Екінші орым басталды
Мал азығын дайындау жұмыстары Қарасаз ауылдық округінде жалғасуда. Бұл шаруаны қолға алған «Қуат» шаруа қожалығының жұмысы ширақ. Қазір қожалық екінші орымның жоңышқасын жинау үстінде. Жеті гектарды алып жатқан алқапта тайланған шөп жүк көліктеріне тиелуде.
Шаруа қожалық жетекшісі Қуат Сыздықбаев «ГАЗ53» маркалы жүк көлігін өзі тізгіндеген. Ал қарулы жігіттер оның аяң жүрісіне ілесіп, жүк көлігіне жанжақтан тайланған шөпті айырмен лақтырып, жинап үлгеруде.
Осы қарбалас үстінде Қуатты сөзге тартып үлгердік. Оның айтуынша, шаруашылықтың құрылғанына 22 жылдың жүзі болыпты. Бастапқыда қожалықты әкесі Нұржан Сыздықбаев құрып, басқарса, кейіннен өзіне сеніп тапсырған екен.
Шаруа тайланған шөптің бір бөлігін ауласына жинаса, бір бөлігін шығынын жабу үшін сатылымға шығарған. Қожалықтың бір бағыты – мал шаруашылығы. Ол үй іргесінен қолдағы малға арнап үлкен қоражай салып қойған. Жалпы қожалықтың қолдағы төрт түлік малының қысқы шөбі мен жемі 10 гектарға орналастырылған егін және жоңышқа алқабынан дайындалуда.
Марат Құлибаев
Жуалы ауданы