға, намазға және айтысқа сай келетінін таңдай білуі керек болды, музыканттар өздерінің шығармаларын, сондайақ өздерінен бұрынғылардың шығармаларын да ширатып, адамға қажетті әсер етерліктей сапаға жеткізуге тырысады, бұл өңдеу әрекеті қоғам дамыған сайын күшейе түседі...» деп жазды.

Отырарлық Әбу-Насырдың осы бір әуен туралы айтқан ойына Абай өз сөзіне жазған өз әндерімен тиянақты үн қатты. Абай әндері – Абайдың қайғысы болып бүкіл қазақ даласына тарады. «Мыңмен жалғыз алысқан» қайран ақын көңілі жабырқап, тағдыр соққысына налып, көкірегіндегі қайғы-шерді сыртқа әуенмен шығарды. Жабырқаған көңілін әнмен жұбатты. Абай әндерінің бүкіл сананы жаулап алатындай құпия сиқыры әнге елтитін, әнге құмар кімді болса да ойлантпай қоймайды. Абай әнін тыңдаған адам Абаймен бірге қуанады.

Абайдың музыка өнеріндегі тағы бір белесі – қазақ өнерінде тұңғыш рет Пушкиннің, Гетенің сөздеріне жазылған өлеңге ән шығаруы. Орыс халқы мен қиырдағы неміс халқының достығына дәнекер болды. Пушкиннің, Гетенің өлеңдерін қазақ тіліне аударды.

Абай өз халқына тыңдаушының құмарлығын баса алатын, ауыр қайғыға, тәтті қиялға беріліп, ғажайып бір күй кешетін ғажайып әуендер сыйлады. Ол өлеңге, әнге, музыкаға құмар қазақ халқының бар болмысын құрмет тұтты.

Ә у е н г е қ ұ м а р л ы қ , ә н г е сүйіспеншілік ақынның, сазгердің жүрегінен шыққан, тәтті қиялдардың шымырқанған сезімдерімен астасып жататыны табиғи нәрсе. Отырарлық Әбу-Насыр әл-Фараби әнге құмарлық туралы «...қиялды қоздыру үшін де, өлеңді күшейте түсіру үшін де, осы мақсатқа арналған музыканы ғана пайдаланып қоймай, сонымен бірге тыңдаушының құмарлығын баса алатын немесе қоздыра алатын қасиеттері бар, сондай-ақ оның тәтті сезімін оятатын музыка түрлерін де пайдалану керектігі дәлелденген. Бұл тыңдаушының қиялын бағындырып, оның өлеңдерді ұғынуын жеңілдету үшін, оның көңіліндегі әсер ұзақ уақытқа сақталуы үшін көмектеседі, оны шаршап-шалдығу мен қайғықасіреттен азат етуге жәрдемін тигізеді...», – деп жазған. Абайдың әндері көркем сөзімен астасып, тылсым құпияға толы, жүректі тербеп, көңілге түрлі ой салып, адам баласының көркем ғашықтыққа деген ынтызарлығын күшейте түседі. Ойы тұманданып, шаршап-шалдығып жүрген жандардың көңілін сергітіп, терең ойларға жетелеп, ең бастысы көркем ғашықтық сезіміне жетелейді. Абайдың «Көзімнің қарасы» атты әні миллиондаған жүректерді елжіретіп, ғашығына деген тылсым сезімін одан әрі нұрландырғаны сөзсіз.

Әннің сөзіндегі: «Жылайын, жырлайын,

Ағызып көз майын.

Айтуға келгенде,

Қалқама сөз дайын.

Жүректен қозғайын,

Әдептен озбайын.

Өзі де білмей ме,

Көп сөйлеп созбайын» – деген шумақтарынан жан сырын ақтарып, мұң шаққанын аңғаруға болады. Онысын сөзбен ғана емес, әуезді әнмен тыңдағанның жанын тербете отырып жеткізуінің өзі ақындығымен қоса сазгерлік қырын аша түседі.

Осы ән туралы көптеген өнер иелері, сазгерлер, ақындар, аудармашылар қызықты ұсыныс-тілектерін айтып ой бөлісіп жатқандары көңіл қуантады. Абайдың таңғажайып осы әнін ағылшын тіліне аудару ісіне атсалысып жатқан жастардың айтқан пікірлерін осы тұста айта өткен жөн болар. Мәселен, Серік Керей: «Көзімнің нұры болады. Көз дегенмен көздің ең асылы, алтыны, жарықты сезетін, сәулені сезетін ол көздің қарасы – жанары. Абай «ең түпкі сананың, жанның сәулесін сезетін асылым» дегісі келген болар» десе, Айбек Егенберов: «Көз – адамның ең аяулы, ең қымбат дене мүшесі. Ал көздің ішінде ең асылы, әлемді, бүкіл әдемілікті көретін сол әдемілікті өзіне сыйдыра алатын бөлігі, ол – қарасы, яғни қарашығы. Абай осы мағынада айтып тұр...», – дейді.

