Жақсылық Сәтібеков
Жақсылық Сәтібеков
Атамекен
Жер артық па дейсің, досым, Көкшеден, Білем, оған шығар еді ексе өлең... Қанша мықты жырласа да Көкшені, Оза қояр ма екен, сірә, тек сенен.
Қалың елге қасиетті Қарқара, Алқа болып тағылғандай Арқаға. Соны ғана сүйген жүрек болмаса, Бөгде жүрек жырдың жүгін тарта ма?
Бар алашқа аялы ғой Баяны, Бөтенсінбей алақанын жаяды. Ару тауды тербей алмақ сөйтсе де, Жолаушының қай өлеңі, қай әні?
Жатсынар кім оранған жарғақты, Әлем кезіп, көрсе-дағы сан бақты. Сыр ұлына Сыр бойының шеңгелі, Жасыл шырша, ақ қайыңнан ардақты.
Таудағы қысқы таң
Мен даладан сағым көргем, Мен даланың шаңын көргем. Мен даланың шағын белден, Қарғып шыққан таңын көргем.
Жартас – ақпан, шатқал – ақпан, Тау жотасын ақ қар жапқан. Ақ қанат тал, ақ қанат таң, Аумайды аспан ақ тамақтан.
Жылжи берді қалытқы бұлт, Күн нұрына қарық қылып. Таудың таңы – мамық тұнық, Атады екен зарықтырып.
Ақмаралым бар менің
Жел ызыңы хабар ма? Тауға ұзақ қараймын. Жүрегім жай табар ма, Көрінгенше арайлым.
Нұрландырып жер төсін, Көмкерілген гүлменен. Келе жатыр еркешім, Құшақтасып күнменен.
Мамық мінез таң керім, Таңда салған ән керім. Көп іздеген жалғаннан, Жаралғандай арманнан, Ақмаралым бар менің.