Экономика

Биыл 3805 тұрғынды баспанамен қамту жоспарланған

Халықты баспанамен қамтуда жыл сайын бюджеттен қомақты қаржы бөлініп келеді. Кезектегі тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету «Тұрғын үйкоммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде іске асырылуда. Тұжырымдама аясында биыл облыста 3 805 тұрғын баспаналы болмақ. Бұл туралы облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев айтты.

Басқарма басшысының сөзінше, бүгінде коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне 40 174 азамат тіркелген. Оның 30 045 азаматы әлеуметтік осал топтағы жандар. Биыл кезектегі азаматтарды әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етуге бюджеттен жалпы 36 миллиард теңге бөлінген. Аталған қаржыға 3 805 тұрғынға баспана беру жоспарланған болса, оның 1 865-і әлеуметтік осал топтағыларға берілмек.

Бұдан бөлек, облыста жеке тұрғын үй салу үшін жерге 206 941 азамат кезекке тіркелген. Соған сәйкес, бюджет қаражаты есебінен 61 инженерлік инфрақұрылым жобаларының құрылысына 7 949,1 миллиард теңге қаражат қаралып, бүгінгі күнге 12 инженерлік инфрақұрылым желілерінің құрылысы аяқталған.

Басқарма басшысының сөзінше, бұдан бөлек өңірде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне 26 инженерлік инфрақұрылым желілерінің құрылысына өтінім ұсынылып, қолдау тапқан.

 

Нұрболат АМАНБЕК