Бас жүлде – Ерлан Нұрлановта
Адамзаттың Абайына қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Хакімнің мерейтойына арналған іс-шаралар әр салада әр бағытта өтіп жатыр. Барша идеялар асыл сөздің атасына айналған кемеңгерді ардақтауға арналуда. Облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы Тілдерді оқыту орталығы да хакімнің мол мұрасын дәріптеу жолында «Атасы асыл сөздің – ақын Абай» атты облыстық «Абай оқулары» байқауын ұйымдастырды.
Байқау үш кезеңді құрады. Бірінші кезең бойынша «Абайдың ұлы мұрасы» тақырыбында ұлы ақын шығармашылығы мен ел тәуелсіздігін байланыстыра отырып, өзінің қатысуымен 2 минуттық бейнеролик әзірлеу міндеттелді. Екінші кезеңде үміткерлер Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романынан үзінді немесе хакімнің бір қарасөзін мәнерлеп жатқа оқулары тиіс болса, үшінші кезеңде Абайдың бір өлеңін жатқа оқу немесе бір әнін орындап беру тапсырмасы берілді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының әртісі Жүніс Әлімбеков қазылар алқасына төрағалық жасаса, бағалаушылар құрамында мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шаралар өткізетін облыстық орталықтың драма үйірмесінің жетекшісі, халықаралық балалар театрлары байқауының лауреаты Айнагүл Есімбекова, облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Аяулым Жаманқұл отырды.
Байқаудың ашылу сәтінде облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Қуаныш Дәурембеков қатысушы үміткерлерге ақ жол тілесе, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағырбаев қайталанбас дауысымен Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындап берді. Іс-шараны жас әнші Балауса Бейсенханның сәтті жүргізгенін айта кеткен жөн.
«Өлеңге әркімнің - ақ бар таласы...» дегендей, байқауға 13 үміткер қатысып, бақтарын сынады. Баршасы да мүмкіндігінше тақырыпқа сай өнер көрсетуге тырысты. Дегенмен тараздық Ерлан Нұрлановтың, шулық Дәурен Қалмырзаұлының, қордайлық Мөлдір Сұлтанқұлдың жақсы дайындықпен келгендіктері көрініп тұрды. Тараздық Е.Нұрланов «Абай жолы» романынан Қодар мен Қамқаға жасалатын ауыр жазаны баяндап бергенде барша көпшілікті еріксіз толқытып жіберді. Қордайлық М.Сұлтанқұл «Желсіз түнде жарық ай» әнін эстрадалық үлгіде, меркілік Арзуми Қанатқызы қазақтың үкілі домбырасымен хакімнің «Сегіз аяқ» әнін шырқағанда көрермен риза көңілмен тыңдады. Таластық үміткер Жандос Лесбек хакімнің 18-қарасөзін толық айта алмағанымен, үшінші кезеңде ойшылдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін мәніне келтіріп жатқа оқып берді. Дегенмен үміткерлер тарапынан олқылықтар да болмай қалған жоқ. Мәселен, Абайдың 45 қарасөзінің ішінен тек 7 қарасөз ғана айтылды. Оның ішінде 1 және 31-қарасөзді қайталап айтқандар көп кездесті. Абайдың әндерінің де аясы онша кеңінен көрінген жоқ. «Желсіз түнде жарық ай», «Сегіз аяқ», «Көзімнің қарасы», «Татьянаның әні» (аудармасы) ғана орындалды. Айтпағымыз, хакімнің бәсі жоғары байқауы болған соң, үміткерлердің жан-жақты дайындықпен келгендері дұрыс еді.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде тараздық Ерлан Нұрлановқа берілсе, жүлделі бірінші орын Шу ауданынан келген Жалғас Нұрқожаға бұйырды . Меркілік Арзуми Әбдіқадыр екінші орынды еншілесе, жүлделі үшінші орындарға қордайлық Мөлдір Сұлтанқұл мен Орынкүл Юнисова лайық деп танылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Қуаныш Дәурембеков пен қазылар алқасының төрағасы Жүніс Әлімбеков диплом және қаржылай сыйлықтармен марпаттады . Осылайша , тіл жанашырлары да хакім Абайға деген шынайы құрметтерін көрсетті.
Есет ДОСАЛЫ