Алты жылда сегіз мыңнан аса жеке кәсіпкерлік құрылды
Мемлекеттік саясаттың маңызды қадамдарының бірі – «Ауыл аманаты» жобасы. Бұл жоба ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеруге арналған және жалпы әлеуметтік мультипликативті әсер береді: әрбір жаңа агрожоба жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал ете отырып, ауылда жаңа жұмыс орындарын ашады. Республика деңгейінде жоба аясында 2023 жылдан бастап 16,4 мыңнан астам жұмыс орны құрылыпты. Өткен жылы 744 жаңа жұмыс орнын құрумен 6,5 миллиард теңгеге 580 микрокредит берілген. 3,6 миллиард теңгеге 145 ауыл шаруашылығы кооперативі қаржыландырылған.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтың айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасының облысымызда жүзеге асырылып жатқанына биыл алтыншы жыл. Жоба аясында ауыл халқының тұрмысы көтеріліп, ауылдық округтердің экономикасы артуда. Аталған жобаны жүзеге асыру аясында республикалық және облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, 62 ауылдық округтегі 8028 жоба несиелендірілген. Жалпы жоба шеңберінде 2019-2023 жылдар аралығында республикалық және облыстық бюджеттен 42,2 миллиард теңге бөлінген. Оның 37 миллиард теңгесіне 252 мың бас мал сатып алынған. Несиемен қамтылған 7890 азамат өз кәсібін осы бағытта құрған. Ал жаңа құрылған 57 ауыл шаруашылығы кооперативтеріне ауыл шаруашылығы техникасы мен тіркемелерін алуға 3,5 миллиард теңге қаралған. Кооперативтер тарапынан 533 ауыл шаруашылығы техникасы тіркемелерімен бірге лизинг жүйесі арқылы алынып, егіс алқаптарында жұмыс істеуде. Сондай-ақ кооперативтердің аяғынан тұрып кетуі үшін бастапқы кезде 946,9 миллион теңге айналым қаражаттар берілген. Ал өз кәсібін ашуға ниет танытқан 97 жоба «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы тарапынан қолдау тауып, оларға 730 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі күні жоба аясында ашылған.
Жобаны іске асыру нәтижесінде ауыл тұрғындары тарапынан көтеріліп жүрген басты екі мәселе шешімін тапқан. Оның бірі – төмен пайызбен несие алу, екіншісі – ауылдық елді мекендердегі мүліктердің кепілдікке қабылдануы. Бұл кәсіп бастаған ауыл тұрғындарына үлкен қолдау болғаны анық. «Ауыл аманаты» жобасы аясында құрылған 57 ауыл шаруашылығы кооперативінде ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру, мал шаруашылығын дамыту жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі күні кооперативтердің көмегімен үй іргесіндегі жерлерді игеру және оларды орталықтандырылған жоғары рентабельдік тұқым мен миниралды тыңайтқыштармен қамту жолға қойылған. Сондай-ақ ауыл тұрғындары сатып алған малды арзандатылған мал азығымен қамтамасыз етілуде. Бұл шаруа қожалықтары мен кооператив мүшелерінің ауыл сыртындағы жерлерін біріктіру арқылы жүзеге асырылуда.
Жалпы 2019 жылдан бері осы жобаға қатысқан 611 жеке кәсіпкер өздеріне тиесілі 1,9 миллиард теңге несиесін толық жауып отыр. Бүгінгі күні өңірде несие қайтарылымы 99,6 пайызды құраған. Жобаны бұдан әрмен қарай жалғастыру үшін 2024-2025 жылдарға бюджеттен 17,3 миллиард теңге сұралды. Бұл қаражатпен екі мыңға жуық адамға несие беру көзделген.
«Ауыл аманаты» жобасын былтыр, яғни 2024 жылы облыста жүзеге асыру баяулады. Оған себеп болған жағдай, облыстан сұралған қаражаттың бөлінбей қалуы. Ал биылғы 2025 жылы жобаны жүзеге асыру үшін 5 миллиард теңге бөлу қарастырылған. Дегенмен жоба аясында ауылдық округ тұрғындарынан түскен жобаларды кері қайтарылған несие қаржысы есебінен қаржыландыру жұмысы жалғасын тапты. «Ауыл аманаты» электрондық платформасы арқылы «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 510 өтініш қабылданып, оған 3,5 миллиард теңге бөлініп, аталған жобаларды қаржыландыру жұмыстары жалғасуда. Сонымен алты жылда қанатқақты жоба аясында 8028 жеке кәсіпкерлік құрылды. Ауылдық елді мекендерде барлығы 37044 жұмыс орындары ашылған. Оның 22838- і тұрақты, 14206-ы уақытша жұмыс орындары. 2020 жылдың 1 шілдесімен салыстырғанда ауылдық елді мекендерде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 3392 отбасыға немесе 19139 адамға азайып, көмек төлеу есебінен үнемделген қаражат 823,3 миллион теңгені құрап отыр. Жобаға қатысушылардың орташа айлық табысы 78 мың теңгеден 134,8 мың теңгеге немесе 171 пайызға артқан.
Облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің ақпаратына сүйенер болсақ, 2025 жылдың 1 қаңтарына «Ауыл аманаты» жобасы аясында несиелендіріген жеке кәсіпкерлер тарапынан жалпы 1 миллиард 619,3 миллион теңге бюджеттік төлемдер төленген, оның ішінде, жеке табыс салығы – 238,5, әлеуметтік салық – 130,1, жер салығы – 3,7, зейнетақы төлемдері – 702,9, әлеуметтік төлемдер – 260,4, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) төлемдері 283,6 миллион теңгені құрады.
Марат Құлибаев