Кісілік кісі таңдамайды
Осы күні кісілік жайында көп әңгіме айтыла бермейді. Сірә ол заманына қарай ұмытыла бастаған қасиет пе деймін. Негізінен алғанда «адамшылықтың негізі – кісілікте жатыр». Заманымыздың ойлы ақыны Қадыр Мырза Әлі «Кісілік кісі таңдамайды, ол қой бағып жүрген қатардағы қазақтан бастап, ел басқарып жүрген елеулі азаматтарға дейін, бірде біреуін жатырқамайды. Иә, жатырқамайды, бірақ ол екінің біріне бұйырмайтын, адамның адамына ғана, соның жүрегіне ұя салатын қымбат қасиет... Кісіліктің қадір-қасиетін түсіну үшін пенделік, тіпті, иттік қақында да әңгіме айтуға тура келеді» дейді. Ендеше ол кім көрінгенге бұйыра бермейтін, пенделіктен ада, адамшылықтың бет-бейнесін анықтайтын қасиет болғаны ғой.
Қазақта: «Кісі болар кісінің кісіменен ісі бар» деген мақал бар. Демек ол адамдар арасындағы қарым қатынастың төресі сияқты. Өкінішке қарай, қазіргі заманда қолында қорамжалы бар, бардам байларды ия болмаса билігі бар шенеуніктерді кісілігі бар деп түсінеміз. Соларға жағынып, жалпақтап, жарамсақтанып жүретіндер әлгі кісіліктің қадір қасиетін тұмшалап тастағаны анық. Жүрегі ақ, сөзі мен ісі жарасып тұратын, қолынан келсе қайырым жасауға бейім жандар ғана кісіліктің иесі деп түсінемін өзім. Оған келтіретін сан алуан мысалдарым бар.
Оның биік шыңын, үздік үлгісін мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың өмірінен алсақ та жетіп жатыр. Димекең өз сөзінде «Қаншама биікке көтерілсем де халқымнан биік емеспін» десе, енді бір сөзінде «Адамдық қалыпты биік ұстау – кісіліктің белгісі» деп тұжырымдайды. Қазақтың тағы бір данышпан ұлы Қаныш Сәтпаев «Халқым менен де биік» депті. Саралап отырсақ осы сөздерде кісілік пен кішіліктің ұлан ғайыр үлгісі жатыр.
Кісілік, меніңше адам мен адамның сәлемінен басталады ма деймін. Шын пейілмен, ыстық көңілмен «армысыз» деп жатса, жаның жадырамай ма. Жақында бір топ адам тұрғанбыз, ортамызда бір басшы-сымақ, бай сымақ бар еді. Көлденеңдеп келген бір жігіт жасымыздың үлкендігіне қарамай: «Басеке, амансыз ба, үйдегі жеңешемнің денсаулығы қандай?» деп жалпылдап жатыр. Басекесі танауы кеуіп дардиды да қалды. Әлгі жағымпазға: «Ей, ең алдымен ақсақалдарға сәлем бер» деп айтуға жарамады. Енді бір отырыста жасы үлкен ініміз тағы бір бастыққа: «Мына салаттан алыңыз, бастың көзін ұсынып отырмын, қырағы болыңыз» деп жалпылдады. Ал анау болса: «Аға, басты үлкендерге ұсынсаңызшы» деуге аузы бармады. Ана көзді жесе көреген болып кететіндей қоқиланды.
Ілгеріде үлкен жиын болғанда қариялардың мініп келген аттарының тізгінін ұстап, ақсақалды қолтығынан демеп, аттан түсіріп жатушы едік. Жақында бір жиында «Джиппен» келген бай кәсіпкердің алдынан он шақты жігіт жүгіріп, мәшиненің астына түсіп кете жаздады. Құдай сақтап қалды. Ал миллионер болса: «Жолды ашып тұрмайсыңдар ма» деп ренжіді.
Оны айтасыз, бастықтың ия, байдың әйеліне жармасып жататын жағымпаздарды көріп, жүрегім айныйды. Бірде Берден Байқошқаров ағамыз: «Киімді киіп, шеше алмайтын мүгедек емеспін» деп бір жағымпаздың меселін қайтарғаны бар.
