Қоғам

Таразды тағы су басты

Апат айтып келмейді. Күтпеген жерден бас салады. Бұл жолы да сөйтті десек, қателеспейміз. Жұмыстарынан үйлеріне шаршаңқырап жетіп, кешкі астарын асықпай ішіп, төрде тұрған теледидардан сүйікті сериалдарының кезекті санын тамашалауға кіріскен тараздықтардың ауласын суға толтырып, берекесін қашырды.

Бәрін басынан бастасақ, оқиға былай өрбіген. 2025 жылдың 7 тамызында, кешкі сағат 20:35-те белгісіз біреулер «Зербұлақ» көліндегі шлюздерді ашып, бой жасырып үлгерген. Нәтижесінде арнасынан шығып кеткен топан су көше бойындағы арықтарға құлай ағып келіп құйылған. Су тасқыны орын алып, аймақтағы көшелердің бойында орналасқан үйлердің ауласына жайылған. Былайша айтқанда, төтенше жағдай орын алған.

Мұндайда қалалық атқамінерлер не істейді? Тез арада облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жедел топ құрып, оған Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков бас болып, орынбасары Нұрсұлтан Арқабайұлы мен арнайы мамандар шұғыл әрекет етіп, апатты жағдай орын алған жерден табылып, іске кіріседі.

Су тасқынының салдарын жою шарасына Төтенше жағдайлар департаментінен және «Жамбыл-Су» мекемесінен барлығы 25 адам, 12 арнайы көлік пен техника жұмылдырылады. Ең алдымен шлюздерді жабу арқылы су ағыны тоқтатылады. Содан соң аулалар мен жертөлелерге кірген су арнайы құрылғылармен сорып алынады.

Қорытындысында шаһардағы Достоевский бұрылысы, Жуанышев көшесі, Ұлбике ақын көшесі және атаулы көшенің 1 бұрылысы, Ниетқалиев көшесі мен Бөлтірік шешен көшесі мекенжайындағы 30 тұрғын үйдің ауласы ағын судан тазартылып, су кірген 2 жертөле босатылады.

Орын алған апатты жағдай қазір жергілікті биліктің толық бақылауында. Тараз қаласы әкімінің шешімімен арнайы комиссия тобы құрылған. Аталған топ су басу салдарынан келген залалдарды анықтау бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нақты шаралар қабылдайтын болады.

Қазіргі таңда шлюзді ашып, әдейі су тасқынына жол берген белгісіздер бойынша құқық қорғау қызметкерлері іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қаладағы су айдындарынан келетін, төнетін ешқандай қауіп жоқ.

Бастысы, айыр қалпақты ағайын жақтан бастау алатын Талас өзені тасымасын дейік. Ол тасыса, бойындағы 6 қауіпті аймақтың бірінен атылып шығып, тойтарысқа толас бермей қоюы анық.

Aq jol-Aqparat.