Жаңалықтар

Қабір тонаушылардың темір қабылдайтын орындармен байланысы бар ма?

Қасиетті орындарды қиратып, жарамды заттарын ақшаға сатып, пайда көруді ел ішінде «вандализм» деп атайды. Мұндай «жабайы бизнес» елімізде әсіресе сонау 90-шы жылдары кең етек алды. Қаладағы кәріз құдықтарының қақпақтары қолды болды, электр бағаналарында ілулі тұрған сымдар шешіп алынып металлолом ретінде өткізілді. Бұл шабуылдан әруақтар мекені саналатын қасиетті орын – зираттар да тыс қалмады. Мысалы, Тараз қаласындағы «Зеленый ковер» аумағындағы зират ішіндегі шойын темірлі қоршауларды қиратып, қара металл қабылдайтын жерлерге сатып, пайда табу ісі ұзақ жылдар бойы тоқтамай келді.

Жоғарыда аты аталған зиратты қарауына алған мекеме – «Арнайы рәсімдік қызмет көрсету» ЖШС-нің директоры Қадырхан Абдуллаевтің айтуынша, зират ішін тонауды «кәсіп» еткен вандалдарды ұстау ісі соңғы 30 жылдың көлемінде тоқтаусыз жалғасып келе жатыр, яғни сонау 1996 жылдан бері қарай. Ол зиратты күзетуді қолға алған алғашқы жылы бар болғаны 2-ақ қабірдің тоналғанын көрген кезде-ақ бұл «бәленің» басы шығар деп топшылаған. Сонысы ақырында дөп келді. Директор қабір тонағыштарды сан мәрте өз қолымен ұстап алып, полиция бөлімшелеріне өткізіпті де. Тіпті осынысын айғақтайтын қолындағы фотосуреттері бұл күнде бір үлкен альбом болып қапты.

Алайда біздің көңілімізді бәрінен де мекеме басшысының белсенділігімен соңғы 25 жылдың ішінде «істі» болып ұсталған 300-ге жуық ұрының тек 60-ы ғана нағыз ұры ретінде жауапқа тартылып, қалғандарының қандайда бір ғажайып күштің әсерінен заң алдындағы жауапкершіліктерінен қашып, құтылып кетіп отырғандықтары қатты қынжылтады. 30 жылдық қызметтері барысында зират қызметшілері көресінің бәрін де көріп үлгерді десек, артық айтпаймыз. Олар кейбір қаскөй ұрылардың қайтыс болған адамның жерлеу рәсіміне соның туысы есебінде қатысып, қайғы жұтқан жанның кейпімен көзіне жас ала жүріп, соңынан арам әрекетін іске асырғандарын да көздерімен көрген.

Ұрлықты тыю үшін Қадырхан Абдуллаев бас болып күзетшілермен бірге түнгі күзет шарасын да ұйымдастырыпты. Күзет барысында олар қабірлердің арасына жасырынып, ұрылардың келуін күткен. Алайда күткен ұрыларының түнде емес, күндіз әрекеттеніп жүргендерін кейін білген. Сондай-ақ қаскөйлердің темір қоршауларды тонауда күн жарықта межеленген жерге келіп, шойын темірлерді дымқыл шүберекпен дыбысын шығармастай етіп қалыңдап орап, темір балғамен соққылап ұрып, қиратып алатындықтарын да кейіннен түсінген.

Айтары жоқ, мысалы, қаладағы ауған соғысы жауынгерлері жерленген жерлердегі көптеген қабірлердің мүлдем қоршаулары жоқ. Себебі бәрі ел аман, жұрт тынышта қолды болып кеткен.

Осылайша көз алдында орын алып жатқан қабір ұрлығының себебін саралап, соған тосқауыл қоюдың жайын ойластырғанда Қадырхан Абдуллаевті қазіргі таңдағы тірілер арасындағы қайтыс болған туыстарына арнап зәулім мазар орнатып, үлкен ескерткіш сомдау секілді бәсекежарыстың тоқтамай тұрғандығы көп алаңдатады. Өйткені ол мұндай амалдардың жаман ойлы жандарды жеңіл жолмен пайда табуға итермелеуі әбден мүмкін екендігін жақсы түсінеді. Бір өкініштісі, бұған шектеу қоюға оның пәрмені де, құқығы да жоқ.

Мұндайда тірінің өліге қандай, қалай құрмет көрсеткісі келетіндігі өзінің жеке шаруасы саналады. «Ас та, төк» тірлікке елдегі біреулер баршылығын көрсеткісі келіп барып жатса, енді біреулер мәрттігімен мақтанғысы кеп барып жатқандығы анық.

Өз кезегінде металл қабылдаушы орындардың қожайындары қара металл әкеп өткізушілерге артық сұрақ қоймайды. Мейлі олар бүтін қоршау мен мыстан қашалған ескерткішті тұтастай алып келіп тұрса да оларға бәрібір. Заттың ұрлықы немесе басқа екендігі маңызды емес. Зат – саудадағылар үшін бағасы бар тауар ғана.

Біз көтеріп отырған тақырыбымызға қатысты биылғы жылы қабір ұрлығы бойынша қандай да бір фактілердің тіркелген немесе тіркелмегендігін білмек болып Тараз қаласы полиция басқармасына ат басын бұрғанбыз. Атаулы басқарманың 2 полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторы бізге: «2025 жылдың басынан бері мерзімді уақытқа дейін облыс орталығында вандализм бойынша бірде-бір факт тіркелген жоқ» деген жауап қайтарды. Лайым, солай болғай. Мұны қуанышымызға орай дейміз бе, әлде бағымызға қарай дейміз бе, әйтеуір соңғы уақытта қабір ұрлығы саябырси бастапты.

Зират әкімшілігінің атына да қабірі қиратылған марқұмның туысы ретінде әзірге арыз-шағымын айтып келіп жатқан адамдар жоқ көрінеді. Бәлкім, бұған қазіргі экономикалық ахуал, қара лом қабылдаушылардың бағаны арзандатуы себепші болып тұрған шығар. Мүмкін, біз білмейтін басқа да бір себептері бар болар. Негізінде зираттағы қабірді қиратушы адам ұры-қары ғана емес, ең сорақысы қасиетті жерді ластаушы, әруақты қорлаушы.

Ендеше, ондай жанды тек ұры ретінде жауапқа тарту аз. Оны қоғамдағы жалпының атынан лағынеттеп, айыптау ләзім. Ал әлгіндей қарабеттің қолынан қара металл алушыларды ұрлықы затты қабылдаушы есебінде танып, соған сай жауапкершілікке тартқан дұрыс. Сонда ғана бұл кесапат тірлік толастайды, тоқырайды. Бастысы, мұнымен зиратты қорушылар мен құқық қорғау органдары ғана емес, бүкіл ел, қоғам болып күресуіміз қажет.

 

Талғат ТАЛАПҰЛЫ