Батыр тұрған тарихи үй музей қарамағына берілді
Қазақ – батыр халық. Қай кезде де ержүрек ұлдарымыз ерліктің ерен үлгісін көрсеткен. Сондай даңқты батырдың бірі – Кеңес Одағының батыры Ақәділ Суханбаев. Ақәділ ағамыз Белоруссияны, Литваны, Польшаны азат ету үшін болған шайқастарға қатысып, «Стжельцовизна» деп аталатын поляк деревнясы үшін болған ұрыста пулеметтің амбразурасын өз денесімен жапты. Байзақ ауданында Ақәділ Суханбаев ауылы, ал оған көршілес Қарасу ауылында Ақәділдің жастық шағы өткен тұрғын үй бар. Осы тұрғын үй аудандық тарихи-өлкетану музейінің құрамына берілген.
Қазіргі таңда аталған тарихи үйде музей қызметкерлерінің ұйымдастыруымен түрлі ісшаралар өткізіліп тұрады. «Кеңес Одағының батыры Ақәділ Суханбаев 1920 жылы Жамбыл облысы Свердлов ауданында дүниеге келіп, 1944 жылы Польшада қаза тапқан. Ауылдық мектепті бітіргеннен кейін, колхозда жұмыс істеді.
1941 жылы Қызыл армия қатарына алынды. 174-Борисовск Қызыл тулы атқыштар дивизиясының 628-Гродненск Қызыл тулы полкіндегі 1-батальон құрамында болды. Батырдың балалық шағы өткен осынау қоржын там – өткеннің өнегесі. Үй 1935 жылы сабан кірпішпен тұрғызылып, үсті қамыспен жабылған екі бөлмеден тұрады. Мұнда абаттандыру жұмыстары үздіксіз жүргізіледі.
31 шілде – А. Суханбаевтың қатысуымен жасалған ерлікке 81 жыл. Осынау күнге орай, Байзақ аудандық тарихиөлкетану музейінің ұйымдастыруымен А.Суханбаев атындағы мұражай үйде танымдық іс-шара ұйымдастырылды. Ақәділ батырдың ерлігі – жас ұрпаққа үлгі», – дейді музейдің ғылыми қызметкері Айнагүл Мамытбекова. Ал, батырдың туысқан інісі Бейсенбек Өзенбайдың өз айтары бар.
Бұл күнде Артық Үкібаев басқаратын аудандық тарихи-өлкетану музейі қызметкерлері аталған тарихи үйді ерекше қамқорлыққа алған.
Есет ДОСАЛЫ
Байзақ ауданы