Әлеумет

Әулеттің әжесі, ауылдың анасы

«Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаса керек. Отбасынан тәрбие мен әдеп, ізгі қасиеттерге қанып шыққан азаматтар әрқашан елге абыройлы қызмет етеді. «Қайран біздің әжелер арды ойлаған» деп те үлкендердің ұлағатты мектебін дәріптеп жатамыз. Сондай, ұлағат пен тәрбие мектебіне айналып кеткен жанның бірі – Шу ауданы, Балуан Шолақ ауылының 78 жастағы тұрғыны Күлән Анарбаева

Жалпы бұл ауылда 90 жасты а лқымдаған бірқатар әжелер бар. Олардың көш басында 88 жастағы Шымшық Мадалиева, 85 жастағы Тілеукүл Аханова тұрады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – ауылдың анасына айналған Күлән Жұмаханқызы. Ол кісінің атқарған өнегелі істеріне ауыл тегіс риза. Күлән Анарбаева ең алдымен тәрбиесі мен тағылымы мол ана.

Өмірлік серігі Әбдіғұл Таңатбаев екеуі алтын асықтай екі ұл, күміс қасықтай үш қыз тәрбиелеп өсірді. Сол перзенттерінен 13 немере, 17 шөбере сүйіп отыр. Онан соң ел танитын қасиеті ұстаздығы. Осы ауылдағы орта мектепте 40 жыл орыс тілінен сабақ берген ұстаз ретінде әр шаңыраққа сыйлы. Ол кезде ресми тілге деген талап күшті. Осы ауыл жастарының қазақ тілімен қатар, ресми тілді де жақсы меңгеріп, институтқа түсер кезде, жоғары оқу орындарында білім алу кезінде тілден қиналмауына тікелей ықпал еткен Күлән апай. Сол үшін де ауыл халқы ерекше құрметтейді. Ал, өзінің де қалай келін болғаны, өмірлік жарымен өткен сағынышты жылдардан айтатын естеліктері аз емес.

Сол отағасы Әбдіғұл Таңатбаев 2014 жылы 67 жасында бақилық болыпты. Әкелерінің адалдығы Ербол мен Еділ атты балаларына аумай қонған. Ол әрине жақсы қасиеттің жалғасуы. Қыздары Қалдыкүл, Сәндікүл, Сандуғаш та жақсы тәрбиемен өсті. Қазір үшеуі де тұрмыста, бір-бір әулеттің ұлағатты келіндері. Өсіп-өніп, көгеріп отыр. Күлән әженің тағы бір көңіліне тоқ санайтын ерекше қуанышы бар. Ол қолындағы Еділ деген баласының қызы Мейірім. Мейірім мектеп оқушысы кезінен талантты болды. Сабақты үздік оқумен қатар ақындығына да мән берді.

Аудандық, облыстық оқушылар мүшайрасында жеңімпаз атанған сәттері бар. Сол таудай талабымен Алматы қаласындағы маңдайалды университетке түсіп, филология мамандығын қызыл дипломмен бітіргелі жатыр. Оқушы күнінде әжесіне арнап: «Күлән апам – жыр дастан, айналасына нұр шашқан» деп өлең шумақтарын жазып жүретін де Мейірім.

Мейірім Еділқызы Алматының университетінде оқи жүріп, бірқатар шет мемлекеттерде білімін жетілдіріп қайтты. Мың студенттің арасынан сурылып шығып, шетелге жолдама алуы да үздіктің үздігінің қолынан келеді. Мейірімнің осындай батылдығы мен біліміне, қол жеткен жетістігіне Күлән апай дән риза. Күлән апаның тағы бір ерекшелігі, әншілігі мен қоғамдық жұмысқа белсенділігі. Ол кісі Балуан Шолақ ауылдық аналар кеңесінің мүшесі. Сонымен қатар, ауылдағы «Шуақты әжелер» ансамблінің белді мүшесі.

«Жеті қазына» тәрбие мектебінің мүшесі ретінде де жастармен жиі кездесіп, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп жүр. Жас буынға өсиет айтып, үлгі көрсетуден жалыққан емес. Әжелер ансамблі аудан көлеміне танымал. Бірнеше ауылдарға концерт қойып жүрміз. Біздікі жасымыз келгенде желік қуу емес.

Жастарға тағылымды халық әндері мен халық композиторларының әсерлі әндерін орындаймыз. Өнеріміз, әніміз жас отбасыларына ұнап, олардың тәрбиесіне әсер етсе дейміз. Отбасы құндылығын дәріптеп, жақсы әже болуға күш салып жүрміз. Алла сәтін салса «Хабар» арнасындағы Қайрат Әділгерей жүргізетін «Кел, шырқайық!» бағдарламасына да түссек деген жоспарымыз бар. Оны уақыт көрсетеді. Отбасы құндылығы – әр шаңырақта берілген жақсы тәрбие.

 

Есет ДОСАЛЫ

Шу ауданы