Мәдениет

«Абайды» тұңғыш сахналаған режиссер немесе Абай Жамбыл сахнасына қалай келді?

Абай – қазақтың жазба әдебиеті мен мәдениетінің өзегі. Ол кемелденудің жолын өзінен кейінгілерге көрсетіп, біліммен, көркем мінезбен адам өз болмысын жетілдіріп, сақтайтынын өлең өрімдерімен талдап, жіктеп жеткізді. Ал Абайдың мол мұрасы мен жүрген жолын қазаққа ғылыми тұрғыда алғаш жеткізген Мұхтар Әуезов еді. Әрине, бала кезден қазақтың бас ақыны туралы тек естіп қана қоймай, оның отбасымен де араласа жүріп, көп дерекке қанық бола тұра, Мұхтар Абай туралы жазбаса, қазақ әдебиетіне жасаған қастандығы деуге болар еді. Мұхтар Омарханұлының әдебиет жолындағы алғашқы шығармасы «Еңлік-Кебек» те дәл осы Абайдың немересінің ұзатылуында сахналануы, оған ақынның отбасы мүшелерінің атсалысуы бекер еместей.

Тіпті, кейінірек Мұхтар Омарханұлы Абайдың немере күйеу баласы да атанды. Кей деректерде Мағауияның қызы Кәмиля Мұхтардың мәңгілік махаббаты болғанын да айтады. Олар Семейде табысқан. Шамасы, Мұхтар ақылы көркіне сай ару нағыз теңім болар деп үміттенсе керек. Алайда тағдырдың жазуымен ол қарым-қатынас бес жылдан аспады. Екі жастың арасына алдымен тым ұзақ жол түссе, екіншіден әйелдің денсаулығы да сыр бере бастағаны бар. Кәмиля да көрегендік танытып, жазушының жолын бөгемей, басқа таңдау жасатты.

«Абай жолының» жазылуы алаштың жолымен қабысып келді. Оған бір дәлел М.Әуезовтің Ж.Аймауытовпен бірге 1918 жылы Семейде «Абай» журналын шығаруы. Дәл осы кезеңде Мұхтар Омарханұлы Абай мұрасы жайындағы мақалаларын баспасөзде жариялай бастады. Онысы оқырмандар назарын өзiне аударды. Абай мұрасы туралы мақалалар жазумен бiрге ақын шығармаларынан үзiндiлер де жариялап, оқырман қауымға кең тұрғыдан таныстырып насихаттаумен айналысты.

Абайдың қайтыс болуына жиырма жыл толуына орай Семей қаласында өткен әдеби кеште «Абайдың қазақ әдебиетiндегi тарихи орны» атты баяндама жасап, ақынның ғылыми өмiрбаянын тұңғыш жазып шықты. Осы кезден бастап М. Әуезовтi әдеби жұртшылық абайтанудың негiзiн салушы ғалым ретiнде тани бастаған кезең басталды. Алайда бұл қолжазба араға тағы да он жыл салып барып қана жарияланды.

Аласапыран заман. Кеңес одағы билігі мен Алаш идеясын ұстанушылар арасында үлкен айқас жүріп жатты. Бұл айқастың ілігіне Мұхтар да түсті. Басы дауға қалғанымен, жазушы өз ізденістерін тоқтатпады. Әр тақырыпта қалам тербеп, драмалық шығармалар жазуға басымдық бергенімен, Абай тақырыбы жадынан кетпеді. Мұны қазақ поэзиясының Құлагері атанған Ілияс Жансүгіров те сезсе керек. Кей деректерде екі жыл түрмеде болып келген М.Әуезовке І.Жансүгіров Абай туралы алғашқы ғылыми еңбегін қағазға басып, ақынның шығармаларын жинақ етіп шығаруға түрткі болды деседі.

Қалай дегенде де бұл Абайдың қазаққа оралуы жолындағы үлкен серпін еді. Жиырма жылдық ізденістің келесі бір кезеңі Мұхтардың Мәскеуде жүріп жазушы Леонид Соболевпен бірлесіп, сахнаға арнап жазған «Абай» трагедиясы болды. Бұл шығарма – «Абай жолы» эпопеясының трамплині. Ендігі сөзіміз осы драманың сахналануы турасында болмақ.

