Әлеумет

Менің атам – қаһарман

Ел басына күн туып, ердің азаматтығы сынға түскенде, Отанына қорған болған ерлерін халқы ешқашан жадынан шығармайды. Ерлердің қан кешіп жүріп жасаған ерлігіне қара жер мен тау-тас, бел-белестер куә. Тарих дер кезінде жазылмаса ұмытылуы мүмкін. Қазақ тарихының талайы осындай себептермен зерттеусіз, өшіп қалып жатыр.

Ал менің атам Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Нұрманалы Балғаев көзі тірісінде естелік жазып қалдырған.

Атам Нұрманалы Балғаев 1922 жылы Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы (бұрынғы Луговой) Жарлысу елді мекенінде қарапайым шаруаның отбасында өмірге келген. 1933 жылы әкесінен, артынша анасынан айырылған. Бұдан бұрын екі інісі көк жөтелден қайтыс болып, 11 жастан жетімдіктің зардабын көріп, ашаршылықтың ащы дәмін татып, балалар үйінде өскен. Бала кезінен шынығып, еңбекке ерте араласып өскен оның жастық шағы жалынды еңбекпен шыңдалды. 1939-1940 жылдары Тараз қаласында халық шаруашылық техникумында оқып, 1942 жылға дейін есепші болып жұмыс істеген.

Қызыл Әскер қатарына 1942 жылдың 4 қаңтарында Жамбыл облысы, Меркі аудандық әскери комиссариатынан шақырылған.

Мен атамды нағыз қаһарман санаймын, себебі оның жауынгерлік жолы ерлікке толы. Бастапқыда біраз жаттығудан өткен. Кейін Батыс майданының құрамында, 38 атқыштар дивизиясының 48 атқыштар полкінде атқыш, қатардағы жауынгер болады. Жауға қарсы ұрыс жүргізе отырып, әйгілі Сталинград қаласын жаудан қорғаған. Жан алысып, жан беріскен шайқаста Сталинград қаласы үшін жойқын ұрыста трактор зауытының маңайында ауыр жараланады. №4423 көшпелі дала госпиталінде емделіп, қайтадан қатарға қосылады. Содан кейін ол кіші командирлер даярлайтын курсты бітіріп, сержант атанады. 1943 жылдың мамыр айында 199-шы атқыштар дивизиясының құрамындағы 617-ші атқыштар полкіне пулемёт бөлімшесінің командирі болып тағайындалады. Осы жылдың 23 маусымында Ельня қаласының маңында, сол жамбасына оқ тиіп, тағы жараланады. Смоленск облысы Гжатск қаласында емделіп, содан кейін 202 қосымша атқыштар полкіне түседі.

Осы полктан кіші лейтенант дайындайтын курсқа Волоколамск қаласына жіберіліп, оны 1944 жылы мамыр айында бітіреді. 159-атқыштар дивизиясының, 491-атқыштар полкінің взвод командирі болып тағайындалады. Осы полкта 1944 жылы 23 шілдеде Витебск қаласы мен Орша қаласының арасында жойқын ұрыста тағы да сол жақ белінен оқ тиіп, үшінші рет жараланады. Смоленск облысының Ярцево елді мекенінде №3106 көшпелі госпиталінде емделіп, сол жылдың қазан айында 192-атқыштар дивизиясының 490-шы атқыштар полкінде пулемет взводының командирі ретінде ұрысқа кірісіп, шабуыл бағытында Россейняй қаласын алуда (Каунас қаласынан 7 шақырым жер) 1944 жылдың 6 қарашасында тағы да ауыр жараланады. Бұл жолы минаның жарықшағы сол аяғының сүйегін сындырған.

