Қоғам

Бір баланы мектепке дайындауға қанша кетеді?

Тамыз айы ата-аналар үшін ерекше қарбалас кезең. Жаңа оқу жылы қарсаңында баланы мектепке дайындау үлкен жауапкершілік қана емес, едәуір қаржылық шығынды да талап етеді. Осы күндері ата-аналар мектеп формасы мен оқу құралдарын сататын базар, дүкендерден керекжарағын алып әлек.

БАЛАҢЫЗ МЕКТЕПКЕ ДАЙЫН БА?

Саудагерлер де жаздық киімді жиып қойып, мерзімдік саудаға, яғни мектеп киімдерін сатуға көшкен. Балалардың бастанаяқ киініп, бір шалқып қалатын кезі осы тамыз айы болса керек. Өйткені мектепке дайындық кезеңі – баланың негізгі мектеп формасынан өзге қос-қос аяқ киім мен бірнеше жейдені айтпағанда, іш киіміне дейін жаңартылатын кез. Ешбір ата-ана баласын қатарынан кем қылғысы келмейді. Биыл да дүкендерде баласын ертіп, киім-кешегін түгендеп жүрген ата-ананың қарасы көп. Қазақстанда барлық оқушылар мектеп формасын киюге міндетті. Еліміздегі мектеп оқушылары негізінен қою көк түсті форма киеді.

Биыл мектеп формасы мен кеңсе тауарларының Тараз қаласы бойынша бағасын біліп, бір балаға шамамен қанша қаражат кетеді дегенге жауап іздеп көрейік.

МЕКТЕП ФОРМАСЫ

Әр отбасы қалтасына қарай сауда жасайтыны белгілі. Мектеп формасын ата-аналардың кейбірі қаладағы дүкендерден алса, басым көпшілігі базарға барғанды дұрыс көреді. Оған негіз де жоқ емес. Қала ішіндегі дүкендердегі баға бекітілген болса, базарда саудаласуға мүмкіндік бар. Десек те, базарда арзан болғанымен, сапасы сын көтермеуі мүмкін. Қала базарларының бірінде балалар киімін сататын бутигі бар Раушан Маратқызының айтуынша, мектеп формасы сапасына қарай түріктікі, қытайдікі және қырғыздікі болып бөлінеді.

Сонымен қаладағы дүкендер мен базардағы бағаны сұрастыра келе, біздің өңірде орташа есеппен алғанда бір баланы киіндіруге шамамен 80 мыңның көлемінде ақша керек екен. Бұл тек киім-кешекке кететін сома. Атап айтар болсақ:

Ұл балаға костюм-шалбар – 17-20 мың теңге;

қыз балаға белдемше мен жилет немесе сарафан – 12-13 мың теңге;

аяқ-киім – 15-25 мың теңге;

спорттық киімінің орта бағасы – 12 мың теңге;

спорттық аяқ-киім – 10-12 мың теңге;

ақ жейде – 7-9 мың теңгені құрайды.

Оның сыртында, ұлдарға жеңсіз жейде, іш киімі, шұлық, галстук пен белдік керек болса, қыздарға шөлкей мен гольфы шұлығы және бантигі тағы бар. Жалпы баланы мектепке дайындау құны 2025 жылы өткен жылмен салыстырғанда 10- 15 пайызға өскен. Бұндай шығын отбасылық бюджетке айтарлықтай салмақ түсіреді. Ал көпбалалы отбасыларда бұл сома 2-3 есе көп.

МЕМЛЕКЕТТЕН КӨМЕК

Биыл да жылдағыдай мемлекет тарапынан «Жалпыға бірдей білім беру» қоры арқылы көмек көрсетілетінін айтып өткен жөн. 2025 жылы Жамбыл облысында аталмыш көмек көлемі әр балаға шамамен 53 мың теңге мөлшерінде белгіленген және облыс бойынша 40 мыңнан аса балаға көмек беру жоспарланған. Аталмыш ұйымға аз қамтылған немесе көпбалалы отбасындағы балалар, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар, төтенше жағдайға тап болған отбасылардың балалары мен әлеуметтік жағдайы күрделі ортада өсіп жатқан жеткіншектердің ата-аналары жүгіне алады. Ол үшін мектепке, не білім бөліміне хабарласып, тіркелу керек. Сонымен қатар бірқатар аудандарда жергілікті кәсіпкерлер мен қайырымдылық қорлары қосымша мектеп құралдарын тегін таратуда. Сондай-ақ кейбір дүкендердің көпбалалы аналарға 10-15 пайыздық жеңілдік жасайтынын әлеуметтік желілерден көзім шалып жатады. Тұтынушыны өзіне тартуда кәсіпкерлердің осындай қадамға барып жатқаны қуантады.