Драма жазылды. Ендігі оны сахналау мәселесі бар. Бұл туралы драманың алғашқы режиссері, қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпанов өз естеліктерінде тәптіштеп жазған екен. Өйткені бұл туынды оның дипломдық жұмысы болумен қатар, оның қайраткерлік болмысын ашып, ұлттық көзқарасын қалыптастырған шығармаға айналды.

1940 жылғы Қазақстан республика сының мерекелі 20 жылдығын тойлауға дайындық жұмыстарын бастап, басшылық оған тарту деп «Абай» трагедиясын сахналауды жөн көрген. Мәселе оны кім сахнаға шығарып, кім Абайды ойнайтынында. Оны шешу үшін сол кездегі өнер басқармасының басшысы Бектембай Қосынов бас театрдың әртістерімен қоса Мұхтар Әуезовті шақырып, жиналыс өткізеді. Яғни, театр тілімен айтқанда «читка». Шығарманы алғаш оқып, таныстыру. Оны автордың өзі жасады. Ел тыңдады, пікірін ортаға сала бастады. Жиын барысында «Абайды» сахналау Асқар Тоқпановқа жүктеледі.

Мәскеудегі А.Луначарский атындағы Театр өнері институтының түлегі Асқар Тоқпанов бұл кезде бүгінде М.Әуезовтің есімі берілген академиялық қазақ ұлттық драма театрының қоюшы режиссері. Дипломдық жұмысына шетелдік драматургтің шығармасын дайындап жүрген ол ойда жоқта мүлде басқа арнаға тоғысады. Мұндай қойылымды қоятындай әлі тәжірибесі де жоқ. Дегенмен кәсіби маман деген аты бар. Үлкен жауапкершілік екенін ол түсінді. Қуанышқа орай аға буын сахна саңлақтары сенім артып, бұл іске жұдырықтай жұмыла кіріседі.

«Абайды» сахналау үшін режиссер әртістерімен бірге алты ай дайындалды. Сол кезеңде ол Семейге барып,Абай өсіп, білім алған жерімен, Мұхтар Әуезовтен бөлек Абайдың көзін көргендермен, туған-туыстарымен танысты. Музейін көріп, өзі пайдаланған заттарды ұстады. Абай туралы ақпараттың жұтаң кезеңінде бес жыл бұрын жарық көрген Құдайберген Жұбанов пен Әзімбай Лекеровтің жазбаларын, талдауларын зерделеді. Сөйтіп барып Абайдың өз шығармашылығына сүңгіп, ой елегінен өткізе, өз жұмысына кірісті. Режиссердің айтуынша, шығарманы сахналау үшін оған алдымен көп білім қажет. Сол білімді ол барынша осы кезеңде алуға тырысты. Осы бір кезең туралы Асқар Тоқпанов өзінің «Іңкәр дүние» атты кітабында былай деп еске алыпты: «... Абай бейнесін тұңғыш рет сахнада жасау, ойдағыдай шығару – халық қиялына сіңген ұлы адамның жарқын тұлғасын қайта туғызу Абай рөліндегі Қалибек Қуанышбаевқа да, өмірлік шығармашылық тәжірибесі аз режиссер маған да оңай тиген жоқ. Мен қатты қиналдым!», – дейді.

Мұндай тұлғаны сахнада қайта тірілту оңай ма?! Әсіресе, бұрын-соңды жасалмаған образды жасап шығару, автордың ойын елге жеткізумен қатар, тарихи тұлғаның болмысын бұзбау жас маман үшін үлкен жауапкершілік. Өйткені сол қойылыммен қазақтың Абайы, қазақтың әдебиеті, театр өнері көкке өрлеуі тиіс еді. Бұл миссия 1940 жылдың 20 қазанында Алматы сахнасында абыроймен орындалды. Туғанына 95 жыл толып, отыз алты жылдан кейін Абай ел үшін сахна төрінде тұңғыш рет қайта тірілді. Әрине, бұл жұмысты режиссер жалғыз алып шыққан жоқ. М.Әуезов те, театрдың барша мамандары жанын салып, үлкен дайындық жасағандарын айтады. Жас режиссер үшін бұл қойылым нағыз еңбек ортасының сүрлеуі болып, маман ретінде ысылып, пісуіне зор ықпалын жасады. Бұл тәжірибеден кейін режиссер жемісті еңбекті жандандырып, «Абайды» өзі жұмыс істеген Қарағанды, Атырау, Жамбыл театрларында да сахналады.

