Жаңалықтар

Даярлық жүйесінде дәлдік маңызды

Жамбыл облысындағы «Матыбұлақ» полигонында әскери топогеодезистер алдыңғы қатарлы геодезиялық инфрақұрылыммен жабдықтау бойынша далалық жұмыстарын аяқтады. Жұмыстың нәтижесінде арнайы геодезиялық желі құрылып, оның көмегімен артиллериялық және әуе шабуылына қарсы бөлімшелер барынша дәл атыс пен оқу-жаттығулар жүргізе алатын болды.

Атқарылған жұмыстар барысында полигонның геодезиялық негізі алғаш рет толық жаңартылды. Арнайы геодезиялық желі – бұл полигонның белгілі учаскелерінде орналасқан, әрқайсысының дәл анықталған координаттары мен бағыттары бар тұрақты геодезиялық пункттердің жиынтығы. Желі артиллерияның атыс позицияларын, старттық алаңшаларды, басқару пункттерін және әскерлердің барлық жауынгерлік құрылым элементтерін дәл орналастырудың негізі болып табылады.

– Басқаша айтқанда, арнайы геодезиялық желі жергілікті жерді әскери тұрғыдан көруге мүмкіндік береді, – деп түсіндірді Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының Геоақпараттық қамтамасыз ету департаментінің бастығы полковник Серік Жолдыбаев. – Яғни тек рельефті емес, дәл атыс пен әскерлер әрекеттерін үйлестіруге қажетті кеңістіктік көріністі көруге болады.

Полигондағы жұмыстар кезінде барлық пункттерді жоғары дәлдікпен байланыстыруды қамтамасыз еткен заманауи спутниктік геодезиялық қабылдағыштар қолданылды. Әрбір пункттің координаттары QazTRF-23 ұлттық координаттар жүйесінде және WGS-84 ғаламдық спутниктік жүйесінде анықталды.

Полигонның геодезиялық негізін жаңарту Бас штабтың Геоақпараттық қамтамасыз ету департаментінің мамандары мен Гвардейлік гарнизон жауынгерлік бөлімшелерінің өкілдері арасындағы тығыз ынтымақтастықта жүзеге асырылды. Осының бәрі әскер офицерлері үшін тек тәжірибелік білім алмасу ғана емес, сонымен қатар құнды тәжірибе алуға мүмкіндік беретін орта қалыптастыруға септесті.

Соғыс позицияларын нақты байланыстырудың арқасында артиллерия мен зымыран кешендері нысаналарға жылдам әрі дәл бағыттала алады, ал бөлімшелер күрделі жер бедерінде сенімді әрекет ете алады. Сонымен қатар, оқу-жаттығу кезінде жаттығулар шынайы өтеді және жеке құрамның дайындығы сапалырақ болады.

Бас штабтың Геоақпараттық қамтамасыз ету департаментінің бастығы полковник Серік Жолдыбаевтың айтуынша, арнайы геодезиялық желі құру жұмыстары алғаш рет жүргізіліп отыр. Мұны алғаілгерілеушілік десе болатындай.

– Заманауи талаптарға сай толыққанды жұмыс істейтін геодезиялық желі әскердің бағдарлау және атыс даярлығында жоғары дәлдікті қамтамасыз етеді, – дейді Серік Жолдыбаев. – Оқу полигондарын цифрландыру және геодезиялық қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс әскери қызметшілерге дәл, өзекті әрі сенімді картографиялық ақпаратпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Арнайы геодезиялық желі құру жұмыстары Бас штаб бастығы бекіткен жоспарға сәйкес жүргізілуде. Мұндай жобалар еліміздің басқа да полигондарында жүзеге асырылады. Атқарылмақ іс-шара қазіргі заман стандарттарына сәйкес бірыңғай топогеодезиялық инфрақұрылым құруға мүмкіндік береді. Осылайша, қазіргі таңда салада Қазақстан қорғаныс инфрақұрылымын цифрландыру және Қарулы Күштердің жауынгерлік даярлығын нығайту жолында маңызды қадамдар жасалуда.

Талғат ТАЛАПҰЛЫ