Жанармай құю бекеттеріндегі қауіпсіздік – әркімнің жауапкершілігі
Автокөлікке жанармай құю станциялары (АЗС) – өрт қауіпі жоғары нысандарға жатады. Бұл жерде тез тұтанатын заттармен жұмыс істеледі, сондықтан болмашы салғырттықтың өзі ауыр салдарға әкелуі мүмкін: өртке, жарылысқа, адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.
Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері ескертеді: ЖБҚ аумағындағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау – тек қызметкерлердің ғана емес, әрбір жүргізушінің міндеті.
БҚ-те өрттің туындау себептері:
– Жанармай құю аумағында шылым шегу немесе ашық от қолдану;
– Қозғалтқыш немесе электр құралдарынан шыққан ұшқындар;
– Жанармайдың төгілуі;
– Жабдықтарды пайдалану ережелерін бұзу;
– Жанармай құю тәртібін сақтамау.
Әр жүргізуші білуі тиіс:
– Жанармай құю алдында міндетті түрде қозғалтқышты өшіріңіз;
– Шылым шекпеңіз және ашық от пайдаланбаңыз;
– Жанармай бағанасы жанында ұялы телефон қолданбаңыз – ол ұшқын көзіне айналуы мүмкін;
– Жанармай төгілмеуін қадағалаңыз. Егер төгіліп кетсе – дереу операторға хабарлаңыз;
– Балаларды жанармай құю аймағына жібермеңіз;
– Жанармай құю кезінде көлікті қараусыз қалдырмаңыз.
ЖБҚ қызметкерлерінің міндеттері:
ЖБҚ қызметкерлері өрт болған жағдайда не істеу керектігін білуі, өрт сөндіргіштерді пайдалана алуы, жанғыш материалдарды сақтау және қолдану тәртібін сақтауы тиіс. ЖБҚ аумағында өрт сөндіргіштер, өртке қарсы қалқандар мен қауіпсіздік белгілері болуы қажет.
Есте сақтаңыз:
Бір ұшқынның өзі үлкен қайғыға әкелуі мүмкін.
ЖБҚ-тегі өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау – сіздің және айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігінің кепілі. Өрт немесе төтенше жағдай туындаған кезде бірден 101 немесе 112 нөміріне қоңырау шалыңыз.
Еркебұлан ШАРИПБАЕВ,
қалалық ТЖ басқармасының бас маманы.