Әдебиет

Өлеңдері қамшының өріміндей

«Әдебиет – ардың ісі» дейміз. Бұл сөздің қасиеті мен қадірін ұқтырса керек. Қазақ әдебиетінің арда туған дара тұлғаларын оқырман мойындамай тұра алмайды. Олардың жолы да, жөні де басқа. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы....», – деді хакім Абай. Бұл кез келген қалам ұстаған шабыт иелеріне шектеу жоқ, бірақ солардың арасынан таңдамасы суырылып шығады дегенді меңзейтін секілді.

Қазір Тараз қаласында тұратын ақын Рысқали Өміржанұлының есімін ұзақ жылдардан бері естіп келемін. Мақала, өлең жазатынын, бір кездері аудандық газетте істеген кездері туралы да хабардармыз. Нақтылап айтқанда Рысқали Өміржанұлы 1979-1988 жылдары табаны күректей 9 жыл Талас аудандық «Талас тынысы» газетінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарған. Газетте 9 жыл тер төгу – үлкен еңбек.

Редакция жұмысының қиындығын көрген соң, 9 күн істемей жатып басқа жұмыс іздейтіндер бар. Рысқали Өміржанұлының тағы бір көңіліне медеу тұтар ерекшелігі Оразбек Баймұратов, Әбдірахман Әбдірасілов деген екі бас редактордың тұсында еңбек етуі. Бұл екі азамат та Талас ауданына ерекше қадірлі, газет саласынан бөлек, басқару-ұйымдастыру ісінде із қалдырған тұлғалар еді.

Мұнан бөлек Таластан шыққан таланттар Нарша Қашағанұлы, Көсемәлі Сәттібайұлы, Серік Томанов, Қуан Әбдірахманов, Шорабек Айдаров, Телғара Үсенбаев, Баймаханбет Ахмет секілді үздіктермен редакцияда бірге қызмет жасауы. Осы азаматтардың барлығы кейінірек республика көлеміне танылды ғой. Ал енді Рысқалидың өзіне келсек. Редакцияны өз еркімен тастап, басқа жұмысқа ауысқан кезінде 34 жаста екен. Редакциядан кету – шығармашылықтан да кету. Адам еріккеннен жұмыс ауыстырмайды. Бірақ шіркін-ай, 34 жас дегеніңіз нағыз өндіріп жазатын уақыт қой. Осы тұста жалақының аздығы, тұрмыс тауқыметі тағы бір талантты қаламгердің жолына бөгет болды ма деген ой мазалайды. Бір сүйсінерлігі басқа салаға ауысса да, Рысқали өлең жазудан алыс кетпеген екен. Барған саласы – электр маманы. Соған қарамастан талай түндерді ізденіспен өткізіп, шабытын шақырғанға ұқсайды.

Жақында Тараз қаласындағы «Сенім» баспасынан Рысқали Өміржанұлының «Жанарымда тұнып қалған бір ғұмыр» атты жыр кітабы жарық көрді. Бұл – жақсы жаңалық. Бір дана кітап біздің қолға да тиді. Ақынның сырлары өлең боп өрілген кітапты асыға парақтадық. Жырларын қызыға оқыдық. Әшейін шала-шарпы, шикі күйде жазыла салған дүние емес. Өлеңге деген биік талғамы, жоғары жауапкершілігі байқалады. Суреттеу тәсілінде өзінше жол тапқан. Мәселен «Аппақ қар» өлеңінде:

Ақ қарға ирек із сызып,

Басымда сан ой қым-қуыт.

Бетімді шөп-шөп ерке қыз,

Аязға келем сүйдіріп, – дейді.

«Сары аяз» өлеңінде:

Қырау қонып қара тал бұтағына,

Қалды демде ақ мұртқа ұқсады да.

Атам жатыр қолының күші келмей,

Қатып қалған атының тұсауына, – деп суреттеуге ұмтылады.

Мысалы, осы көріністі барлық адам байқайды. Ақын Рысқали осы қимыл-қозғалыстың өзін теңеуге толы өлеңге айналдыра білген. «Өзгерер бәрі» өлеңі философиялық ойларға толы:

Барды базарлап, тырбанып өмір кешеміз,

Тағдырға талай кетіп жүргендей есеміз.

Өмірді қия алмай, күн кешсек те қиялдай,

Бір күні әйтеуір, өмірден біздер өтеміз, – деп толғанады.

«Биікке қанат қаққандай,

Алтыннан алқа таққандай.

Аяқтан мені шаласың,

Қарық боп мен бір жатқандай,

Ей, менің тастай тағдырым! – деген жыр жолдары сонша әсерлі.

Ақынның «Сені ұмыту мүмкін бе?», «Қуаныш», «Өтті көктем», «Кездесер ме екенбіз?» өлеңдері әнге сұранып тұрғандай.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы