Тоқаев халықаралық пән олимпиасының жеңімпаздарын марапаттады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен кездесті, деп хабарлайды aqjolgazet.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап
Іс-шараға 24 лауреат, атап айтқанда, 4 алтын, 11 күміс және 9 қола медаль иегері шақырылды. Оқушылар химия, математика, физика, география, информатика және биология пәндерінен үздік нәтиже көрсеткен.
Президент жастарды, ең алдымен, білім әлеміндегі жеңістерімен құттықтап, шынайы ризашылығын білдірді. Олардың халықаралық беделді білім сайыстарында топ жарып, Қазақстанның атын әлемге паш етуін зор жетістік ретінде бағалады.
Президент шәкірт қабілетін ұштаған ұлағатты ұстаздар мемлекеттік марапатқа лайық екенін жеткізіп, озық ойлы ұрпақ тәрбиелеген ата-аналарға алғыс айтты. Қазақстанның болашағы – жасампаз жастардың қолында екеніне назар аударып, ұл-қыздарымыз әрдайым үздіктер қатарынан табылатынын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға барынша жағдай жасау мемлекеттің басты міндетінің бірі екеніне тоқталды. Бұл бағытта ауқымды іс атқарылып жатыр. Бірақ негізгі жұмыс әлі алда.
Президенттің пікірінше, халықаралық беделді олимпиадалардағы жастардың жетістіктері ұлтымыздың зияткерлік қуаты мен өскелең ұрпақтың зор әлеуетін танытады.
Мемлекет басшысы жастарға ғибратты сөзін арнады.
Мемлекет басшысы халықаралық жарыстарда топ жарып, алтын, күміс және қола медаль иеленген жастарға 1500, 1000 және 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаржылай сыйақы сертификаттарын салтанатты түрде табыстады.
