Экономика

Суғаратын судың 98 пайызын Оңтүстіктегі бес облыс пайдаланады

Жыл басында Мемлекет басшысы республикалық «Ana tili» басылымына берген сұхбатында қоғамдағы маңызды мәселелерге назар аударып, еліміздің әлеуметтікэкономикалық әлеуетін, егемендігін және халықаралық аренадағы орнын нығайта түсу – басты мақсат екенін атап өтті.

Сұхбатта Президент көктемгі су тасқынында халқымыз ынтымақтың озық үлгісін көрсеткенін тілге тиек етіп, азаматтардың қоршаған ортаны қорғауға қатысты жауапкершілігін арттыра түскен жасампаз жоба «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының маңызына тоқталды.

Апатты жағдайлардың алдын алу бойынша кешенді жоспар жасақталғанын атап өтіп, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасын табатындығын жеткізген болатын. Ел тарихында мұндай алапат тасқын бұрынсоңды болмағанын атап өткен Мемлекет басшысы олқылықтың орнын толтыру бағытында Парламентте жаңа Су кодексінің жобасы қаралып жатқандығына тоқталды.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта ел аумағындағы су қоймаларындағы су көлемі 19,2 миллиард текше метрді құрайды. Суармалы су көлемінің 98 пайызын оңтүстіктегі бес өңір – Жетісу, Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстары пайдаланады, бұл аймақтарда 1,2 миллион гектар жер суарылады. 15 шілдедегі жағдай бойынша әзірге 7 миллиард текше метр су жұмсалған, вегетациялық кезеңнің соңына дейін тағы 3,1 миллиард текше метр су берілмек. Бұл бағытта облыста вегетациялық кезең жоспарлы режимде өтуде.

Биылғы суару маусымында сәуірден қыркүйекке дейін Шу және Талас өзендерінің бассейні бойынша су берудің жиынтық жоспарлы көлемі 625 миллион текше метрді құрайды. Шілде айының басында Қордай ауданы Қайнар ауылындағы Шу өзенінде қосымша сорғы стансасы қосылды, бұл оның төменгі жағындағы учаскелерге су беруді арттыруға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, «Қазсушар» РМК филиалының күшімен Шу өзенінің учаскесі тазартылған.

Жалпы өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және егіс алқаптарын суармалы сумен қамту мәселесін шешу мақсатында халықаралық қаржы институттарының несиесі есебінен облыстың 6 ауданында су шаруашылығы және гидромелиоративтік жүйелерді қайта құру бойынша құны 37,4 миллиард теңгені құрайтын екі жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда жалпы ұзындығы 867,9 шақырымды құрайтын 315 каналдың 183-і жөндеуден өтіп, 47,5 мың гектар алқаптың ағын сумен қамтылу деңгейі артқан.

 

Нұрболат АМАНБЕК