Әдебиет

Бәрімізді Абайдың сөзі, ойы біріктіреді

Облысымызда Республика көлеміндегі әртүрлі білім сайыстарына қатысып, өңіріміздің мақтанышына айналып жүрген дарынды оқушылар баршылық. Солардың бірі – Айша-бибі атындағы «Білім Инновация» қыздар лицейінің 10 сынып оқушысы – Зере Сұлтанбекқызы. VII «Абайтану» олимпиадасы – облыстық кезеңінен І орын, республикалық кезеңінен ІІ орын алған Зеренің есімін ұлы Абайдың әжесіндей мейірімді, ақылды, парасатты болсын деген ниетпен өз әжесі қойған екен. Содан болса керек, Зере қыз жастайынан қазақ әдебиетіне құштар болып, кітап жастанған бала болып өсті.

Абайтану олимпиадасы – Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына терең бойлап, жастар арасында ұлы ақын мұрасын насихаттауға арналған зияткерлік байқау. Бұл олимпиада Қазақстанда алғаш рет 2010 жылдардан бастап өткізіле бастады. Нақтырақ айтқанда, 2011 жылдан бастап «Абайтану» пәндік олимпиадасы ресми түрде оқушылар мен студенттер арасында өткізіліп келеді. Олимпиаданы өткізу бастамасы білім беру мекемелерінің, атап айтқанда жоғары оқу орындары мен мектептердің, сондай-ақ Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Кейіннен бұл олимпиада республикалық деңгейге көтеріліп, түрлі аймақтарда тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Олимпиаданың мақсаты – өскелең ұрпаққа Абай шығармаларын терең таныту, оқушылардың әдебиетке қызығушылығын арттыру, Абай мұрасын зерттеуге ынталандыру және шығармашылық қабілеті жоғары жастарды анықтау болып табылады.

«Зеренің түрлі олимпиадаларда жетістікке жетуіне тікелей үлесін қосқан Айша-бибі атындағы «Білім Инновация» лицей интернатының ұстаздары», – дейді анасы Гүлнұр. Зере VII «Абайтану» республикалық олимпиадасында Абайдың қара сөздеріне эссе жазу бағыты бойынша қатысып, Абайдың қара сөздерін терең меңгергендіктен жақсы жетістіктерге қол жеткізді. «Алматы қаласында өткен Абайтану олимпиадасының республикалық кезеңінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды оқушылармен таныстым. Бұл сайыста бәрімізді Абайдың сөзі, ойы біріктірді. Бұл орта мен үшін шабыт беретін нағыз зияткерлік алаң болды» дейді Зере қыз. Білім мен өнерді қатар ұштастырған, қазақ тілі мен әдебиетіне деген ерекше сүйіспеншілігімен дараланған дарынды оқушы қыз облыстық, республикалық байқаулар мен олимпиадаларда топ жарып, оқып жатқан мектебі мен өңірінің мерейін асқақтатып жүр. Атап айтар болсақ, ІХ Шерхан Мұртаза оқулары – қаламгер шеберлігін талдаудан облыстық кезеңінен І орын, республикалық кезеңінен ІІ орын, «Қазақтың біртуар ұлы Дінмұхамед Қонаев» байқауы эссе бағыты облыстық кезеңі ІІ орын, Төлеген Айбергенов оқулары – эссе жазудан облыстық кезеңі І орын, VII «Абайтану» олимпиадасы – облыстық кезеңі І орын, республикалық кезеңі ІІ орын, «Жарқын болашақ» р е с п у б л и к а л ы қ о л и м п и а д а с ы «Сөз шеберлері» байқауы ІІ орын, Республикалық ғылыми жобалар конкурсы – әдебиет секциясы бойынша грамота, «Бауыржан оқулары» – эссе жазу бағыты, І орын, «МәшһүрЖүсіп оқулары» – облыстық кезеңі бас жүлде, республикалық кезеңі грамота, Қанипа Бітібаева атындағы республикалық олимпиада – облыстық кезеңі ІІ орын және Республикалық пәндік олимпиада ІІ орын иемденген Сұлтанбекқызы Зеренің бұл табыстары оның табандылығы мен еңбегінің, қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша ұстазы Гүлфазира Сегізбаеваның бағыт-бағдарының және атаанасының қолдауының нәтижесі. Жасөспірімдердің кітапты смартфонға айырбастаған заманында Зеренің әдебиетке деген қызығушылығы мен кітап оқуға деген құштарлығы қуантады.

– Абайтану олимпиадасы мен үшін тек жарыс емес, Абай әлеміне терең бойлаған ерекше саяхат болды. Ұлы ойшылдың шығармалары мені тағы да адамгершілікке, ізгілікке баули түсті, – деген ЗереСұлтанбекқызының алда әлі де талай белестерді бағындыратынына сенеміз!

Арна ЖҰМАТАЙ