Басты жаңалық

Қазақстан әділ мәмілегер екенін көрсетіп келеді

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қазақстанға арнайы сапарымен келді. Кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға сапармен келген Бас хатшыға ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы қарсаңындағы тығыз жұмыс кестесіне қарамастан мәртебелі мейманның Алматыға арнайы келгенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Орталық Азияда орнықты даму мақсаттарына арналған алғашқы орталықтың ашылуы – бүкіл аймақ үшін айтулы жетістік.

Антониу Гутерриш қонақжайлық танытқаны үшін ілтипатын жеткізіп, Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және орнықты даму мақсаттарын ілгерілетуге қосқан үлесіне ерекше тоқталды.

Кездесуде БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы қызметінің перспективасы, Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау мәселесі, халықаралық және өңірлік күн тәртібі, сондай-ақ басқа да өзекті тақырыптар талқыланды.

 

Өңірлік орталық – бейбітшілік ұстанымның жаңа белесі

Бұдан соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қазақстан Үкіметі мен Ұйым арасында БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы келісімге қол қою рәсіміне қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев ең әуелі осы айтулы іс-шараға қатысқаны үшін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке ризашылығын білдірді. Президент аталған іс-шараның Қазақстан ғана емес, Біріккен Ұлттар Ұйымы үшін де елеулі сипатқа ие екенін атап өтті. Бұл оқиға дүниежүзілік картада өте салмақты факторға айналып келе жатқан Орталық Азияның маңызы жөнінде халықаралық қоғамдастыққа айқын белгі бергенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Алматы қаласында БҰҰ өңірлік орталығының ашылуы аймақтың стратегиялық маңызы артып келе жатқанын көрсетеді.

Президент ортақ игілікке қол жеткізу үшін үкіметті, азаматтық қоғамды және жеке секторды бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Мемлекет басшысы еліміздің Ұйым Бас хатшысының бастамаларына алдағы уақытта да қолдау білдіретінін жеткізді. Антониу Гутерриш барлық қатысушыға ықылас танытып, аталған Орталықты ашу арқылы Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында өңір үшін жаңа кезеңнің басталғанын айтты.

Бас хатшы сөзінің соңында Қазақстанның ішкі саяси бағдары мен сыртқы саясатына жоғары баға берді.

Akorda.kz