Бір кездері Абайдың аты берілмей қалып, бүгінде сол Абайды алғаш сахналаған режиссер А.Тоқпановтың есімін арқалаған Жамбыл облыстық қазақ драма театрының сахнасында «Абай» трагедиясы алғаш рет 1969 жылы сахналанды. Бұл жамбылдықтар үшін тарихи сәт еді. Өйткені Абайды сахнадан көру үшін ел Алматыға ағылып жатқанда, Жамбыл төріне оның алғашқы сахналаушысының өзі келіп, қаз-қалпында елге тарту етті. Бұл кездегі қойылымның суретшілерін де атап өткен жөн сияқты. Ол – А.Белолипецкий мен Т.Найманбаев болды.

Сонымен, 1968 жылы Асқар Тоқпанов Жамбыл театрына режиссерлық қызметке келеді. Өзімен бірге «Абайды» да ала келді. Расында «Абай» трагедиясы Асқар Тоқпановтың төлқұжатына айналды. Өйткені оның өнертанудағы ұстаздық лекцияларының бастамасы да осы «Абай» қойылымын сахналау, ондағы детальдарды аңғарту, кейіпкерлерді талдаумен басталады. Абаймен ол абырой да жинады, кейде қудалауға да ұшырады. Абай туралы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы бір сөзінде: «Абайды зерттеушілер қуғынға ұшырайтын. Өйткені Абай дегенде алаш ұғымы шығады», – дегені бар еді. Ол сөздің ұшқыны Асқар Тоқпановқа да тигенін Жамбыл облыстық мемлекеттік архив сақтауындағы Тоқпановқа жазылған арыздың бірінен жылт еткенін көрдік. Тоқпановтың болмысын қабылдамаған кей топ оны ұлтшыл деп, Жамбыл жерінде сахнаға Лениннен бұрын Абайды шығарды деп те айып тағыпты. Бұдан кейін Тоқпановты қалайша абайтанушы демейсің?!

Жамбыл театрында Абайдың рөлін Халық әртісі Шәріпбай Сәкиев сомдады. Ол бұл образды шығару үшін бар өнерін салды. Дегенмен әр әртіс өзі жасайтын образға бұрын-соңды ел көрмеген жаңашылдығын алып келетіні бар. Оны театр сыншысы Кәдірбек Уәлиев өз жазбасында: «... Қалибектің Абайы – ғұлама, данышпан, салқын қанды, салмақты, ойшыл болып тұлғаланса, Шәріпбайдың Абайында – халықшылдық хам-қарекет басым, сергек те сезімтал, дос-жаранға деген ықылас-ниет, қарым-қатынас тайға таңба басқандай анық әрі өткір болып шыққан. Шәріпбай бұған қоса, ақынның ойшылдық, терең қасиеттерін де қадірхалінше сәтті жеткізіп бере алды», – депті.

Бұл қойылымда сонымен қатар Әйгерімнің де рөлі бар. Ол рөл Нұрсифат Салықова апамызға бұйырыпты. Уақыт өте келе Әйгерімді ойнаған Нұрсифат апамыз араға 45 жыл салып, Құнанбай фильмінде Абайдың әжесі Зерені де сомдады. Ол кісінің жасаған образы сәтті шығып, Мемлекеттік сыйлыққа да ие болды. Осылайша Абай образы Жамбыл сахнасында жанданып, қойылымда жанын салған әртістерге атағы мен абыройын да паш етті.

А.Тоқпанов: «Абай» спектаклі біздің профессионал театрымыздың өсу жолындағы айтулы кезеңі болды. Бұл спектакль менің де өнер жолымның шам-шырағындай болып, келер күндерге қызу еңбекке шақырды. Осы спектакльден басталған творчестволық жолыма іштей риза болатын сәттерім де бар. Ұлы Абай жүрегі өзінің мәңгі сөнбейтін отымен мені әлі күнге жылытатын сияқты», – деп 1991 жылы 76 жасында ой қорытыпты.

Ал біз бұл тағылымды мұрадан Абайдың қазаққа, әлемге бергені телегей теңіз, сарқылмас бұлақ екенін аңғарамыз. Ол бұлақтан қанып ішкен адам кемелдікке жетіп, өзін табатынына сенім мол.

Назым ҚОЖАМАРОВА,

Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының «Дәстүр және өнер» бөлімінің меңгерушісі