Оқушылар Алаш арыстарының еңбектерін зерттеп жүр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық педагогтар съезінде сөйлеген сөзінде «Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Сондықтан ұстаздар қауымына, яғни сіздерге зор жауапкершілік жүктеледі», – деген еді. Мұғалімнің өзіне жүктелген жауапкершілікті шынайы сезіне жұмыс істеуі жарқын болашаққа басталған даңғыл жол іспетті.
Ұстаз болуды білім беру ғана емес, алдына келген әр баланың ертеңіне оң бағыт сілтеп, оқыта отырып, ғылымға жетелеу. Сол арқылы халықтың игілігіне жарар жаңа іс табуға жасөспірім тұлғаларды қызықтыра білу екенін ұғынатын мұғалімнің бірі Т.Рысқұлов ауданының Жарлысу ауылындағы тарих пәнінің мұғалімі Кенжебек Устемиров. Ол күнделікті сабағын өтумен қатар, ғылыми ізденіске құштар оқушыларды тарихи жаңалық табуға да жетелеп жүр. Олай деуіміздің себебі – оқушылары Дархан Нұрманалы, Нұрперзент Әшірәлімен бірге халқымыздың тарихи тұлғаларын зерттеп, әлі анықталмаған тұстарын елге танытуда атқарып жүрген еңбектері.
Әлихан Бөкейхановтың азаттық жолындағы, мемлекет болу жолындағы еңбегінің, күресінің негізгі арналарын зерттеген Дархан Нұрманалы мектепті тәмамдап кеткеннен соң, сол тақырыпты қазір 9-сынып оқушысы Нұрперзент Нұрдәулетұлы жалғастырып жүр.
Жас зерттеушілер бұл еңбекте кең ауқымды деректер негізінде Әлихан Бөкейхановтың ғылыми мұраларына талдау жасап, халқының азаттығы үшін және қоғамда атқарған еңбектеріне бүгінгі талапқа сай баға беруді көздеген. Қазақтың мемлекет қайраткерінің Отан тарихындағы, оның ішінде ұлт-азаттық қозғалыс тарихындағы, Алаш және Алашорда қозғалысы жолындағы ғылыми еңбектеріне талдау жасалған. Оның мұрасындағы отандық тарих ғылымының дамуындағы сабақтастығын көрсеткен.
Ғылыми зерттеу жұмысында анықталған тың деректер ел тарихына еніп, оны халық таныса, кешегілерден қалған із, естеліктер қатары байи түсер еді.
Қамар ҚАРАСАЕВА