Қытайлық спутник ауыл мектептерін интернетпен қамтамасыз етеді
Елімізде қытайлық Shanghai SpaceSail компаниясы спутниктік интернет жүйесін сынақтан өткізді. Жүйе елімізге арнайы келген мамандардың қатысуымен іске қосылды. Қосылу кезінде интернет жылдамдығы 200 Мбит/с-қа жетіп, жоғары сапаны көрсетті.
Аталған жүйе төмен орбиталық спутниктерге негізделген. Мұндай технология шалғай елді мекендерге жоғары жылдамдықтағы интернет жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл – талшықты-оптикалық желі тарту қиын немесе қымбат өңірлер үшін тиімді шешім. Жоба ауылдық мектептерді, медициналық мекемелерді, мобильді қызметтер мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын сапалы байланыспен қамтамасыз етуге бағытталған.
Жыл басында Халықаралық қаржы орталығында SpaceSail Kazakhstan Limited компаниясы тіркелген болатын. Бұл – Shanghai SpaceSail-дің Қазақстандағы еншілес ұйымы. Бүгінде сарапшылар тарапынан компания Илон Масктың Starlink жүйесіне балама ретінде қарастырылуда.
Айта кетейік, 2025 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстанда Starlink спутниктік терминалдары ресми түрде күзде сатылуы тиіс. Алдын ала болжам бойынша оның құны 500 доллардан басталуы мүмкін.
Нұрболат АМАНБЕК