Кісілік біле білгенге кішірею емес. Үлкен жиынның бірінде ет турайтын кез келді. Жасымыз үлкен-кішіге қарап отырып, жастау бір азаматқа: «Қарағым, жасың кіші екен, мына етті реттеп жібер» деп сұрандым. Сонда әлгім: «Мен бастықтың орынбасарымын, етті турамаймын» дегені. Мен де қырсығып қалдым: «Адамның кішісі болғанша, иттің күшігі бол» деген, онда саған ет жеуге де болмайтын шығар» деп кекеттім. Әлгінің ойынша кісілік қызметпен өлшеніп тұр ғой. Мен, өзім жақсы білетін Ералы Дадабаевтың ұл-қыздарына разымын. Үлкенді кіші дастарқанда ешкім айтпай-ақ, дастарханға кірісіп кетеді. Бұл неден? Әрине әке-шеше берген тәрбиеден бе деймін. Өйткені Ерекеңнің қашанда болса: «Ұлық болсаң, кішік бол» деп ұл-қыздарының құлағына құйып отыратынына өзім талай мәрте куә болдым. Демек, кісіліктің негізі – отбасындағы тәрбиеден бастау ала ма деймін. Кейде, бала-шағаларын ертіп келген кейбіреулер, балаларын дастарқан басына отырғызып жатады. Бұл енді надандық, көрсоқырлық!
Енді бірде бір тәуірсымақ ағамыз: «Біздің рудың жолы үлкен, той томалақта біз сөйлеуіміз керек, дастарқанда біз бата беруіміз керек» деп ұрыс шығарды. Ал енді жасы кіші бір ініміз: «Тойда мен неге бірінші сөйлемеймін» деп миымызды ашытты. Асабаны жерден алып, жерге салды. Асабаларымыз да оңып тұрған жоқ. Екі сөздерінің бірі: «Алты алашы бар, пәлен-түген деген данасы бар, пәлен рудың тойына қош келіпсіздер» деп көкиді. Қарап отырсаңыз ол тойда қырық рудың өкілдері отыр ғой. Асабаның аузына келгенін оттап, келгендерді бөлшектеуі – кісілікке жатпайды әрине.
Мына заманда үлкенді-кішінің, ата ананың ұл-қызының, қатарларының адам таңдауы, қызметіне, байлығына қарап сыйласуы белең алып барады. Көзіміз көріп жүр. Үлкендер ауыр жүк көтеріп бара жатса, ия болмаса автобустың ішінде түрегеп тұрса, қол қайыр жасайын дегендер азайды. Тіпті он сегізінде бір гүлі ашылмаған қыздар, ата сақалы аузына түскен ақсақалдармен «аташка» деп қалжыңдасып жатады. Мұндай сұмдықты кім көрген! Мөңке би айтпақшы: «Қарап тұрған жігітке, қыз асылар» деген заман туды. Біреулер ашып айтқандай: «Қатын би болды, сиыр пұл болды». Содан ба отбасының беріктігі кісіліктен кетіп қалды. Үйде біреу бас болмаса, кісілік, кішілік ада қалатынын көзіміз көріп жүр.
Сол кісіліктің қас жауы – кісәпірлік. Кісәпір адам тоң мойын, өзін ғана дұрыстап, айтқанынан қайтпай, тырысып отырады. Я болмаса біреудің жақсылығын көре алмай, кемшілігін жіпке тізіп, қиянат іздейді. Кейде жақсылық жасаған болып, біреуге бірдеңе берсе, соны қоймай айтып, бас пайдасын ойлайды. Шығымы жоқ, бергенді де, алғанды да көре алмайды. Іші тар, пасық, надан келеді.
