Қоғам

Жырымен жігер, сөзімен сенім сыйлаған

Қазақ халқының көне дәуірден бері үзілмей жеткен рухани дәстүрінің өзегі – жыршылық, айтыскерлік, сал-серілік өнер. Осы өнердің алтын арнасын ХХ ғасырдың соңына дейін аман-сау жеткізген, сөзімен де, ісімен де ұлттың үніне айналған ерекше тұлғалардың бірі – Кенен Әзірбаев. Ол – елмен бірге жаратылып, елмен бірге жасасқан жырау. Оның жырларында халықтың үні, мұңы, қуанышы мен үміті, қайғысы мен қайраты терең тамырланған. Кененнің әрбір әні, әрбір жыры – қазақтың жүрек соғысы.

1884 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданының Мәтібұлақ ауылында дүние есігін ашқан Кененнің тағдыры мен таланты табиғатынан халықпен біте қайнасып, ұлттық рухтың бір бөлшегіне айналды. Әкесі Әзірбай – ел ішінде қадірлі, өнерге жақын, домбыра шертіп, сөзге шешен жан болған. Анасы Ұлдар – ән айтатын, жыр құрайтын, табиғатынан талантты адам.

Міне, осындай өнер дарыған отбасынан өрбіген Кененнің бала күнінен-ақ бойына біткен дарыны айқын көрініс бере бастаған. Ол ауылдағы тойдумандардан қалмай, халық ақындарының жырын тыңдауға асығатын. Он бір жасында алғаш рет домбыраға қосылып, өз жанынан ән шығарып, өнерге бет бұрған.

Кенен – тек өзіндік жолымен жүріп өткен ғана емес, заманының ұлы жыршылары – Жамбыл Жабаев, Шашубай, Балуан Шолақ, Сарыбас сынды тұлғалардан үлгі алған, олардың мектебінен нәр алған саңлақ. Ол сол дәстүрді бойына сіңіріп, қазақтың салсерілік үрдісін жалғап, оны бүгінгі күнге аман жеткізген дара дарын. Оның шығармашылығы – халық өмірінің шежіресі. Кенен жырларынан қазақ халқының ауыр тағдыры мен асқақ арманы, күресі мен мұраты қатар өріліп отырады. Ол 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде де, ашаршылық пен қуғын-сүргін жылдары да, соғыс пен жеңіс күндерінде де жырмен жұртына сүйеу болды.

«Он алтыншы жыл», «Аттан», «Қайран елім», «Жас келін», «Жалғыз қаз» тәрізді шығармаларында халықтың жүрек жарды мұңы мен қайсар рухы қатар өріледі. Бұл жырлар – тарихтың хатқа түспеген, бірақ ел жадында көмескіленбей сақталған көркем куәгері. Кенен тек тарихи тақырыптарды ғана жырлап қойған жоқ, махаббат пен табиғат, адам мен өмір, тіршілік пен тағдыр туралы да терең толғады. «Сүйгенім-ай, күйгенім-ай», «Бозторғай», «Бұлбұл», «Көкшолақ» секілді әндері – қазақтың лирикалық поэзиясындағы шоқтығы биік туындылар.

Бұл әндерде сезімнің тазалығы, көңілдің мөлдірлігі, табиғат пен адамның үндестігі көркем түрде өрнектелген. Сонымен қатар Кененнің елдік пен ерлікті жырлаған дастандары да ұлт рухын биікке көтерді. «Әли батыр», «Кенебай – Кербез», «Бұрынғы өткен батырлар» сияқты көлемді эпикалық жырларында тарихи сананы жаңғыртып, ұлттың ерлік дәстүрін тірілтті. Бұл шығармаларда ел қорғаған ерлердің бейнесі арқылы жас ұрпаққа үлгі боларлық өнеге, тағылым жатыр. Кенен – айтыс өнерінің де шебері. Шалипа, Ләтипа, Әбдіғали, Кенеқожа, Есдәулет сынды ақындармен сөз сайысына түсіп, суырыпсалма өнердің үздік үлгілерін көрсетті. Ол айтысты тек тапқырлықпен ғана емес, терең мазмұнмен, ұлттық тәрбие мен көркем оймен толықтырды.

Айтыс – Кенен үшін өнер емес, өмірдің айнасы, халықпен тікелей тілдесудің жолы болды. Ол бұл өнердің мектебін қалыптастырып, жастарға жол көрсетті, шәкірттер тәрбиеледі. Оның өмір жолы – қарапайым ақынның емес, үлкен рухтың иесінің ғұмыры. Кенен 1937 жылғы сталиндік зобалаң кезінде «халық жауы» атанып, Алматы түрмесінде бірнеше ай қамауда отырды. Досы Ораз Жандосовқа арнаған қоштасу әні үшін қудаланып, жапа шекті. Бірақ қандай қысым, қандай қиындық болса да, оның жүрегіндегі жыр сәулесін сөндіре алмады. Ол тіпті қуғын-сүргін кезінде Қырғыз жерінен адасып келген кішкентай жетім қызды бауырына басып, Айша деп ат қойып, өсіріп-жетілдірді. Кейін бұл қыздың шын есімі Хамсият екені белгілі болды. Оның ұрпағы бүгінде Қордай жерінде өмір сүріп жатыр.

Соғыс жылдары Кенен ел ішін аралап, мәдени-үгіт бригадасын басқарып, майдан мен тылдың арасын жалғайтын рухани көпірге айналды. «Біз жеңеміз», «Төрт батыр», «Аттан» атты жырларымен елге үміт, сарбазға сенім сыйлады. Бұл өлеңдер қазақ поэзиясындағы патриоттық рухты жаңа биікке көтерді. Ол бейбіт өмір орнағаннан кейін де тоқтамай, еңбек пен татулықты жырлаған толғаулар мен термелер жазып отырды.

1959 жылы оның 75 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып, соған арнап «Жетпіс бес» әні дүниеге келді. Ал 1960 жылы жазушы Мұхтар Әуезовпен бірге Мәскеуде өткен Шығыс фольклоры зерттеушілерінің дүниежүзілік конгресіне қатысып, «Қобыланды» жырынан үзінді орындап, көрерменді тәнті етті. Оның орындауындағы «Тайбурылдың шабысы» зал толы көрерменнің көкірегіне дүмпу әкелді. Кенен Әзірбаевтің шығармашылық мұрасы – ұлт руханиятының алтын қазынасы. Ол мыңға жуық өлең, жүзден аса ән, екі жүзге тарта арнау мен толғау жазып қалдырды. Оның әр әні – өзіне тән сазымен, көркемдігімен дараланады.

Әннің сөзін де өзі жазып, өзі шеберлікпен орындап, халыққа жеткізген. Сондықтан да Кенен – тек ақын ғана емес, шын мәніндегі халық композиторы. Кенен Әзірбаев – ұлт рухының жыршысы. Ол – қазақ даласының қайғысы мен қуанышын, өткені мен бүгінін, үміті мен күресін домбыраның қос ішегі арқылы жеткізген, елдің рухани жадын жырмен өрген тұлға. Оның үні – ұлт жүрегінің үні. Оның жыры – халықтың жадында жаңғырып тұрар мәңгілік сарын. Кенен – бір дәуірдің ғана емес, барша қазақтың жыр әлеміндегі шоқтығы биік ұлы есімі.

 

Ақмарал ІЛЕБАЕВА

облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының әдіскері.