Елді мекендердің даму әлеуеті еселеп артып келеді
Бүгінде халықты әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мемлекеттің басты бағыттарының бірі. Аталған бағытта Қордай ауданында да қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, инженерлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында ауданда бірқатар жобалар қолға алынған. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай айтты.
Аудан орынбасарының сөзінше, аумақта 41 елді мекеннің 36-сы газбен қамтылған. Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылдық елді мекендердің даму әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған 12 жоба жүргізілуде.
Сонымен қатар ауданда Гвардейск қалашығының инженерлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында 6 жоба қолға алынған. Бұл бағытта жаңа қазандық салу мен жылу желілерін ауыстыру, сумен жабдықтау желілерін қайта құру, газбен жабдықтау, теміржол арқылы өтетін көпір салу және кәріз тазарту құрылымдарын қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Аталған алты жобаның жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу үшін мемлекет тарапынан 242,6 миллион теңге бөлінген.
Сонымен қатар ауданда Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін елді мекендерді 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамту тапсырмасы бойынша аудан әкімдігі тарапынан 8,6 миллиард теңгеге 10 ауыз су желілерінің құрылыстары аяқталған.
Аудан әкімі орынбасарының сөзінше, бүгінде ауданда жалпы ұзындығы 24,7 шақырымды құрайтын 42 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Нұрболат АМАНБЕК
Қордай ауданы