Қоғам

Жол сапасын арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде

2019 жылы құрылған «Жол активтерінің сапасының ұлттық орталығы» өңірлік филиалының ұжымы биылғы жылдың жеті айын оң нәтижемен қорытындылап отыр.

Есепті кезеңде филиал қызметкерлері нәтижелі жұмыс істеп, кездескен кедергілерді еңсеруге күш салды. Жолшылар инспекциялық шығу кезінде жалпы 61 ақауды анықтап, құзырлы мекемелер мен мердігер ұйымдарға тиісті хат жолдаған. 

Бұдан бөлек мамандар бас-аяғы 134 нысанға 103 рет іссапармен шығып, инспекциялық тексеру жүргізген. Сондай-ақ жол-құрылыс материалдарының 954 дана үлгісінен сынама алынған. Нәтижесінде, 166 сынаманың белгіленген нормативтік талаптарға сәйкес келмейтіні белгілі болған. 

Айта кетейік, бүгінгі таңда облыс аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 10 038 шақырымды құрайды. Оның ішінде, 1 237 километр республикалық, 1 756 шақырым облыстық және 1 383 километр аудандық маңызы бар автомобиль жолдары.