Тағы бір жас аудармашы жас Оразбек Саранбаев: «Адамның мынау әлемді көріп, оның өзіндік қызығын көру түйсігімен тамашалауы тек ғана қарашық, яғни көздің қарасы арқылы ғана жүзеге аспақ. Онсыз өмір су қараңғы, белгілі тұрғыда тұл һәм мағынасыз. Ендеше, бұл тіркестің мәні онсыз күні-күн емес, түнек екенін, ол тіршілігінің мәні, өмірінің жарығы екенін меңзеп отыр» деп ойын топшылайды. Жас аудармашылардың бұл тұжырымды ойлары «Қазақ ә д е б и е т і » ат т ы Қ а з а қ с т а н Республикасының әдебиет, мәдениет және өнер апталығына Д .Әлім ақын  дайындаған «Көзімнің қарасын» ағылшын тіліне қалай аударамыз?» атты жариялымынан а л ы н д ы . ( № 7 , 14-ақпан, 2020- жыл).

Енді ақынның «Көзімнің қарасы» атты әнінің сөзіне көңіл аударайық:

Көзімнің қарасы,

Көңілімнің санасы,

Бітпейді іштегі,

Ғашықтық жарасы.

Қазақтың данасы,

Жасы үлкен ағасы.

Бар демес сендей бір,

Адамның баласы.

Иісің гүл аңқыған,

Нұрың – күн шалқыған.

Көргенде бой еріп,

Сүйегім балқыған.

Қаяусыз қалпынан,

Өзі артық даңқынан.

Қызыл тіл шыға алмас,

Мақтаудың шартынан, – деп өрілетін өлең 22 шумаққа жалғасады.

Академик-жазушы, Абайтану ілімінің қалыптасуына зор үлес қосқан Мұхтар Әуезовтің Абайдың сазгерлігі жөнінде былай деп жазатыны бар: «Абай ән-күйге талай-талай сұлу мағыналы жырларын арнайды. Ол музыкаға ақын боп қосқан үні. Сонымен қатар Абай музыканың өзіне әнші болып та атсалысады. Абайдан қалған 16-17 ән бар. Бұлардың көбі өзі жазған жаңа уәзін, жаңа ұйқас, жаңа түрлі өлеңдеріне арналған әндер.

Абайдың осы әншілік еңбектерінде де, ақындық еңбегі сияқты, өзіне тиісті үлкен жаңа өзгешеліктер бар. Ол әнде де бұрынғы әннен гөрі өзгерек түрлер шығарады. Бұл да өзінше жаңа жол табам деп, нық ізденудің нәтижесі еді...» деп жазған «Абай – қазақ халқының ұлы ақыны» атты кітапта.

Архам Ысқақ немересі Кәкітайұлының естелігінде музыка өнеріне жақын, Семейде орыс, татар әндерін үйренген, скрипкада шебер ойнайтын Мұқа (Мұхамет-Қанапия) деген жігітпен Абайдың жақын араласқаны туралы айтады. «Мұқа жасында Семейде болып, орыс, татар ән-күйлерін үйреніп, скрипка ойнауға шебер болады екен де, сонда Семейге барып Абайға жолығып, танысып, ақыры сол үйдің бір баласындай болып кеткен екен.

Әбіш те скрипка ойнағанда, алдына қағаз жайып қойып, соған қарап ойнайды, соны үйренуге құмарланған ағасы Ақылбай, інісі Тұрағұл, көршісі Әлмағамбеттер де скрипкаларын шықылдатып, үнін қосуға әрекеттеніп жатады . . . » делінген «Өлке» баспасынан шыққан кітаптың 399-бетінде. Бұл естелік «Архам Ысқақ немересі Кәкітайұлының е с т е л і г і » д е п таңбаланған.

Міне , Абай осындай өнерлі жастардың әнге, әуенге деген қызығушылығына тәнті болған. Әнге құмар, әр түрлі музыка аспаптарында, мысалы домбыра, скрипка, гармонь тартып, ойнайтын музыкант жігіттердің жанынан табылған. Мұндай орта Абайдың музыка өнеріне деген қызығушылығын арттыра түскен.

Абай өзі ән жазып, орындап, сазгерлік қырын танытумен қатар, ән туралы айтып кеткен тұщымды ойлары да бар. Мысалы,

«Құлақтан кіріп бойды алар,

Әсем ән мен тәтті күй,

Көңілге түрлі ой салар.

Әнді сүйсең, менше сүй» – деп әнге деген сүйіспеншілігін жеткізеді. Енді бір шумағында:

«Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,

Оның тәтті оралған мәні оятар.

Кейі зауық, кейі мұң дертін қозғап,

Жас балаша көңілді жақсы уатар» – деп, әннің жылағанды жұбатып, шерлінің мұңын шығарар қасиетін айтады.

«Жақсы әнді тыңдасаң ой көзіңмен,

Өмір сәуле көрсетер судай тынық» – деген жолдарында жақсы әннің адам өмірін сәулелендірер сиқыры барын жеткізеді.

Абайдың сазгерлік өнері және әдемі әуездің дүниені нұрландырар қасиетін жеткізген шумақты ойлары бүкіл қазақ халқының рухани байлығына олжа болып қосылды. Ұлы Абайды, ақын Абайды, сазгер Абайды үлгі тұтқан, сазгерлік, ақындық өнерін қатар жалғастыратын өнерлі де талантты, сөзін де, әнін де өзі жазатын сазгер-ақындар өсіп, жетілді.

 

Меңдібай ӘБІЛҰЛЫ, филология ғылымдарының кандидаты,

Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің профессоры,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.