АТА-АНАЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Қала тұрғыны Әсем Тәуекелова 5 баланың анасы. Оның үшеуі мектеп жасында. Жанына екі ұлын ертіп, мектеп киімін қамдап жүр.

Әрине, матасы да, тігісі де сапалы киімдер жоқ емес, бірақ олардың бағасы да аспандап тұр. Бір үйдің үш-төрт баласы бірдей мектепке барса, ата-ананың бәріне бірдей сапалы киім алуына шамасы жете ме?

Ал тағы бір көпбалалы ана Жібек Тұрғынбекова: «Бір балаға жыл бойына бір жейде, не бір шалбар аздық етеді. Өйткені баланың аты бала. Бір жейдені ары кетсе екі күн, ал шалбарды үш күн киер, сосын оны жуу керек. Ауыстырып киетін киімі болмаса, бір ғана киім күнде киіліп, жиі жуылған соң, тез тозады. Сондықтан әр балама кемі екі жейде, екі шалбардан алуға тырысамын. Әсіресе еркек балалар киімді өте ұқыпсыз киеді емес пе?», – деп жымиды.

БИЫЛ КЕҢСЕ ТАУАРЛАРЫНЫҢ БАҒАСЫ ҚАНДАЙ?

Кеңсе тауарларының саналуандығынан көз шалынысады. Мысалы, қарапайым сызғыштың ағаштан, пластиктен, темірден жасалынған және гелийлі түрлері бар. Жалпы оқуға қажетті құралдардың көбі Ресей мен Қытайдан келеді. Дәптер мен қаламсап, түрлі-түсті қарындаш, сурет дәптерлерінің арзаны да, қымбаты да бар. Ата-аналардың айтуынша, мектепке қажетті құрал-жабдықтар ұсақ-түйек болып көрінгенімен, қалтаңыздан 15-20 мың теңгені қағады. Бұл бір баланың ғана қажеттілігі. Ал бала саны мен сыныбы өскен сайын қажеттіліктер де көбейе бермек. Күні кеше әлеуметтік желілерде «базарда дәптер 20 теңгеден» деген жарнамаға сеніп, «Ауыл береке» базарына барып, алданып қайтқан әйелдің жанайқайын да көзіміз шалды. Келіншек базардағы сауда нүктесі дәптер бағасын арзандатқанымен, кеңсе тауарларының бағасын зуылдатып айта жөнелген саудагердің іс-әрекетіне шүйлігіп отыр. Өйткені баға бекітілмегендіктен, санау барысында сатушы сомасын көп қылып айтуы бек мүмкін деп отыр. Байқағандарыңыздай, айқайлаған жарнаманың артында сіз күтпеген «тосын сый» тұруы мүмкін. Қаладағы дүкендердің бірі тіпті уақыты жоқ не «жалқау» ата-аналарға 1-ші сыныпқа арналған жиынтықтар да жасап қойған. Мектепке қажетті заттардан тұратын жиынтықтың бағасы 4690 теңгеден басталып, құрамындағы заттардың аз не кеміне қарай 11510 теңгеге дейін барады.

Кеңсе тауары ішіндегі ең қымбаты – мектеп сөмкесі. Арзаны – 4000 теңге, ең қымбаты 20 мың теңгеге дейін барады. Орта сападағы түрін 10-15 000 теңгеге сатып ала аласыз. Сонда кеңсе тауарына үнемдегеннің өзінде 30 мың теңге кетуі мүмкін.

Сонымен, Тараз қаласында бір баланы жаңа оқу жылына толық жабдықтау үшін орта есеппен 80-110 мың теңге қажет. Бұл сома мектептің талаптарына, ата-ананың таңдауына және тауардың сапасына байланысты өзгереді. Бақытын баласының жетістігінен іздейтін әр ата-ана оның өзгеден кем болмауын қалайды. Алайда кейде оған қалтасының қалыңдығы көне қоймайды. Кез келген ата-ана өзінің уақытын, күшін, тіпті кейде арман, мақсатын ұрпағының болашағы үшін құрбан етеді. Баланың тәуелсіз, білімді, тәрбиелі азамат болып өсуі – тікелей ата-ана еңбегінің жемісі. Сондықтан бұл күндері сауда орындары мен базарларды аралап, зыр жүгіріп балаларын мектепке дайындап жүрген әр ата-ананың сенімі мен еңбегі ақталып, ұрпағымыз өнер-білімімен ерекшеленіп, ақыл-өресімен бәсекеге түсіп, елімізді жан-жақты өркендететін ұрпаққа айналғай деп тілейік.  

Арна Жұматай