Жуалы енді өз минералды суымен мақтанбақ
Халықты тұрғын үймен қамту саясаты ел Президентінің басты назарында. Бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалар аясында өңірімізде кешенді жұмыстар іске асып келеді. Осы орайда облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің Жуалы ауданына жұмыс сапары аясында Б.Момышұлы ауылында жаңадан бой көтерген 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді.
Салтанатты іс-шарада аймақ басшысы пәтер иелерін қуанышымен құттықтады.
Бұл күні баспаналы болу бақытын сезінген жанның бірі – көпбалалы ана Роза Керімбаева болды. Ұзақ жылдар ауданның білім саласында қызмет еткен ол еңбегінің еленгеніне шынайы ризашылығын білдірді.
Жалпы аумағы 11 520,2 шаршы метр болатын нысанның құрылысын «Бином» ЖШС жүргізген.
Тұрғын үйлерде үш бөлмелік пәтерлер де бар. Айта кетейік, облыста тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту мақсатында жыл сайын құрылыс көлемі ұлғайып келеді. Өңірде өткен жылы пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 759 мың шаршы метрді құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 4,5 пайызға артқан. Ал биыл 765 мың шаршы метр тұрғын үй беру көзделген.
Бұл бағытта Жуалы ауданында да тұрғын үй кезегіне сұраныс артуда. Бүгінде ауданда кезекте тұрған тұрғындар саны 1074-ке жеткен. Соңғы үш жылда ауданда баспана кезегінде тұрған отбасыларға 18 пәтерлі екі үй берілген.
Тұрғындар талабы – басты назарда
Бұдан кейін аймақ басшысы жергілікті тұрғындармен кездесті. Мемлекет басшысының «Барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес өткен кездесуге салалық басқармалар мен құқық қорғау органдарының басшылары да қатысты. Жиында аудан әкімі Жалғас Мұртаза есеп беріп, негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерді арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Жалғас Әлижанұлының сөзінше, ауданда жалпы өнім көлемі жыл басынан бері 28,5 миллиард теңгені құрап, былтырғы жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда 12,4 пайызға өсім қалыптасқан. Ал өнеркәсіп көлемі 9,4 миллиард теңгені құрап, ауыл шаруашылығында 10,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Бұдан бөлек, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 4,2 миллиард теңгені құраған. Кездесуде өңірде жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталып өткен облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ауданның бірқатар бағыттағы әлеуетін тиімді пайдалану қажеттігін баса айтты.
Жиында жуалылықтар тері-жүн игеру бағытындағы цех ашу, төтенше жағдайда техника бөлу, «Қаралма» демалыс аймағы мен білім ошақтарының құрылысы, ауыз су мен көпір салуға қатысты мәселелерді көтерді. Облыс әкімі аудан басшылығына азаматтардың талаптілектерін назарға алып, жаңа жобаларды жүзеге асыру, ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару, жол қауіпсіздігі мен туризм саласы, білім ошақтарының жаңа оқу жылына дайындығын пысықтап, аталған жұмыстарды бақылауға алу қажеттігін тапсырды. Кездесу соңында аймақ басшысы бірқатар тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
«Ақсай Жуалы» кәсіпорны іске қосылды
Жұмыс сапары аясында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ауданда ауыз су өндіруге бағытталған жаңа өндіріс орны – «Ақсай Жуалы» кәсіпорнының ашылуына қатысты. Қайрат ауылында орналасқан кәсіптік нысан – өңірдегі экологиялық, әлеуметтік және экономикалық маңызға ие ауқымды жоба. 2023 жылы құрылысы басталған зауыттың жалпы құны 1,5 миллиард теңгені құрайды. Жоба жыл соңына дейін толық қуатында жұмыс істейтін болады. Қазірдің өзінде кәсіпорын тәулігіне 10- 15 тонна таза минералды су өндіріп отыр. Ал жоба толық іске қосылғанда бұл көрсеткіш 50- 60 тоннаға дейін артпақ. Кәсіпорынның ашылу салтанатында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бірегей жобаның экономикалық қана емес, әлеуметтік тұрғыда артықшылыққа ие екендігін жоғары бағалады.
«Ақсай Жуалы» брендімен шығатын минералды су өнімдері 0,5-тен 5 литрлік құтыларда тұтынушыға ұсынылады. Суды сүзу, тазарту және бөтелкеге құю үдерістері толықтай автоматтандырылған, заманауи желілер арқылы жүзеге асады. Барлық санитарлық-гигиеналық талаптар қатаң сақталады. Цехтың жылыту жүйесі табиғи газбен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда кәсіпорында 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта зауыт толық қуатына қосылғанда бұл көрсеткішті 50-60 адамға дейін арттыру көзделген. Бүгінде «Ақсай Жуалы» өнімдері облыстың бірнеше аудандарында және көршілес өңірлерде саудаға шығарылуда.
Жуалы ауданы
Нұрболат АМАНБЕК