Мемлекеттік тіл – әділ соттың ортақ үні болуы тиіс
Қазақстан Республикасы – зайырлы мемлекет. Тәуелсіздігіміздің басты тіректерінің бірі – мемлекеттік тіліміздің мәртебесі. Ата заңымыздың 7-бабында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп анық жазылған. Сондықтан мелекеттік тіл барлық салаларда, соның ішінде сот жүйесінде де негізгі құрал болуы тиіс.
Сот – бұл әділет пен заңның ордасы. Халық пен билік арасындағы сенім осы жүйеге қарап қалыптасады. Егер сотта іс жүргізу басқа тілде өтсе, азаматтың өз ойын еркін жеткізуі, құқығын толық қорғауы қиынға соғады. Ал мемлекеттік тілде іс жүргізілсе, халықтың сенімі артып әділдікке деген сенімі нығая түседі, азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін толық түсінуіне, әділеттіліктің ашық болуына және тараптардың тең дәрежеде қатысуына мүмкіндік береді.
Қазақ тілі- халқымыздың рухани негізі, ұлттық болмысымыздың өзегі. Сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін толық түсінуіне, әділеттіліктің ашық болуына және тараптардың тең дәрежеде қатысуына мүмкіндік береді. Қазақ тілінің сот төрелігінде кеңінен қолданылуы халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттырып, тілдік кедергілерді жояды. Сонымен қатар, бұл қадам ұлттық бірегейлікті нығайтып, еліміздің тәуелсіздігін терең сезінуге жол ашады.
Сот қызметкерлері мен судьялардың мемлекеттік тілді еркін меңгеруі кәсіби біліктіліктің белгісі болып саналады, ал азаматтарға құқықтық көмекті ана тілінде алу мүмкіндігі олардың заң алдындағы теңдігін толық қамтамасыз етеді.
Қорытындылай келе, әділ сот жүйесі халыққа жақын болғысы келсе, ең алдымен қазақ тілінде сөйлеуі керек. Себебі әділеттің тілі – халықтың өз тілі болуы тиіс. Мемлекеттік тіл – тек ұлттың емес, бүкіл мемлекеттің айнасы. Сондықтан «Мемлекеттік тіл-әділ соттың тілі» деген ұстаным баршаға ортақ қағидаға айналуы керек.
Гульмира Кулжабаева,
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық
экономикалық соты әкімшісінің бас маман - сот отырысының хатшысы