Ауыл жастары «Ақылды ферма» ойлап тапты
Ғылым тұрмысты жақсартып, табысты арттыруға үлкен мүмкіндік береді, тек ізденіс болса жеткілікті. Т.Рысқұлов ауданының Көгершін ауылындағы Ақтоған шағын орталықты мектебінің оқушылары үздіксіз ізденістің нәтижесінде «Ақылды ферма» ойлап тапты. Ол мал шаруашылығына өте пайдалы. Бұл ауыл сонау 1960 жылы аты әлемге танылған Абсент сәйгүлігімен белгілі. Содан бері мұнда асылтұқымды жылқы шаруашылығы әлі күнге дейін жүргізіледі. Бірер шаруа қожалықтар негізінен асылтұқымды жылқыларды бағады. Ауыл мектебіндегі оқушылар жылқы фермаларында жұмыс істейтін ағаларының ауыр еңбегін көріп жүріп, өздері қызығатын робототехниканың пайдасын малшы ағалары көрсе деген ойға келеді.
Осы ойдың нәтижесінде мектеп оқушылары информатика пәнінен дәріс беретін мұғалімдерімен бірлесіп «Ақылды ферма» жобасын әзірлеп шығарған. Тіпті, сол жобамен Республикалық «Fibonacci Robot Olympiad» байқауына қатысып, 2-дәрежелі орынды олжалаған.
Айта кетелік, бұл жобаны әзірлеу барысында оқушыларға Бағдат Маратұлымен бірге информатика пәнінің мұғалімі, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Мұрасбек Байшемиров жетекшілік еткен.
Аталған байқау Астана қаласында өтіп, оған 650 команда, 2000-ға жуық оқушы және 250-ден аса мұғалім қатысып, бақ сынады. Осындай дүбірлі додада жоғары нәтиже көрсетіп, 2-дәрежелі орын алған Ақтоған шағын орталықты орта мектебінің оқушылары «Көгершін» тобы атауымен бірлесе қатысқан. Ал топ басшысы Нұрсұлтан Болатбек достарымен бірге әлі де ауылдастарының игілігіне жарайтын жобалар әзірлеуде ізденіс үстінде жүргендерін жеткізді.
Бұл топтағылар 8-9 сынып оқушылары екенін де айта кеткен жөн. Олар ІІ орынның жүлдесімен қоса Түркия елінде өтетін Халықаралық байқауға жолдама алған. Оқушылардың елге пайдалы жаңалық ойлап табуға деген ынталары, ғылымға деген ұмтылыстары келешектерінен үлкен үміт күттіреді. Жас таланттардың ізденістегі еңбектеріне сәттілік тілейміз.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Т.Рысқұлов ауданы