Құқық

Әскерде шыныққан жас кез келген салада табысқа жетеді

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері – еліміздің егемендігін, аумақтық тұтастығын және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды мемлекеттік құрылым. Тәуелсіздік алған сәттен бастап, Қазақстан өз әскерін құрып, оны нығайтуға үлкен мән беріп келеді. Отандық әскердің қоғам мен мемлекет үшін атқаратын қызметі көп. Бүгін әскерді қоғам өміріндегі маңызды рөл атқаратын әлеуметтік институт ретінде қарастырғанды жөн көрдік.

Бүгінгі күні міндетті әскери қызмет туралы әртүрлі пікірлер болғанымен, әскердің әр ер азамат үшін пайдасы айқын. Әскер еркекті еркек етіп тәрбиелейтін бірден-бір үлкен мектеп десе болады. Жалғызбасты аналардың көбейіп, әкенің де, ананың да рөлін әйел адам алып жүрген жағдайлардың көбеюі салдарынан бүгінгі күні психикасы әлсіз, болмашы қиындыққа төзе алмайтын жігіттер саны артуда. Бұрын мектептерде ұл балалар үлгі алып, қарап өсетін ұстаз ағайлар болатын болса, қазір ұстаздардың дені әйел мұғалімдер. Осы ретте, әскери қызмет жастарды қиын жағдайда берілмеуге, жылдам шешім қабылдауға және өзің үшін де, өзге үшін де жауапкершілік ала білуге тәрбиелейді. Әскерде жүргенде жігіттер өмірге деген көзқарасын өзгертіп, азаматтық борышты терең түсінеді. Бұл – жеке тұлға ретінде өсуге үлкен мүмкіндік. Әскерде шыныққан жас кейін кез келген салада табысты бола алады.

Отан алдындағы борышын өтеу кезінде сарбаздар дене дайындығынан өтіп, денсаулығын нығайтады, шымыр әрі күшті бола түседі. Оның айғағы әскерден келген сарбаздардың бойының өсіп, күші толықси түсетіндігі болса керек. Бұл – жүйелі жаттығулар, спорт пен дұрыс күн тәртібінің және уақытылы әрі құнарлы тамақтанудың нәтижесі болса керек. Сондайақ әскер адамды уақытты дұрыс жоспарлауға, тапсырмаларды дер кезінде орындауға, тәртіп сақтауға және ережені құрметтеуге үйретеді. Бұл қасиеттер кейін өмірде де, жұмыста да үлкен пайдасын тигізері анық.

Әскердің басты міндеті – елді сыртқы қауіптерден қорғау болса, ел басына күн туа қалса, қару-жарағын алып, Отанын қорғауға асығатын еліміздің ер-азаматтары болса керек. Әскер сарбаздары бейбітшілікті, тұрақтылықты қамтамасыз етіп, шекараны күзетеді, халықаралық бітімгершілік миссияларға қатысады. Әскері әлсіз мемлекеттің өзі де әлсіз болады.

Әскерде қызмет ету жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін, мақтаныш пен патриоттық сезімдерін оятады. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген әртүрлі ұлттар мен мәдениеттерден келген адамдар бірдей киім киіп, бір мақсат жолында бірін-бірі құрметтеуді, қолдауды үйренеді. Әскер ұлт пен ұлысты бөлмей, бір тудың астында бірлік пен достықты нығайтады. Жігіттер өмірінің дәл осы кезеңінде қиындықты бірге еңсерген нағыз достар табады. Бұл – өмір бойы сақталатын берік байланыстар.

Бүгінде Қазақстанда кәсіби әскери қызмет – тұрақты жұмыс, лайықты жалақы мен әлеуметтік жеңілдіктер көзі. Әскерилерге баспана алу, медициналық көмек, зейнетақы жүйесі жағынан түрлі қолдаулар көрсетіледі. Әскери оқу орындары арқылы жастар жоғары білім алып, болашақта мансабын кәсіби офицерге дейін өсіре алады.

Әскер – бұл тек міндет емес, сонымен қатар мүмкіндік. Ол адамды тәрбиелейді, Отанды қорғауға үйретеді және қоғамға пайдалы болуға бағыттайды. Әскери мансапты жалғастырмаса да, әскер көрген адам өмірлік маңызда білім мен дағдыға ие болады. 

Арна ЖҰМАТАЙ