Жастар тәрбиесіндегі жауапсыздықты келешек кешірмейді
Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде жас ұрпақ тәрбиені әлеуметтік желі арқылы алып жатыр. Кеңес өкіметі кезінде ұрпақ тәрбиелеуге үлкен көңіл бөлінгенін барлығымыз білеміз. Мектеп қабырғасының өзінде октябрят, пионер, комсомол, партия мүшесі болу жас ұрпақтың бойында ата-ананы сыйлау, үлкенді құрметтеу, лағнет сөздерден алыс болу, ішімдіктен, шылым шегуден аулақ болу, Отанды сүю сияқты пайдалы кеңестер жас ұрпақтың бойында болатын.
Бүгін ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар қаншама, мектеп қабырғасында оқып жүрген оқушыларымыздың қатыгездігіне не айтасыз, оның ішінде біздің болашақ ана қыздарымыз қаншама? Ұлы Абай балаға мінез үш адамнан жұғады, «Біріншісі атаанадан, екіншісі ұстазынан, үшіншісі құрбыдостарынан» – деп ең алдымен ата-анаға ұқсас мінездің пайда болатынын қуаттап, отбасындағы тәрбиенің жоғары болу керектігін көрегендікпен айтқан.
Отбасы – балаға өмір мақсаты мен құндылықтары туралы мағлұмат беретін және мінезқұлық мәденитін қалыптастыратын алғашқы ұжым. Отбасында бала алғашқы адамгершілік дағдыларын үйренеді. Атаананың түсіндіруі, айтқан ақылы мен үлгілі өнегесі, үйдегі өмір салты, отбасындағы мінез-құлық әдетін бағалау өлшемдерін қарастырады. Ересектер тарапынан баланың саналы деген талап-тілек, мұқтаждықтарын ескермеу, олардың жас мөлшерімен баланың психологиясына көңіл бөлмеу сияқты кемшіліктер болып жатады, бұл жағдайлар өз өмірін қиюға бағытталған ерікті түрдегі әрекеттерге апарып жатқандығы елімізге мәлім (жастардың суицидке баруы бойынша республика жоғарғы орындарда тұр).
Шынында да қазіргі кездегі балалар психологиясы біртүрлі екендігін сөйлесе қалған әр ата-ана мойындап отыр. Көп жағдайда тұрмыс деңгейі төмен отбасылардың балалары бүгінгі дүкенде жайнап тұрған киім мен техникалық құралдарға қол жеткізе алмайды. Осындай жағдайлар жасөспірімдердің ақша табу үшін ұрлыққа баруына әсер етеді. Әке ұлының, шеше қызының жан дүниесіне үңіліп, жан сырын аша білсе, баланың өмірге деген сенімі күшейеді. Ал ата-аналарымен араласпай өз бетімен проблемаларын шеше алмаған бала депрессияға түседі. Депрессия кезінде жасөспірімдер көп сөйлемейді, көңілкүйі болмайды, ұйқысы бұзылып, тез шаршап, сабақтан жиі қалады, кейбіреулері шылым шегеді, ішімдік ішуді бастайды, жаман жолға түсу осылай басталып кетіп жатады.
Жас ұрпақты тәрбиелеу ісі асқан шеберлікті, зор талантты талап етеді. «Адам бола білу – ең қиын мамандық» – деген Хосе Марти Кубаның халық жазушысы. Жас ұрпақты тәрбиелеуді әр отбасы өзінен бастап, халқымыздың рухани байлығына және асыл мұраларына, ұлттық құндылықтарына сүйенгені жөн деп ойлаймын. Біздің тарихымызда, Шоқан Уәлихановты тәрбиелеген Айғаным анамыз, ұлы Абайды тәрбиелеген Зере анамыз айқын дәлел бола алады. Баланың бойында ата-анаға деген құрмет, үлкенді қадірлеу, қазақ халқында ерекше орын алады. Ислам діні ата-ананы құрметтеуді Құдайдың хағымен қатар қояды.
