Білім басқармасының «бюджеттен қаржы бөлінді» деп айтқаны қаншалықты рас?
Редакциямызға Т.Рысқұлов ауданындағы Жақсылық ауылының тұрғыны Әнуарбек Тұрмағанбетов хабарласты. Ол кісінің айтуынша, осы ауылдағы Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектеп 22 жылдан кейін күрделі жөндеуден өтіп жатыр екен. Алайда жөндеу жұмысы ауыл тұрғындарының көңілінен шықпай жатқан көрінеді.
Амал жоқ, ауылдың бір топ тұрғындары қол қойып, құзырлы мекемелерге хат жолдаған. Хат Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымоваға, Жамбыл облысы білім бақылау департаментінің басшысы Мұхит Нысанбаев, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековке, білім басқармасы материалдық бухгалтерия бөлімінің басшысы Динара Жаңабаеваға жолданып, тұрғындар болған жайтты баяндаған. «Мектептің сыртқы қабырғасы металлосайдингпен қапталмай, тек сыланып жатыр. Алды асфальтталмайтын болды. Жылу құбыры ауыспаған, тозығы жетіп тұр. Мектептің ішкі әжетханасы, асхана және бірқатар қабинеттерден шығатын суағарлар талапқа сай жасалмаған. Мәжіліс залының төбесі арнайы сайдингпен қапталмайтын болды. Мектептің сыртқы кіреберісінде пластикпен жасалған жерді қысқартып тастаған», дейді ауыл тұрғындары өз хаттарында.
Біз осыдан кейін Жақсылық ауылына арнайы ат басын бұрып, Қ. Сұлтанбеков орта мектебіне жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын өз көзімізбен көріп қайттық. Шынында тұрғындардың шырылдауы бекер емес екен. Біз барғанда жұмысшылар мектептің қосымша ғимаратының сыртын сылап жатты. Жұмыстың сапасыз орындалып жатқаны бірден байқалады. Қабырғаның кірпіштері кей жерлері мүжіліп желініп кеткен.
«Мұны жай ғана сылап қоя салмақ. Негізі металлосайдингпен қапталуы керек. Ол сметада көрсетілген. Сол сметада көрсетілген нәрсенің өзін істемей жатыр. Мұны өзіміз де сылай аламыз. Сонда мұның несі күрделі жөндеу болды?», – деп шырылдайды аталған мектептің шаруашылық ісінің меңгерушісі Мәулен Мәлекеев.
Мектептің ішіне кірдік. Мектеп мамандарының айтуынша, бұрын жылу 8 қатарлы жылу құбыры арқылы берілген екен. Енді 3 қатарлы кішкентай құбыр қойылып жатыр. «Мәжіліс залы бұрын 8 қатарлы құбырмен де жылымайтын.
Енді 3 қатарлы құбырмен қалай жылиды? Оқушылардан обал емес пе? Осы күрделі жөндеу жұмысын періште көңіл оқушылар да асыға күтіп жүр ғой. Мәжіліс залының төбесі сайдингпен қапталуы керек еді. Бұрынғы күйінде қалып жатыр. Осыдан кейін мектепке күрделі жөндеу жүріп жатыр деп айтудың өзі ұят. Олай деуге мүлдем келмейді. Тұрғындар қатты алаңдаулы», – дейді мектептің еңбек пәнінің мұғалімі Мұрат Бибосынов.
Редакциямызға хабарласқан Әнуарбек Тұрмағанбетов 24 жыл бойы мектеп директоры қызметін атқарған, білім саласының ардагері. Қазір де білім саласы бойынша аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Т.Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы. «Мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі дегенде ауыл болып қуанып едік. Бірақ ол жөндеудің жайы осындай болып тұр. Күрделі жөндеу жұмысын жүргізіп жатқан «ТаразЭлитСтрой» ЖШС-нің жауапты өкілі Дмитрий Семеновқа уәжімізді айттық. Ол да тұрғындарды алаңдатқан мәселені түсініп тұр. Бірақ оның да айтар уәжі бар. «Бізге о баста жоспарланған қаражат бөлінбеді. Екі ай күттік. Сосын амал жоқ, бар қаражатпен жасауға мәжбүр болып отырмыз. Қосымша 400 миллион теңге бөлсін. Біз тұрғындардың талаптарын түгелімен орындаймыз», – дейді ол.
