МӘМС: Келесі жылдан бастап не өзгереді?
Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға енгізілген өзгерістерді ресми бекітіп, құжатқа қол қойды. Бұл өзгерістердің қарапайым азаматтар мен жалпы жүйеге қалай әсер ететіні жайында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Қордың облыс бойынша филиалының директоры Ғайни Аймағанбетова бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, заңдағы өзгерістерге қатысты баспасөз конференциясын өткізді.
Бүгінде облыс бойынша 948 мың адам, яғни тұрғындардың 80,8 пайызы сақтандырылған. Дегенмен, облысымызда әлі де болса 225 мыңнан аса адам жүйеден тыс қалып отыр. Ал әлеуметтік, тұрмыстық деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы D және E деңгейі санаттарына жататын азаматтар саны 70 мыңның шамасын құрайды екен.
Халықты медициналық көмекпен қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі – медициналық сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығы. Осыған байланысты, 2026 жылдың қаңтарынан бастап жарналар мен аударымдарды есептеу үшін қолданылатын табыс көлемінің жоғарғы шегі де жаңартылады. Жұмыс берушілер үшін 40 ЕТЖ ең төменгі жалақы, ал қызметкерлер үшін – 20 ЕТЖ ең төменгі жалақы мөлшерінде болмақ. Аталған өзгеріс жүйенің қаржылық тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, азаматтардың денсаулық сақтау шығындарын өтеудегі жауапкершілікті әділ және теңдей бөлу қағидатын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері медициналық сақтандыруы жоқ кісі оқыс оқиғаға тап болып, құны қымбат күрделі ота жасатуға мәжбүр болса, ақысы қалай төленетінін сұрады. Шұғыл жағдайда қажетті ем тегін жасалады екен. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған немесе еш жерде тіркелмеген жұмыссыз азаматтар өз денсаулығы үшін медициналық сақтандыру қорына кез келген екінші деңгейлі банктің мобильді қосымшасы немесе пошта арқылы айына 4250 теңге төлеп отырса, қажет кезде медициналық тексерістерден де, тиісті ем-домын да алуына ешқандай кедергі болмайды.
Тағы бір айтарым, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға енгізілген өзгерістерді түсіндіру мақсатында Ғайни Аймағанбетова облыстық перинаталдық орталықта ардагерлермен және медициналық мекеме басшыларымен де кездесті.
Қамар ҚАРАСАЕВА