«Алланың разылығы ата-ананың разылығында», «Ананың сүтін ақтамаған адам, Аллаға жақпайды». Алла тағала былай бұйырады: «Раббың өзінен басқаға құлшылық қылмауларыңа және атаанаға ізгілік жасауларына бұйырды». Егер олардың біреуі немесе екеуі де қартайса, ол екеуіне «туһ» деп те айтпа, оларға дауыста көтерме, оларға тек жақсы сөз сөйле. Оларға мейірімділік пен кішіпейілдіктің қанатын жайып, «Раббым кішкентайымда мені тәрбиелеген секілді оларға сен де рақым ет» – деп айт дейді. Мұсылман адам ең әуелі ата-анасына жақсылық жасауы қажет. Мейлі ол ана болсын, әке болсын. Ал оларға құрмет көрсетпеу, қадірлемеу – үлкен күнә.
Бауыржан Момышұлы бала тәрбиесінде былай деген екен:
Ана үшін аянба, ант ұрады,
Бала үшін аянба, бетің күйеді.
Ел үшін аянба – ерлігіңе сын,
Жұрт үшін аянба – жігітіңе сын.
Жуалы аудандық ардагерлер ұйымының жанынан құрылған «Әкелер кеңесі», «Билер кеңесі», «Аналар алқасы» жасөспірімдерді тәрбиелеу, құқықбұзушылықтың алдын алу барысында 2003 жылдан бастап маңызды жұмыстар атқарып келеді.
2024 жылы «Әкелер кеңесі» аудан бойынша 72 іс-шара өткізіп, олар мектептер мен кітапханаларда, мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарда, жастар орталықтарында, тарихи-өлкетану музейінде, колледжде оқушылар мен білімгерлер, жастармен, ата-аналар мен бала тәрбиесінде әкенің жауапкершілігін арттыру, атааналардың жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық, нашақорлық, зорлықзомбылық, суициттың алдын алу туралы кездесулер өткізіп, жастардың бойында ұлтжандылық пен ізгіліктің, үлкендерге құрмет, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруға баса назар аударып отырады.
Атап айтатын болсақ, «Діни эктримизмнің алдын алу», «Қылмыс пен құқықбұзушылық», «Қателіктен сабақ аламыз» атты ісшаралар, жастарды жат ағымға кіріп кетудің алдын алу мақсатында «Дәстүрлі емес діни ағымдардың қауіп қатері» атты дөңгелек үстел, жастар тәрбиесіндегі құқықтың, тәрбиенің рөлі және тұлғаны қалыптастыруда мектептегі, жанұядағы, отбасындағы рөлі туралы шаралар тұрақты ұйымдастырылуда.
«Тұлғаны қалыптастырудың маңызды факторы» атты тәрбие сағаты, «Нашақорлықпен күрес», «Суицидтің алдын алу» сияқты іс-шараларда жастарды нашақорлықтан, суицидтен сақтау жолдары түсіндірілді. Жастарға дұрыс бағыт-бағдар берген маңызды шара «Заң мен тәртіп» атты кездесу ұйымдастырылды. Оған мектеп басшылары, дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері, жоғары сынып оқушылары, дін өкілдері және бір топ ардагерлер қатысып, іс-шараның тәрбиелік, қауіпсіздік, құқықтық, адамгершілік жағынан маңызы зор екені атап көрсетілді.
Әке институтын қалыптастыруда баласының тәрбиесіне жауапкершілікті арқалай білу – отағасының бұлжымас міндеті. Біздің мұрат – әке институтының отбасы, ошақ айналасында ғана емес, тұтас қоғамның балталасаң бұталанбайтын беріктігіне тигізер қуатын кемітпеу. Отбасында ерлі зайыптыларға түсетін міндеттер бар. Өмірдің болмашы ісіне бола бір-бірін жазғырып кінә тағу, ұнамаса ажырасып кете беру – бұл дінімізге де, салтдәстүрімізге де жат. Сондықтан да, қоғамда әрбір отбасында, жалпы ер азаматтың жауапкершілігін арттырып, олардың жастар тәрбиесінде рөлін күшейту әкелер кеңесінің басты міндеттерінің бірі болып саналады.