Қысқасы, қаражаттың толық бөлінбеуінен мектептің жөндеуі шала шарпы жүріп, оның зардабын мектеп мұғалімдері мен оқушылары, ата-аналар тартатын сияқты. «Осыдан 22 жыл бұрынғы күрделі жөндеу бұған қарағанда өте сапалы жүргізіліп еді. Мен осы мектепте 11 жыл директор болған адам ретінде жанашырлық танытып отырмын. Жалпы бір мәлімет айта кетейін. Осы Жақсылық ауылынан Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов шыққан. Кеңес Одағы кезінде осы ауылдан 31 кісі орден алыпты. Кеңес Одағы кезінде орден алу деген – үлкен оқиға еді ғой. Жақсылық ауылында бүгінде 2 мың тұрғын, 360 түтін бар. Аталған мектепте 430 бала оқиды. Біздің клубымыз да, мәжіліс залымыз да сол мектептің залы. Оның өзі қалай жөнделіп жатқанын көзбен көрдіңіз. Міне, осыншама тұрғыны бар ауыл қалайша игіліктің барлығынан тыс қалады? Көрші Көкдөнен ауылы да біздің округке кіреді. Бірақ құрылыстың барлығы сол Көкдөнен ауылында жүріп жатыр. Бұл Жақсылық ауылына 22 жылда ешқандай құрылыс салынған емес. Енді мектеп күрделі жөнделеді деп еді. Оның да сапасын көріп отырмыз. Жақсылық ауылына қашан жақсылық орнайды?», – деп күйінеді ардагер ұстаз Әнуарбек Тұрмағанбетов.
Біз бұл мәселе бойынша облыстық білім басқармасы материалдық бухгалтерия бөлімінің басшысы Динара Жаңабаевамен хабарласқан едік.
«Біз бұл мәселеден хабардармыз. Жақын күндерде өтетін облыстық мәслихаттың сессиясында ол мектептің күрделі жұмысына қосымша жеткілікті қаражат қаралды», – деп жауап берді ол.
Білім басқармасының бухгалтериясының бұл жауабынан кейін ойланып қалдық. Иә, расында жақында ғана, нақтырақ айтсақ, 30 шілде күні облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтіп, бюджетке аздаған өзгерістер енгізілді. Бірақ ол өзгерістердің ішінен мектептің күрделі жөндеуіне бөлінген қаржыны көре алмадық. Мектеп түгілі бүтіндей білім саласына ешқандай қаржы бөлінген жоқ. Облыстық мәслихаттың оның алдындағы сессиясы 18 маусымда өтті. Бірақ ол сессияның күн тәртібінде бюджет қаржысына өзгерістер енгізу туралы мәселе де қойылған жоқ.
Ендеше Динара Жаңабаева қай сессияны, қай қаржыны айтып отыр? Әлде алдағы уақытта өтетін сессияны айтып отыр ма? Ол қашан өтеді? Ол сессия шақырылып, қаржыға өзгерістер енгізілгенше, бөлінген қаржы мектепке жеткенше жаңа оқу жылы басталып кетеді емес пе?
Қалай айтсақ та енді бұл мектептің күрделі жөндеуінде жақын арада өзгеріс бола қоятынына сенбей тұрмыз. Бюджет тапшылығы онсыз да алқымнан алып тұрған кезде бір мектептің күрделі жөндеуіне тағы 400 миллион теңге бөлінеді дегенге де сенгің келмейді. Сонда Жақсылық ауылы тұрғындары 22 жылдан кейін әрең дегенде қол жеткізген мектептің күрделі жөндеуі тек аты ғана болып тұрғаны ма? Білім басқармасының жаңа басшысы Нұрбек Оршыбеков неге әрекет жасамайды?
Есет ДОСАЛЫ
Т.Рысқұлов ауданы