Қалаға да, далаға да сән берген
Еліміздің инфрақұрылымын дамытуда құрылысшылардың еңбегі зор екендігі анық. Бүгінде бұл сала қарыштап дамып, заманға сай жаңа мүмкіндіктер мен игіліктерді игеріп келеді. Ал тамыздың екінші жексенбісі елімізде Құрылысшылар күні ретінде жыл сайын аталып өтуде. Мереке қарсаңында өңір инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесі үшін құрылысшыларға құрмет көрсетілді.
Салтанатты жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдің экономикалық көрсеткіштерін қалыптастырудағы құрылыс саласының маңыздығын атап өтіп, сала мамандарын мерейлі мерекесімен құттықтады.

Аймақ басшысы өз сөзінде сала мамандарының ерен еңбегінің нәтижесінде өңірімізде халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қарқынды түрде кеңейіп келе жатқандығына тоқталды. Мәселен, өткен жылы облыста 127,1 миллиард теңгеге 124 әлеуметтік нысан пайдалануға берілген.
Ал биыл бұл бағытта жалпы құны 205,9 миллиард теңгені құрайтын 185 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 52 көпқабатты тұрғын үй, 26 жаңа мектеп, 9 денсаулық сақтау, 15 спорт, 12 мәдениет, 5 ауылшаруашылық нысандары және 61 инфрақұрылым жобалары бар.
Бұдан соң құрылыс саласының ардагері, «Сырым Білеке» ЖШС директоры Елмұрат Күнібеков еңбегі ерен құрылысшыларға лебізін арнады.
Жиын соңында еңбегімен ел ішінде абыройға бөленіп жүрген азаматтарға мерекелік марапаттар табысталды. Атап айтқанда, «SULTAN CITY GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылыс шебері Мұрат Айболов пен «Темір Строй Сервис и Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің газэлектрдәнекерлеушісі Ахан Батихов «Құрмет» орденімен марапатталды. Дәл сол секілді «Тараз құрылыс Дизайн» ЖШС бас инженері Қайрат Таубалдиев, «ЕрНұрЖан Құрылыс-2010» ЖШС кран машинисі Исмаил Мавлюдов пен «Өркен» ЖШС құрылыс шебері Ильдус Зимуков «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін кеудеге тақты. Бұдан өзге бірқатар азаматтарға Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен облыс әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттар табыс етілді.