Ауданда аналар алқасы өткен жылы мектеп оқушыларымен, оның ішінде қыз балаларымен 131 мәдени, әлеуметтік, спорттық, тәрбиелік маңызы бар ісшаралар өткізді. Балабақшаларда 75 ертегі айтылып, ауыл аналарының форумы ұйымдастырылды. Форумның мақсаты атаана болу идеясын ілгерілету, отбасындағы бірлік-берекені сақтау, жастар тәрбиесін нығайту, әйел қауымының игі бастамаларын көпшілікке паш ету болып табылады.
Отбасы күніне орай «Адамзаттың асылы – Ана» тақырыбында аналарымызды құрметтеу, дәріптеу, ене мен келін арасындағы қарым-қатынасты насихаттау мақсатында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оқушыларға ата-анасының тәрбиесін және әжелердің өмірден көрген білген тәжірибесін жастарға ұлықтау мақсатында «Әжелер сөзі – тәрбие көзі» атты іс-шара өткізілді. Отбасы мәселесі қоғамның өзекті мәселесіне айналып отыр. Өкінішке қарай қазіргі қоғамда түрлі келеңсіз жағдайлар байқалып жатыр.
Бүгінгі күні жас жұбайлар үйлене салып кемі бір-екі айда ажырасып кетіп жатыр, бір-бірін айыптап, бірінің кемшілігін бірі көрсетіп, үй жағдайы мәселесі, ата-енесі қолдамай жатқан жағдайлар баршылық. Белең алған кемшіліктің біреуі 20-25 жыл отасқан ерлі-зайыптылардың 5-6 балашағасымен ажырасып кетуі, балалардың әкесіз жетім қалуы заманның, қоғамның қайырымсыз сәттері деуге болады. Біздің ардагерлер орталығынан құрылған билер кеңесі осы қарашаңырақтың қасиетін бұзбау бағытында ауданда «Бастау» жұмыс тобы құрылып, өз жұмысын бастап кетті. «Бастау» жұмысшы тобы 2023 жылдың шілде айында құрылған.
Билер кеңесі мүшелерінің қатысуымен жас отбасыларға отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ерлі-зайыптылардың арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында «Достық ақ бата», «Қасиетіңнен айналайын, қарашаңырақ», «Отан отбасынан басталады», «Киелі кимешек», «Ененің өсиеттері», «Қазақ халқының отбасылық құндылықтары», «Үйлену оңай – үй болу қиын» тақырыптарында арналған танымдық кеңейтілген кеш өткізілді. Сондай-ақ шараға аудандағы өсіп-өнген әулеттің дана әжелері және келіндері мен немерелері қатысты.
Шара барысында жас отбасыларға неке куәліктері табысталып, «Халің қалай, ақ келін?» айдарымен келіндердің және «Тамшы сөз бен қамшы сөз» айдарымен күйеу жігіттердің арасында сұрақ-жауап, нақыл сөздерден ой-танымдық жарыс ұйымдастырылды. Шара соңында ашық аспан астында ұйымдастырылған «Отан отбасынан басталады» айдарымен өткізілген кездесуде жас жұбайларға өмірлік кеңестер берілді. «Бастау» жұмыс тобымен жұмысты одан да жоғары дәрежеге көтеру мақсатында жыл сайын отбасылық сот пилоттық жобасы аясында кешенді іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Аталған жұмыс тобының жұмыстары, неке бұзу істері бойынша отбасылардың некелері сақталып қалуына тағы да бір ықпал ететіндігіне сенімдіміз.
Сейітхан ЖҰМАШЕВ
Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы,
Жуалы ауданының Құрметті азаматы,
«Құрмет» орденінің иегері.