«Мен үшін ғылым – тек зерттеу ғана емес»
Бірнеше жылдан бері электр энергиясының дефициті болуы мүмкін екені айтылып келеді. Еліміз бұрын артық электр қуатын экспорттаса, кейін көрші мемлекеттерден сатып алатын болды. Қазір электрді өндіретін қуат көзі де бұрынғыдай тек судан емес, күннен, желден алу бағыттарымен жаңарды. Бұл салада ғалымдардың ізденісі қалай жүргізілуде және қандай жаңашылдық барын сұрап, жас ізденушімен сұхбаттастық. Техника ғылымдарының магистрі Тұрарбек Шарипов жақында ғана Құлан ауыл шаруашылығы жоғары колледжінің директоры қызметіне тағайындалды. Ол бұған дейінгі ғылыми еңбектері мен қызметін енді өңіріміздегі оқу орнында ауыл шаруашылығы мамандарын дайындаумен жалғастыруда. Бұл оқу орнына биыл 100 жыл толып, бірер ай бұрын халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырған болатын. Онда «Ауыл шаруашылығының тұрақты даму факторы ретінде аграрлық ғылым мен кәсіптік білімнің сабақтастығы» тақырыбы қозғалып, конференцияға Қырғызстан мен Өзбекстан Республикаларынан, еліміздің таңдаулы жоғары және орталау оқу орындарынан келген ғалымдар құнды тәжірибелерімен бөлісіп, баяндама жасаған еді. Колледждегі ғылыми ізденістегі жұмыстар мен ауыл шаруашылығы мамандарын даярлау үрдісінде нендей жаңалық барын да сұрадық
– Тұрарбек Нұрлыбекұлы, ғылым жолындағы жастардың бірісіз, сізді бұл салаға не қызықтырды?
– Жалпы, әлемді, табиғат құбылыстарын, техниканың немесе тіршіліктің қалай жұмыс істейтінін тереңірек түсінуге деген ұмтылыс кез келген адамды әрдайым алға жетелейді деп ойлаймын. Уақыт өте келе бұл қызығушылықтар көбірек оқуға, ізденіске, жаңалық ашуға, жаңа технологияларды зерттеуге ұласқан кәсіби бағытқа айналған секілді.
Ең бастысы – ғылым арқылы қоғамға нақты пайда әкелуге болады. Мен үшін ғылым – тек зерттеу ғана емес, ол ортаның дамуына үлес қосу, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беру, ауыл мен қаланың арасындағы білім мен технология алшақтығын қысқарту жолы.
Жаңа дүниені үйреніп, білім алып, қоғамға пайдалы іс қылуға деген қызығушылық Алматы энергетика және байланыс университетіне жетеледі. Алғашқы білімді, әрине, ауылдағы мектептен алдық. Туған өлкем Атырау облысы, Исатай ауданындағы Қызыл үй орталау мектебінде 1998-2005 жылдары, кейін 2009 жылға дейін Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияда оқыдым. Ал Алматы энергетика және байланыс университетінде 2009-2013 жылдар аралығында «Электр энергетикасы» мамандығы бойынша оқып, техника және технологиялар бакалавры, 2013-2015 жылдары Қазақ қатынас жолдары университетінде оқып, техника ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін алдым. 2021-2024 жылдары аралығында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде D099 – «Энергетика және электр техникасы» мамандығы бойынша докторантура оқыдым.
Осы оқыған біліміммен еңбек жолымды алғаш қарапайым «техник-электрик» қызметінен бастадым. Кейін 2013 жылы Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжіне өндірістік оқыту шебері болып жұмысқа орналастым. 2014 жылы қыркүйек айынан бастап арнайы пәндер оқытушысы қызметіне ауыстым. Колледжге жұмысқа келген жылдан бастап «Ұлағат» студенттік бірлесе басқару ұйымын құрып, қоғамдық жұмыстарға және жастар тәрбиесіне белсене араластым. 2018 жылы қыркүйек айынан 2019 жылдың желтоқсанына дейін «Жастар ісі жөніндегі инспектор» қызметін қоса атқардым. Колледжде жұмыс істей жүріп, сол кездегі «Nur Otan» партиясы бастауыш партия ұйымы төрағасының орынбасары, «Саналы ұрпақ» жемқорлыққа қарсы студенттер клубының жетекшісі, колледждегі жемқорлықтың алдын алу жөніндегі Кеңестің төрағасы секілді қоғамдық қызметтерді де қатар атқардым. Негізгі қызметіңе қосымша қоғамдық жұмыстар адамның өзін жан-жақты дамытуына үлкен септігін тигізеді.
– Қандай тақырыптарда ғылыми ізденіс жасап, жоба әзірледіңіз және оның нәтижесі қандай болды?
– Күн энергиясын өндіру және тиімді пайдалану технологиялары, жел энергиясы және Қазақстанда оны игеру мүмкіндіктері, биомасса және биоотын: болашағы мен өндіріс технологиясы секілді осындай жаңартылатын энергия бағытында студенттерді дайындадым.
Бұдан бөлек, өзім металлургия өндірісінің жылу шығындарын пайдаға жарату бойынша жұмыс жасаудамын. Университеттегі ұстаздарыммен бірлесе отырып жасаған «Қазақстанның электр энергетикасы саласындағы баға белгілеу» және «Қазақстанның электр энергиясы мен қуат нарығы» секілді жұмыстарымыз бар. Сонымен қатар «Energy ECONOMIC – SIMULATION MODEL FOR AUTOMATED DETERMINATION OF ELECTRICITY PRICES BY CONSUMERS IN THE ELECTRICITY AND POWER MARKET OF KAZAKHSTAN» патентінің авторымын. 2024 жылы 07130100 «Электр жабдықтары, 07130200 «Электрмен қамтамасыз ету» мамандықтары бойынша «Электрлік машиналар және трансформаторлар» пәнінен зертханалық жұмыстарды орындауға арналған әдістемелік нұсқаулық әзірледім. Биыл директордың оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасарларына арналған әдістемелік нұсқаулық жаздым. Әрине, мұнымен тоқтап қалмаймыз, әлі де іздене береміз.
– Қазір энергия көздерінің сарқылуы әлемді алаңдатып отыр. Осы мәселеде сіздің пікіріңіз қандай?
– Энергия тұтынудағы мәдениетті қалыптастыру керек деп ойлаймын. Біз ең алдымен энергияны үнемді тұтыну мәдениетін қоғамға сіңіруіміз қажет. Бұл – тек технология емес, сана мәселесі. Мысалы, ауылдағы үйлерде күн панельдерін орнату немесе энергиялық тиімді жабдықтарды қолдану арқылы үлкен өзгеріске қол жеткізуге болады.
Жаңартылатын энергия – болашақтың кепілі. Жел, күн, биомасса және геотермалдық энергия көздері – сарқылмайтын және экологиялық таза ресурстар. Қазақстанның кең байтақ жері мен климаттық ерекшеліктері – бұл салада үлкен мүмкіндік береді. Менің ойымша, ауыл шаруашылығы нысандарында, яғни шаруашылықтар мен колледждерге күн және жел энергиясын енгізу – нақты және қолжетімді шешім болмақ.
Сондай-ақ колледждер мен технохабтарда тәжірибелік жобалар қолға алынуы керек. Біз теориядан нақты іске көшуіміз қажет. Мысалы, мен өз тарапымнан «жасыл энергия» зертханаларын ауыл колледждерінде енгізуді ұсынамын, мұнда студенттер күн батареяларын, шағын жел генераторларын орнатып, нақты тәжірибе жинақтай алады.
Тағы бір айтарым – ғылым мен кәсіпкерлікті біріктіру маңызды. Энергия саласындағы ғылыми зерттеулер өндіріске енуі үшін мемлекетпен қатар жеке сектор, стартаптар мен инвесторлар да бұл салаға тартылуы тиіс. Біз жастарға тек идея емес, нақты іске асыру алаңын беруіміз керек.
– Бұрын электр қуатын судан алатын, қазір желден алу кеңінен қолданыла бастады. Алайда желден электр қуатын алатын аймақтарда жерді құрғатып жіберу қаупі бар дегенді естиміз, бұған ғылыми тұрғыда не айтасыз?
