Спорт және туризм

20 жасар жамбылдық Сурдлимпияда ойындарының жүлдегері атанды

Жастар арасында жасындай жарқырап, ересектер сапында да мықтылығын дәлелдеген жамбылдық балуан Нұржан Асан грек-рим күресінен 2022 жылы 1–15 мамыр аралығында Бразилияда өткен XXIV жазғы Сурдлимпияда ойындарында қола жүлде иеленіп, ел мерейін үстем етті.

Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен дүбірлі доданың 77 келі салмағында белдескен Нұржан алғашқы кезеңде-ақ әлем, Еуропа және Олимпиада чемпионы, түркиялық Мұхаммед Акденизбен тартысты белдесу өткізіп, 5:3 есебімен есе жіберген болатын. Алайда қарсыласы финалға шыққан соң, Нұржан қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алды.

Жүлделі орын үшін болған шешуші белдесуде ол болгариялық тәжірибелі, жасы 40-тан асқан палуан Христо Станойчевті небәрі 25 секундта таза жеңіп шықты.

Осылайша, Нұржан Асан XXIV Сурдлимпияда ойындарының қола жүлдегері атанып, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері атағын иеленді. Бұл биікке жетуде Нұржанның жеке еңбегімен қатар, оның бапкері Ринат Исмайловтың да ұзақ жылғы тынымсыз дайындығы үлкен рөл атқарды.


Осы Сурдлимпияда ойындарынан кейін екі бірдей үлкен марапат табысталды: Нұржан Асан – еңбек сіңірген спорт шебері, ал оның жеке бапкері Ринат Исмайлов – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағына ие болды.