Таяуда ғана Шымкент қаласындағы «Қазығұрт» киностудиясы түсірген «Ойран» деген фильмді көріп қалдым. Әлгі киносымақтың оқиғасының ұзын ортасы мынандай: Әйелі бар жігітпен жарасып қойған бір бойжеткен орманның ішіне қарай қашып келеді. Соңынан жаяулап, жалпылап, тіпті «Джипке» мініп ағалары қуып келеді. Әлгі қыз жан ұшырап Орманшыны паналайды. Қызға жаны ашыған Орманшы кісілік көрсетіп, оны жасырады. Содан не керек, әлгі қыздың ағалары Орманшыға келіп: «Ей шал! Осы жерге қашып келген қызды көрдің бе?» деп дікілдейді. Кісілігі ұстаған Орманшы көрмегенін айтады. Сол сол-ақ екен әлгі төрт жігіт әкесіндей шалды иектің астынан қонжита ұрып, шалқасынан түсіріп «қызды айтасың, әйтпесе ажалың бізден» деп ағашқа байлап тастайды. Сөйтіп тұрғанда, әлгі қасқалардың әкесі «Джипке» мініп жетеді. Балаларына: «Ана қаншықты таптыңдар ма?» дейді. Олар таппағандарын, бірақ оны ана байлаулы шалдың жасырғанын айтып екпіндейді. Сонда басына қапшық кигіздіріп қойған Орманшы шал: «Ей, Пәленшиев бұл сенбісің?» дейді. Анау да тани кетіп: «Ойбай-ау жолдас кәмәндір бұл сенбісің» дейді. Балаларына Орманшыны босатуды талап етеді. Сөйтсе екеуі Ауғанстанда соғысқан қанды көйлек қаруластар болып шығады. Орманшыны құшақтаған балалардың әкесі: «Әкеңдей адамды неге ұрдыңдар? Кешірім сұраңдар» демейді. Сол екі ортада қызды екі қабат еткен жігіт те оқиға болған жерге жетеді. Қыздың ағалары оны да ұрып, «өлтіреміз» дегенде қыз жасырынған жерінен шығып: «мен оны сүйемін, оған тимеңдер» деп шырылдайды. Кісілігі ұстаған Орманшы шал ортаға түсіп, араша сұрайды. Қарулас досы оның сөзін құп көріп, қызды бүлдірген жігітке: «Жарайды, болар іс болды, енді қызыма үйленесің» деп талап қояды. Осылайда осылай әңгіме болып тұрғанда, осы оқиғадан хабардар болған жігіттің екі баласы бар, әжептеуір келіншегі келіп: «Уа жараңдар, махаббатта шек жоқ, мен кештім, егер сіздер қарсы болмасаңыздар, қыздың құлағына сырға салайын» деп өзінше «кісілігін» көрсетеді. Қай заманда қазақта күндесі тоқал болайын деп тұрған қыздың құлағына сырға салып еді. Ал бұны киноға түсірушілер – «кісіліктің шыңы» деп көрсетіп отыр ғой. Айтарға сөзім жоқ. Бұл шынында тәрбиелік мәні жоқ, әр отбасын талқандауға негізделген – ойранның өзі болса керек.
Жалпы біздің киногерлер кино түсіруді, кісілікті, кішілікті, өзбектерден үйренсе айып емес. Кісіліктің де, кішіліктің де өз шегі бар. Ол адамшылық нормадан асып кетпеуі тиіс. Кешіргеннің жөні осы деп кесірлікке, көр соқырлыққа жол бермейік ағайын.
Сонымен, кісілік дегеніміз не? Оны адамшылықтың негізі деп түсінемін. Кісілікті жағымпаздықпен, жарамсақтықпен, надандықпен шатыстырып алмайық. Кісілік – жүректің тазалығы, иманның беріктігі, қарым-қатынастың төресі деп түсінуіміз керек.
Ия, шыныменде ақын Қадыр Мырза Әлі айтпақшы, кісілік қарапайым адамға да, лауазымды тұлғаға да бұйыра бермейтін қасиет. Мен нағашым, Талас совхозының атақты қойшысы Әбдіхалық Қадірсізовтен тектілікті көруші едім. Тап-таза киініп, ешқандай басшыға жалпақтамай, артық сөзге бармай, тік күйінде өтті өмірден. Ол үйдегі жеңешем Тыныштық Қадірсіз келіні отағасының есімін атамай, тапқан дүниесін шашау шығармай, келген қонақты дәрежесіне қарап бөлмей, үйінің абыройы үшін дастарқанын жайып, күтетін. Сонда нағашым текті қалпынан айнымай, отанасының абыройын ойлап, асқақтатып отыратын. Осыған қарағанда кісілік отбасының бірігіп жасайтын берік сыйластығынан басталады-ау деп ойлаймын. Екеуі екі жаққа «Мен бимін» деп қисайып отырса ол үйден кісілігің қашып кетпей ме? Ұлы Абайдың «Би екеу болса, дау төртеу болады» деген сөзінің мәнісін енді түсіндім. Қашанда бірін-бірі сыйлаған жандар ғана кісілікпен өмір сүреді.
Сонымен кісілік дегеніміз – адамшылықтың айнасы, ар-намыс, ұяттың өлшемі.
Сіз қалай ойлайсыз оқырман?
Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
Жамбыл облысының үздік биі