Қолы алтын, жолы жарқын құбыр жөндеуші
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі жұмысшы маман иелерін қолдап, еңбеккерлерге жылы сөзін аямай арнап келеді. «Біз еңбеккер болуымыз керек. Қоғамымызда еңбек адамы бірінші орында тұруы керек» деген болатын Президент.
Міне, қолы алтын, жолы жарқын осындай еңбекшінің бірі – қордайлық Валерий Исабеков. Валерийдің әкесінің есімі – Лазо. Лазоның да ұлты қазақ. Уақытында есімі солай қойылып кеткен. Валерий Лазоұлы жас кезінде Ақмола қаласындағы құрылыс техникумын құрылыс инженері мамандығы бойынша бітірген. Әскери борышын Германия мемлекетінде өтеп қайтыпты. 1985 жылы Орта Азияда беделі бар «Спецжелезобетонстрой» мекемесінде шебер, учаске бастығы болып еңбек еткен. Бұл құрылыс мекемесі Орта Азия елдерін аралай берген. Жігіт шағында Валерий Исабеков Өзбекстан, Түркия, Тәжікстан, Қырғыз мемлекеттеріне жұмыс жағдайымен барып, құбыр ауыстырып жүрді. Алматы қаласында да ізі қалды.
Онан соң Қордай ауылына келіп, анасымен бірге тұрыпты. Аудандық тұрғын жай коммуналдық шаруашылық мекемесінде шебер болып еңбек етеді. Қордай ауданына қарасты бірнеше ауылға жол, асфальт төсеу жұмыстарына Валерий белсене қатысқан. Сол қарбалас жұмыстардың баршасында Исабековтың қолтаңбасы жатыр. Жұбайы Гүлнар екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Қызы Зарина – мұғалім, ұлы Руслан – менеджер.
Ал Валерийдің өзі болса құбыр ауыстыруды кәсіп еткен. Біз шеберді Қордай аудандық әкімдігінің алдынан жолықтырдық. Ол жерде де бас кейіпкеріміз газонға аққан суды тоқтатып, өзінің жұмыстарымен айналысып жатты. Тек арасында біздерге мойын бұрып, сұрақтарымызға жауап беріп қояды. «Мамандықтың жаманы жоқ. Бірақ өзіме осы мамандығым ерекше ұнайды. Су кеткен құбырларды жөндеп, көптеген үйдің иелерін қуантамыз. Бірақ мекеменің қызметкерлерінен де алғыс аламыз. Көпшіліктен алғыс алған қандай жақсы», – дейді Исабеков. Қордайлық құбыр жөндеуші маманның бүгінгі үлгілі ісі осындай.
Есет ДОСАЛЫ
Қордай ауданы