– Желден электр қуатын өндіру – баламалы энергия көздерінің ішінде ең танымал және қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Алайда кез келген технологияның экологиялық әсері болатыны рас. Соның ішінде сіз айтып отырған жел электр станцияларының жергілікті климат пен ылғалдылыққа әсері – ғылыми ортада жиі зерттеліп жатқан мәселелердің бірі.
Жел турбиналары жұмыс істегенде олар табиғи жел ағынын баяулатады, тіпті кейде оның бағытын өзгертуі мүмкін. Бұл – атмосферадағы ауа мен ылғалдың қозғалысына әсер етеді деген сөз.
Ғылыми зерттеулер, мысалы, Nature журналындағы бірқатар мақалалар жел парктері айналасындағы температураның түнде сәл көтерілуі немесе ылғалдылықтың аздап өзгеруі мүмкін екенін көрсеткен. Бұл, әсіресе үлкен ауқымды жел парктерінде байқалады.
«Жерді құрғатып жібереді» деген мәлімдеме шамадан тыс жалпылау. Иә, жел энергиясы ауа ағынына әсер етеді, бірақ бұл тек өте үлкен және тығыз орналасқан жел парктерінде, белгілі бір географиялық және климаттық жағдайда ғана аздаған өзгерістер тудырады. Бұл өзгерістер жауын-шашын мөлшерін азайтуға әкелетіндей ауқымды емес деген ортақ ғылыми тұжырым бар.
Қазақстандағы жел энергетикасы жобалары көбінесе шөлейт, жартылай шөлейт немесе таулы аймақтарда жүзеге асады. Мысалы , Жамбыл , Жетісу, Маңғыстау облыстарында. Бұл аймақтарда жердің құрғауы онсыз да табиғи құбылыс. Сондықтан жел турбиналарының әсерін нақты экожүйе мен микроклимат тұрғысынан кешенді бағалау қажет.
– Жақында ғана Құлан агротехникалық жоғары колледжіне директор болып келдіңіз, 100 жылдық тарихы бар оқу орнында қазір ғылыми бағытта қандай жұмыстар жүзеге асырылып жатыр?
– Құлан агротехникалық жоғары колледжі Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын базалық колледж ретінде қалыптасқан. Колледж 12 мамандық, 29 біліктілік бойынша кадрларды дайындайды, 5 мамандық бойынша, яғни ет және сүт өнімдерін өндіру, орман, ара, балық шаруашылықтарына маман дайындайтын облыс көлемінде жалғыз оқу орны.
Құлан агротехникалық жоғары колледжі заманауи ветеринарлық клиника, агролаборатория, ет және сүт өнімдерін өндіру модульдік цехтары, жылыжайлар, интенсивті бақ және ауыл шаруашылығы техникаларымен жабдықталған. 2021 жылы «Жас маман» жобасы аясында «Агрономия» және «Дәнекерлеу ісі» мамандықтарының базасы модернизацияланған.
Оқу орнында қоғам сұранысына сай болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру – колледж педагог қызметкерлерінің басты міндеті болып табылады. Сондықтан басты мақсат – нарықтың сұранысына сай сапалы маман даярлау. Осы жолда жоспарлар көп.
– Бұған дейін Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжінде қызмет атқардыңыз, қазіргі жастардың ғылымға қызығушылығы қандай?
– Жалпы, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқитын жастарға ғылыммен айналысу міндет емес, олар жұмысшы мамандар қатарын толтырып, экономиканың дамуы үшін еңбек етсе және осы бағытта нарықтың сұранысына сай сапалы маман болса, оқу орындарының мақсатына жеткені.
Дегенмен де жастарда қызығушылық бар, бірақ жүйелі бағыт пен қолдау қажет. Мысалы, жасыл энергетика, ақпараттық коммуникациялық технологиялар, робототехника бағытына қызығушылар өз жобаларын халықаралық деңгейге дейін шығаруға ынталы. Студенттік стартап байқауларына қатысу деңгейі жылдан жылға артып келе жатыр.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Қамар ҚАРАСАЕВА.