Содан кейін 1-2 айдан соң 262 гвардиялық атқыштар полкі 82-атқыштар дивизиясының қарауына взвод командирі етіп жібереді. Бұл уақытта кеңес әскерлері Германияның Шығыс Пруссиясы Инстенбург қаласының төңірегінде ұрыс жүргізіп жатқан. Инстенбург қаласы қазір Черняховский болып аталады. Осы қаланы алуда 3-ші Беларусь майданының қолбасшысы армия генералы Черняховский оққа ұшады.

Лейтенант Нұрманалы Балғаевтың ерекше ерлігі 1945 жылдың 10 ақпанында Шығыс Пруссия жерінде Кенигсберг қаласының бағытында Фольварк Брух елді мекенінде жойқын, қанды ұрыста рота командирі саптан шыққанда байқалады. Осындай қиын-қыстау кезеңде атам – взвод командирі лейтенант Балғаев бүкіл рота басшылығын өз қолына алады. Артиллерия, миномет атқылауына қарамастан, жау шабуылын тойтарады. Төрт жарым сағаттың ішінде жаудың алты шабуылына тойтарыс беріп, өздері қарсы шабуылға шығып, нәтижесінде, жау әскерлері гвардияшылардың тықсыруына шыдай алмай, кейін шегініп, 70-тен астам солдаттарынан айырылады.

Осы аса қанқұйлы шайқас үшін атамды полк командирі майор Соколов «Қызыл Жұлдыз» орденіне лайық деп қол қояды. Ал, дивизия командирі генерал-майор Тымчик ерлігін бағалап, І дәрежелі «Отан соғысы» орденін ұсынады. Корпус командирі генерал-лейтенант Лопата оны қуаттап, марапаттайды. Бұл деректер Ресей Федерациясының Қорғаныс Министрлігінің орталық мұрағат құжаттарынан алынды.

Атам өз жазбасында бұл туралы былай депті. «1945 жылы 15 қаңтарда жалпы ІІІ Беларусь майданы, оның ішінде біздің полк те жаппай шабуылға шықты. Біз немістерді Кенисберг қаласына дейін қуып бардық. Бұл кезде Кеңес әскері шекарадан өтіп, Германия жерінде ұрыс қимылдарын жүргізіп жатқан болатын. Біз, 82-гвардиялық атқыштар дивизиясы 262-гвардиялық атқыштар полкі 3 сәуір күні шабуылға аттанып, 9 сәуірде Кенисберг қаласын фашистерден тазартып, одан ары Балтық теңізінің жағалауымен Пилау портына қарай соғыстық. Осы жерде Кенисбергті алуға қатысқаным үшін «Отан соғысының І дәрежелі орденімен» наградталдым. Осы күндері жау әскері Курляндия түбегіндегі өз әскерлеріне қарай шегініп, сол жерде қарсылық көрсетіп жатты. Біз Данияға баратын жарты аралда бекініс жасап тұрғанда Германия астанасының қоршауға алынғанын естіп, қуанып қалдық. Көп ұзамай сол қуанышымыз шын қуанышқа айналып, Жеңіске жеттік. Сол күнгі Жеңіс мейрамы әлі күнге көз алдымда. Барлық полк құрамалары орман ішіне орналастырылған ұзын орындықтарға отырып, дивизия командирі, генерал-лейтенанттардың құттықтау сөзін тыңдады. Содан кейін қуаныштан шыққан көз жасымызды жасыра алмай, бәріміз бір-бірімізді құшаққа алып құттықтаған едік».

Соғыстан кейін атам елге оралып, бас құрайды, еңбекке кіріседі. Өмірлік жары Мейрамкүл апам екеуі Сәдібек, Сәтібек, Сағади, Ғани, Дүйсенбек, Сағидат, Әзизбек, Несіпкүл, Сәуле, Жақан, Эльмира, Банаду, Дүйсекүл сынды ұл, қыз тәрбиелеп жеткізіп, немере, шөбере сүйді.

Дарын НҰРМАНАЛЫ,
Айтқұл Шынасилов атындағы орта
мектептің 7-сынып оқушысы.

Т.Рысқұлов ауданы