Бір жылымыз бір айдай өте шықты
Гвардейск әскери гарнизонының Қордай ауданында орналасуы жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына, жергілікті жас жігіттердің әскери қызметші ретінде жұмысқа орналасуына оң әсерін беріп отыр. Мұнда барлық сарбазға ортақ мәселе бар. Ол – тәртіп.
Кеңес одағының батыры, Қазақ халқының мақтанышы Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деді. Мұнда да әскери қызметтің өз деңгейінде болуы қатаң қадағалауға алынған. Тәртіптің қатал талабын түсіндіргендер бұзушылыққа, заңға сәйкес келмейтін іс-әрекетке бармауға тырысады. Тәртіп бар жерде нәтиже, нақты іс, оң нәтиже бар. Мұндағы сарбаздар жауапкершілікті сезінеді. Бәрі де отансүйгіш қасиеттерге ие. Өздерінің әскери қызметі арқылы Отан қорғау жұмысына үлес қосып жүргенін түсінеді. Әскердің ауыр тәртібіне бағыну, жаттығу кездерінде белсенді болу – әр сарбаздың міндеті. Мұндағы әр сарбаздың қауіпсіздігі қаралған. Біреуді біреудің басынуына жол жоқ.
Керісінше, бұл гарнизонда белсенді Отан қорғаушыларды бағалау бар. Өз ісінде үздік нәтиже көрсеткен сарбаздар Қорғаныс министрлігі және өзге де тараптардан марапатталып тұрады. Біз жалпы мұндағы әскери қызмет жөнінде сарбаздардың да пікірін білдік. Мәселен, қатардағы жауынгер Тілеген Сәрсенбаев жамбылдық азамат. Ол: «Гвардейск гарнизонында әскери борышымды өтеуге былтыр күз айында келгенмін. Қазан айында келіп едім, алдағы айда бір жылдық Отан алдындағы борышымды сәтті аяқтап, үйіме қайтамын. Отардағы әскери борышым сәтті өтті. Мұнда тәртіп пен тәрбие жақсы. Әскери қызмет барынша мазмұнды, әсерлі болды. Бір жылымыз бір ай секілді жылдам өте шықты. Көп тәрбие алдық, әскери салаға бейімделдік. Көптеген отаншыл жігіттермен дос болдық. Түрлі оқу жаттығуларына қатыстық. Бір жыл ішінде ата-анамызды, бауырларды, достарды сағынғанымыз рас. Бірақ, мұндағы достарымызды, командирлерімізді қиып кету қиынға соғайын деп тұр. Мұндағы әскери қызметтің сапасы жақсы. Еліміздің кейбір жерлерінде айтылып жатқан дөрекіліктер мен әлімжеттік бұл жерде жоқ деп айта аламын. Мен өзім ондай өрескел, жөнсіз жағдайды кездестірген жоқпын. Мұнда сарбаздар өз істеріне жауапты», – деді.