Қоғам

Шариғат тіршілктегі шарауаңды сұрамайды

Қоршаған ортаға діннің жақсы әсері мол. Түсінген кісіге Құран жол көрсетуші. Құранды оқып амал жасаған кісі ешқандай өкінбейді. Әр пендеге Жаратушы алдында есеп беретін күн міндетті түрде келеді. Сонда пенде әр қадамына, әр сөзіне жауап береді екен.

Әр пенденің иығындағы жақсы, жаман сөзімізді жазып отыратын періштелердің де жұмысы бір сәтке тоқтамайды. Сондықтан әр сөйлеген сөзге абай болғанымыз жөн. «Тілден ауыр нәрсе жоқ, тілден жеңіл нәрсе және жоқ» деп бізден ғасырлар бұрын өмір сүрген шешен билеріміз бекер айтпаған.

Шариғат қажетті дүниелік сөзді сөйлеуге рұқсат етеді. Құран аяты екі дүниеге пайдасы жоқ сөз сөйлеуден тияды. Алланың елшісі Мұхаммед Пайғамбардың хадистері әр мұсылманға үлгі. «Ақыретке, дүниеге пайдалы сөз жақсы. Ондай сөзің болмаса үндемеген жөн» дейді.

Тіл қаншалықты кіші болғанымен, зардабы соншалықты үлкен. Бір ғана ауыр сөз айтып ең жақын адамыңды өкпелетіп алуға болады. Сізге қадірлі адамдармен жақындастыратын да тіл, қашықтататын да – тіл. Үндемей отыру қорлық емес. Дін ғалымдары «Ғалымның қасында үндемесең, білімің артады. Сауатсыздың қасында үндемесең, сабырың артады» дейді. Үндемей отыра білудің пайдасы мол. Пайғамбарымыз сол пайданы білген соң, үмбеттеріне ескертіп отыр. Тозаққа түскен пенденің көбі тілдің кесірінен түседі. Адамның басқа ешбір мүшесі тіліндей ащы, тіліндей қатерлі бола алмайды.

Сұрақты да абайлап сұрау керек. Бір адамның қонаққа бара жатқанын естісек те тыныш тұрмаймыз. «Ол неге мені де шақырмады?» деп дау шығаруға тырысамыз. Ол да – тілдің кесірі.

Елге сыйлы жақсы адам болу да, шариғаттың дұрыс жолын ұстану да өз қолымызда. Осыны ұмытпағанымыз жөн.

Марат САЙЛАУБЕК,

«Құрал қажы» мешітінің бас имамы.

Тараз қаласы