Жазған мұрасы халық жүрегінде
Сарыкемер ауылындағы А.Суханбаев атындағы саябақта белгілі қоғам қайраткері, жазушы, журналист, ақын, драматург Арғынбай Бекбосын шығармашылығына арналған «Азамат. Жазушы. Қайраткер» атты еске алу кеші өтті. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен өткен іс-шара жазушының әдеби мұрасын құрметтеу, оның қоғамға қосқан үлесін есте сақтау мақсатында ұйымдастырылды.
Оған аудандық Қоғамдық кеңес, ардагерлер мен аналар кеңесі мүшелері, мәдениет саласының қызметкерлері мен жастар қатысты. Арғынбай Бекбосын – қазақ прозасының көрнекті өкілі, азаматтық тақырыптарға арналған шығармаларымен танымал. Оның еңбектері халықтың тағдырын, тарихи оқиғаларды терең қазып, адамгершілік пен патриотизмді насихаттайды. Ол қазақ халқының рухани қазынасын байытқан шебер ақын, ұлттық поэзияның классигі. Оның өлеңдері мен жырлары халықтың тарихын, дәстүрін, арман-мүддесін терең қамтиды.
Кеш барысында қазақ әдебиетінің тарихында терең із қалдырған ақынның өмірі мен шығармашылық жолы туралы баян етіліп, жазушының шығармашылығынан үзінділер оқылып, арнау өлеңдер, сахналық көріністер мен музыкалық қойылымдар көрсетілді. Сонымен қатар, кітапхана ұжымы дайындаған фотошежіре, мерзімді басылымдардағы мақалалар, жеке кітаптары мен жазушыға арналған кітап көрмесі көрермен назарына ұсынылды.
Есімін ел ардақтаған қаламгер А. Бекбосынның талай игі істеріне куә болған ақын-жазушылар өз ойларымен бөлісті. Атап айтқанда, ақын, Мәдениет саласының үздігі Қасқырбай Нарбатыр мен Жанат Тұрғымбаев дара тұлғаның биік қасиеттері жайлы ойларын ортаға салды. «Азамат. Жазушы. Қайраткер» атауы Арғынбай Бекбосынның тек өлең-жырлары ғана емес, қоғамдық қайраткер ретінде де ізденістерінің маңыздылығын көрсетеді. Ол – ұлттық рухты нығайтуға, халықты бірлікке шақыруға үлес қосқан тұлға.
Айтулы шара жазушының мұрасын сақтау және жаңа ұрпаққа жеткізу міндетін қайта насихаттады. Ол облыстық бас газетті ұзақ жыл басқарған, қазақ көркемсөз саласына да үлкен үлесін қосқан белгілі тұлға. Оның мұралары құндылыққа толы. Сол құндылықтар оқырманның олжасы.
Бұл еске алу кеші Арғынбай Бекбосын шығармашылығының ұлттық мәдениет үшін маңызын тағы да көрсетіп, жаңа ұрпаққа оның мұрасын жеткізудегі маңызды қадам болды. Жазушының жарқын шығармалары мен әсерлі төрттаған өлеңдері әлі де халықтың жүрегінде, есінде мәңгілікке сақталады.
Есет ДОСАЛЫ