Жаңалықтар

Инвестиция мәселесінде әлі де жұмысты жандандыру керек

Дамушы елдердің экономикалық климатын қалыптастыруда инвестиция тарту маңызды қадамдардың бірі саналады. Бұл бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырып, шетелден қаржы көзін тартудың жаңа тетіктерін қарастыру жөнінде ұдайы айтып, тиісті тапсырмалар беріп келеді. Облыста да инвестициялық жобалар есебінен бірқатар салаларда өсім байқалған. Бұл туралы аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде жанжақты айтылды.

Жиында облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева есепті кезеңдегі өңірдің экономикалық даму көрсеткішіне тоқталды.

Басқарма басшысының айтуынша, өнеркәсіптің 64 пайызын құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 401,9 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, химия, тамақ, құрылыс индустриясы, мұнай өңдеу мен машина жасау, қағаз өндірісі, резина және пластмасса салаларында өсім айтарлықтай артқан. Сондайақ ауыл шаруашылығы саласында жалпы 98,9 миллиард теңгеге өнім өндірілген.

Оның ішінде өсімдік шаруашылығында өнім көлемі 4,6 миллиард теңгені құраса, мал шаруашылығының өнімі 94,2 миллиард теңгеге жеткен. Бұл бағытта өңірлер бөлінісінде барлық аудандарда өсім байқалған. Десек те, есепті кезеңде облыста бірқатар салаларда, атап айтқанда, құрылыс, көлік және қоймалау, сауда бағыттарында тиісті межеге қол жеткізілмей келеді. Мәселен, жауаптылардың сөзінше, көлік және қоймалау саласында өсім транзиттік жүк көліктерінің азаюынан және жүк айналымының азаюынан орын алған.

Сонымен бірге әкімдік мәжілісінде облыста бюджеттің игерілу барысы қаралды. Ол жөнінде облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкектің баяндамасы тыңдалды. Батырхан Базарбайұлының айтуынша, есепті кезеңде облыс бюджетінің кірістері 102 миллиард теңгеге орындалған. Жиында бірқатар басқарма басшысы мен аудан әкімдері де баяндама жасап, өзекті мәселелер ортаға салынды.

Бұл ретте аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев денсаулық сақтау мен құқық қорғау салаларындағы демографиялық ахуал, жасөспірімдер қылмысындағы түйткілдерге айрықша тоқталып, басқарма басшыларына салаларда орын алған мәселелердің алдын алу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ өңір басшысы бірінші тоқсанда облыста көлік-логистика хабын құруды қолға алу туралы тапсырмасын еске салды. Бүгінде өңірде бұл бағытта барлық мүмкіндіктер қарастырылғанын атап өткен облыс әкімі жауаптылар істі ширатпаса тиісті шара қолданатынын қатаң ескертті.

Жиын соңында облыс әкімі Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес өңірлердегі атқарылған жұмыстың сапасы инвестиция тарту мен халықтың әл-ауқатына байланысты сараланатындығын алға тартып, бюджет қаражатын тиімді пайдалану арқылы даму көрсеткішіне қол жеткізу бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

 

Нұрболат АМАНБЕК