Ашаршылықта арқар атып, ауылды асыраған
Музейлерде сақталған әр жәдігердің тарихы бар. Олардың халық игілігіне пайдаланылуы да халық басынан кешірген тарихи оқиғаларға тікелей байланысты. Сондай бағалы жәдігердің бірі – Талас аудандық тарихи-өлкетану мұаражайында 35 жылдан бері сақталып келе жатқан мылтық.
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, бұл мылтықтың ерекше тарихы бар. Егер сол тарихы болмаса қатардағы көп қарудан айырмашылығы да болмас еді. Бұл мылтық Талас ауданының Майтөбе ауылында ұзақ жыл ғұмыр кешкен Данай Байболұлы деген қарияның аңшылыққа пайдаланған қаруы.
Данай ақсақал 1879 жылы туылып, 1975 жылы 97 жасқа қараған шағында өмірден озған. Ал, ашаршылық жылдары ол кісі 51 жастағы азамат болған. Өзі құралайды көзге атқан мерген екен. Ашаршылық жылдары ел тұрмысының қандай болғаны белгілі. Сондай қиын қыстау кезеңде Данай Байболұлы осы мылтығымен бір ауылдың халқын асыраған екен.
Баймырза деген замандас досы екеуі тауға барып, арқар, елік, тау ешкісін атып әкеліп, өздері де жеген, ауыл тұрғындарына да үлестірген. Осы екі кісінің аңшылық қасиетінің арқасында бір ауыл ашаршылыққа төтеп бере білген. Зұлмат жылдар болған соң, кейбір аштықтан бақилық болған кісілер кездескен шығар. Дегенмен, ауылдың көп адамына Данай аңшы жанашырлық танытқан.
Қара мылтығының арқасында талай момын жандарды, қарапайым отбасыларды аштықтың шеңгелінен құтқарған. Баймырза қарияның немересі Жомарт қазір Майтөбе ауылында тұрады. Жомарт та аңшы.
Біз тарихқа қайта оралайық. Көп ұзамай жақсы күндер де келген. Жаратушы әділ емес пе, Данай ақсақалға ұзақ ғұмыр нәсіп етіп, ұрпақт арының қызығын көп жылдар бойы көруді маңдайына жазған. Бәлкім, ол кісінің ұзақ жасауына жасынан аңшы болып, көп қимылдағаны, өзінің сергектігі де әсер еткен болар.
Данай ақсақалдың баласы Тұрсынбай, Тұрсынбайдың баласы Нарқозы. Нарқозы Новосібір қаласында білім алып, үлкен қызметпен сыртта жүрген азамат. Осы Нарқозы Данаевтың немере інілері мылтықты 1990 жылдары аудандық тарихи-өлкетану музейіне өткізеді. Нарқозы өз баласы Асқарға үнемі тарихи мылтық жайлы айтып отырған. «Сенің арғы атаң Данай қарттың мылтығы Талас ауандық тарихи-өлкетану музейінде тұр» деп құлағына құя берген.
Былтыр Асқар Данаев арғы атасы Данайдың мылтығын музейге барып, арнайы көрген.
Сол ерлік істің себепкері, тағдырлы тарихы бар мылтықтың құны жылдан жылға арта беретіні анық.
Есет ДОСАЛЫ
Талас ауданы