Әлеумет

Өр рухына құрмет көрсетілді

«Ер есімі – ел есінде» дегендей, Отан үшін от кешкен батырлар халықтың жадынан кетпейді. Оларға деген құрмет ешқашан толастамайды. Сондай қаһарманның бірі, Кеңес Одағының батыры Ақәділ Суханбаев. Оның жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін жасаған ерлігі әрқашан ұмытылмайды.

Ақәділ Суханбаев барша елдің есінде қалған ерлігін 1944 жылдың 31 шілдесінде Польша жерінде, Стжельцовизна деревнясы үшін болған шайқаста жасаған. Деректерге үңілетін болсақ, Ақәділ Суханбаев шешуші сәтте жауынгерлердің алға жылжуына кедергі жасап жатқан жау пулеметіне кеудесін тосып, ерлік танытқан.

Батырдың осындай қайсар шешімі жүздеген қаруластарын ажал оғынан құтқарды. Мұндай көзсіз ерлік жас ұрпаққа үлгі. А.Суханбаевтың ерлік жасаған күніне орай батырдың Тараз қаласындағы ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Ескерткіш басында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери гарнизон ансамблінің мүшелері мұңды әуен ойнап тұрды.

Ескерткішке ең алдымен Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстың Құрметті азаматтары Оңласын Есіркепов, Аманкелді Кәрентаев, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешова, Тараз қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов гүл шоқтарын қойды.

Мұнан соң белгілі журналист Тұрсынхан Толқынбаев, А.Суханбаевтың немере інісі Әбілхан Суханбаев, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери гарнизонының сардарлары мен сарбаздары, Тараз қаласы әкімдігінің қызметкерлері мен қала тұрғындары, ардагерлер, студент жастар батыр рухына құрмет көрсетті.

Алдағы 2025 жылдың желтоқсан айында осы ескерткіштің ашылғанына 20 жыл толады. Ал, биыл Кеңес Одағының батыры Ақәділ Суханбаевтың туғанына 105 жыл. Мұндай қайсар ұлдың есімін қалай құрметтесек те артық емес.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы