Экономика

Егіс алқаптарынан 260,5 мың тонна өнім жиналды

Егін орағы науқаны аяқталып келеді. Бүгінгі күні 343,4 мың гектарға орналастырылған масақты дәнді дақылдардың 294,5 мың гектары орылып, 260,5 мың тонна өнім жиналған. Жалпы бидай алқабы 157682 гектарды құраса, арпа 185810 гектар алқапқа орналастырылған. Бүгінгі күні бидай алқабының 82,9 пайызы, арпаның 88,2 пайызы жиналып, дәні қырмандарға төгіліп, қамбаға құйылуда.

Дегенмен өнімнің түсімділігі былтырғымен салыстырғанда төмендеу. Орта есеппен гектарына шаққандағы өнімділігі, төмені 4,8, жоғарғысы 12,9 центнерден айналуда. Ал егін орағына барлығы 490 комбайн және мыңға жуық жүк көліктері мен ауыл шаруашылығы техникасы тартылған. Сырттан егін жинау науқанына 50 комбайн келген. Комбайндардың басым бөлігі Байзақ, Жамбыл мен Меркі аудандарына тиесілі, ал Тараз қаласында 3, Мойынқұм ауданында 1 ғана комбайн орақ науқанына араласқан.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтың айтуынша, биыл облыс көлемінде 640 мың гектар алқапқа ауыл ш а р у а ш ы л ы ғ ы д а қ ы л д а р ы орналастырылған. Өткен жылмен салыстырғанда егістік көлемі 33,2 мың гектарға ұлғайған. Жалпы көктемгі дала жұмыстары барысында дәнді және дәнді бұршақты дақылдар – 361,9, майлы дақылдар – 38,1, бақша дақылдары – 12,7, картоп – 8,3, көкөніс – 31,1, мал азықтық дақылдар 181,3 мың гектар алқапқа орналастырылған. Бүгінгі күні картоптың 1,6 мың гектары қазылып, 35,5 мың тонна өнім алынған. Көкөністің 6,8 мың гектарынан 192,3 мың тонна, майлы дақылдардың 2,5 мың гектарынан 1,7 мың тонна, бақша дақылдарының 8,8 мың гектарынан 245,2 мың тонна өнім алынып отыр.

Өнімділіктің жоғары болуына тікелей әсер ететін минералды тыңайтқыштарды егіс алқаптарына сіңірілу жұмыстары тұрақты бақылауға алынған. Биыл облыс көлемінде 498,5 мың гектар алқапқа 99,6 мың тонна минералды тыңайтқыштарды ендіру жоспарланса, шаруалар тарапынан 60,4 мың тоннаға келісімшарт жасалынып, 54,3 мың тоннасы таратылып, сіңірілген.

Ал егін орағына келсек, оны басқарма агроқұрылымдардың күшімен алдағы аптада аяқтауды көздеп отыр. Егін орағы науқанына араласып жүрген комбайндардың күндік нормасы 12 гектар болса, күніне орта есеппен 1169 гектар алқаптың дәні жиналады. Бұл қарқынмен қалған 40 мыңнан аса гектарды бір-екі аптада аяқтап, басқа дақылдарды жинауға ауыспақ ниетте.

Марат Құлибаев