Азия мен Еуропа жүк тасымалының 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді – Тоқаев
Мемлекет басшысы Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясында сөз сөйледі, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ең әуелі конференцияны шақыру бастамасын көтергені үшін Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке ризашылығын білдірді. Сондай-ақ теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдердің проблемаларын шешуге және мүмкіндіктерін пайдалануға бейіл танытқаны үшін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке алғыс айтты.
Президенттің айтуынша, осы топ құрамындағы 32 дамушы елде жарты миллиардтан астам адам тұрады. Олардың көпшілігі қаржыландыруға және технологияға қол жеткізуде, сондай-ақ жаһандық нарыққа жол табуда кездесетін кедергілермен бетпе-бет келеді.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Аваза іс-қимыл бағдарламасын тұрақты, инклюзивті және орнықты келешекке жеткізер жол картасы ретінде толық қолдайтынын мәлімдеді
Қасым-Жомарт Тоқаев климаттың өзгеруін тағы бір түйткіл ретінде атады.

Президент Қазақстанның серіктестермен бірге аймақтағы өзара байланысты нығайту, цифрлық трансформацияны ілгерілету және ұзақ мерзімді әрі орнықты өсімге ықпал етуді көздейтін елеулі шаралар қабылдап жатқанын жеткізді
Мемлекет басшысы өңірлік күн тәртібі жөнінде пікір білдіріп, елдердің мүмкіндігі географиямен шектелмейтінін Орталық Азия тәжірибесі көрсетіп отырғанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобының мақсаттары мен қағидаттарына бейіл екенін растады.