Әлеумет

Жылыжай баптап, жер емген диқан

Нұрлыкенттік шаруалар біраз жылдан бері қырыққабат өсірумен айналысып келеді. Осы кәсіптен нәсібін айырып отырған жанның бірі – Нұржан Әбдіраймов. Ол бұл кәсіппен 15 жылдан бері тұрақты айналысып келеді.

Оның айтуынша, ерте көктемде есік алдында арнайы қолдан жасалған жылыжайға қырыққабат және басқа да бақша дақылдарының тұқымын сеуіп, өсіріп алады. Өзіне керекті көшетті осы жылыжайда дайындаса, артығын базарға шығарып, өткереді. Жалпы көшетке деген сұраныс жоғары. Көшет өсірумен Нұрлыкент ауылында айналысатын үй көп. Алғашқыда ол бұл дақыл түрін өз ауласына өсірсе, уақыт өте ауылдың шетінен 25 сотық жерді жалға алып, сонда отырғызады. Біраз тәжірибе жинақтаған соң оны гектарлап отырғызып, саудасын бақша өнімдері арқылы тауып жүр.

Жалпы қырыққабат басқа бақша дақылдарына қарағанда тез өсіп, тез жетіледі. Әрине, күтімі мен бабы келіссе. Ағын судан тарықпаса қырыққабат өсімтал. Бірақ өз деңгейіне жеткенше 7-8 рет суарылады. Жеке кәсіпкер болашақта қырыққабат алқабына тамшылатып суару қондырғысын енгізуді жоспарлап отырғанын айтты.

Нұржан Кеңесбекұлының қырыққабат алқабы жайқалып-ақ тұр. Биыл ол қырыққабатпен қоса жарты гектар алқапқа сәбіз отырғызыпты. Одан бөлек, күнделікті отбасы тұтынуы үшін салған азын-аулақ бақшасы бар. Сәбізді де біраз жылдан кәсіп еткен ол бұл көкөністің жұмысының көп екенін айтады. Арам шөбін жұлу, жекелеу, күзде қазып алған соң сабағын кесу, сорттау, мұның өзі көп жұмыс. Бір ғана өнім түрімен шектеліп қалмай, қар түскенше сәбізді өткеріп, оны да күнкөріс қамына жаратуда.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы