Мәдениет

Жерлес сатирик жайлы деректі фильм жарық көрді

Жақсының аты, ғалымның хаты қалады» демекші, елге еңбегі сіңген дара тұлғаларды жұртшылық қай кезде де ұмытпайды. Сондай ерекше қабілет иесі, журналист, сатирик қаламгер, Қазақстан Журналистер Одағы Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының иегері Басқарбек Битанов болатын. Бар болғаны 36 жыл ғана ғұмыр кешкен ғажайып азаматтың арманы үлкен еді. Тіпті, өмірінің соңғы кездерінде еліміздің алғашқы Президентімен бірге сырт мемлекеттерге шығып, мақсатының көкжиегін кеңейте бастап еді. Тіпті, Чехословакия мемлекетіне елшілікке жауапты қызметке барудың да жолы ашылып тұрған кезде, кенеттен өмірден озады. Амал қанша? «Жазмыштан озмыш жоқ». Алланың ісіне пенде баласына көнгеннен басқа шешім жоқ.

Осындай асыл азаматты бір ғана Т.Рысқұлов ауданы емес, барша қазақ халқы құрметтеген. Ғылым мен білім ордасы Алматы қаласында да Басқарбектің тілеулес достары өте көп болатын. Соның бірі – белгілі журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Доғдырхан Тұрлыбек. Ол жақында ғана «Басқарбектің биігі» атты деректі фильм түсіріп, аяқтап шықты. Авторы да, режиссері де – Доғдырхан Тұрлыбек.

Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде аталған деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Бұл фильмді түсіру барысында Д.Тұрлыбек үлкен ізденістерге барған. Басты кейіпкер Басқарбектің әр салада істеген құнды еңбектерін қамти білген. Тіпті, халықаралық сапарларда еліміздің алғашқы Президентінің жанында тұрған суретін де тауып алған.

Басқарбек «Тамаша» ойын-сауық отауының да тұрақты авторы болған. Фильмде ол жағы да керемет көрініс тапқан. Туған ауылы Көкдөненге келіп, кездесу өткізген сәті. Сол кезде залда ине шаншар орын болмағаны шынайы көрсетілген. Сол сапарда Битановқа еріп келген Уайс Сұлтанғазиннің жылы пікірі де қамтылыпты. «Біз Басқарбек Битановты ерекше құрметтейміз. Бұл азамат досымыз және «Тамашаның» тұрақты авторы. Сатиралары өте дәл, тұщымды. Нысанаға дөп тиеді. Алдағы уақытта да Басқарбектің берері көп. Біз осы талантты азаматтың биіктерде жүруіне тілектеспіз» депті.

Деректі фильмде Басқарбек туралы ой қозғап, оның биік болмысына белгілі журналист Ділдар Мамырбекова, есімі елге белгілі тіл жанашыры Талғат Айтбайұлы, сатирик Қазихан Әше, қоғам қайраткері Доғдырхан Тұрлыбек , ағасы Бейсенбек Алтаев, сыныптасы Мейрамбек Байғабылов, курстасы Мұрат Елеусіз кеңінен тоқталып өткен. Асыл жары Тұрсынкүл Битанованың толғанысқа толы сөзін көзге жас алмай тыңдау мүмкін емес. «Ауыр жылдар өтті. Басқарбекті күн сайын сағынамыз. Бірақ ол келмейді. Өкініштісі осы. Есімі елдің есінде. Соған шүкір дейміз» дегені тыңдаған әр жүректі жылатады. Жерлес журналист Тұрсынхан Жаманбаев, жерлес інісі Нұрдос Базарқұловтың да лебіздері қамтылыпты. Аталған ауданға Тұрар Рысқұлов есімінің берілуіне де, аудан орталығына «Құлан» атауының берілуіне де Басқарбек Битанов үлкен үлесін қосқан. Мұның өзі үлкен батылдықты қажет етеді. Фильмде талантты журналист, сатириктің барлық қыры, жетістігі толық қамтылған. Фильм ұзақтығы 35 минут.

Мұнан соң аталған аудандық мәдениет үйінің Басқарбек Битанов атындағы халық театры Басқарбек жазған «Бүгінгінің дәрігері», «Тозаққа түскен қазақ» қойылымдарын көпшілік назарына ұсынды. Тіпті, бір жігітті Басқарбек Битановқа ұқсатып киіндіруі де – бұл театрдың ізденісі.

Іс-шара соңында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Доғдырхан Тұрлыбек сөз алды. «Бұл фильм – Басқарбек Битанов інімнің рухы алдындағы азаматтық парызым. Басқарбек ініммен біраз жыл араластым, таныс, сыйлас болдым. Ұзақ жылдар ойлап жүрген жобам болатын. Бүгін сіздердің алдарыңызда тұсауы кесілді. Бұл деректі фильм алдағы уақытта республикалық телеарналардан көрсетілетін болады. Ғұмыры ұзақ болсын», – деді. Мұнан соң Басқарбектің ағасы Бейсенбек Алтаев, белгілі журналист Сейсен Қожеке, Мәдениет саласының үздігі Мәлік Ақүрпеков, Басқарбектің жары Тұрсынкүл Битанова сөз сөйлеп, фильм авторына және құландық жанашыр азаматтарға алғысын білдірді. Битановтар әулеті Доғдырхан Тұрлыбекке шапан жауып, құрмет көрсетті. Мәлік Дүйсебайұлы өз сөзінде Басқарбек Битановтың 70 жылдығына дайындықты осы кезден бастап, үлкен іс-шара өткізу керектігі туралы ұсынысын да айта кетті. Әрине орынды ұсыныс. Оны алдағы уақытта Т.Рысқұлов ауданының әкімдігі ескерер деген ойдамыз.

Осылайша, ғажайып талант иесі Басқарбек Битанов туралы әзірленген тамаша деректі фильмнің куәсі болдық. «Біз бұл фильмді сапалы етіп өзімізге жазып, көшіріп алдық. Алдағы уақытта арнайы кестесін жасап, ауданымыздың барлық округтеріне қойып шығамыз», – деді аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрдос Базарқұлов.

Есет ДОСАЛЫ

Т.Рысқұлов ауданы